19 сәу, 2017 сағат 18:17

Тасқын су кезінде оқулығынан айырылған ақтөбелік оқушы сабағын жалғастырды (Видео)

Бірнеше күн бұрын Ақтөбе қаласы, Махамбетовка ауылындағы тасқын су кезінде 10 жастағы Махаббат Ешімованың бүкіл оқулығы суға кетіп қалған болатын. Бүгін жергілікті әкімдік оның бар-жоғын түгендеп бергенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы, Махамбетовка ауылының бар зары бір оқушының көз жасымен есте қалды. 10 жастағы Махаббат Ешімова өз ойын ашық жеткізіп, су тасқынына жауапты басшылардан топан судың себебін сұрады. Жүрегі ауыратын ата-анасына уайымдаған оқушының отбасы өзгелер секілді қолына іліккенін құтқарды. Құжаттарынан өзгесі су ішінде тұр. Мектеп оқушысы қоғамдағы бұл дүрбелеңді көріп, өз басындағы ауыр халді баяндады. Оқулығының суда қалғанын айтып, көптің көңілін босатты.

Ал бүгін «Ақтөбе ақпарат» орталығы Махаббат Ешімованың отбасына әлеуметтік көмек берілгенін жеткізді.

«Тасқыннан зардап шеккен ақтөбелік отбасылардың балалары оқулықтармен қамтамасыз етіліп, сабаққа барып жүр. Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен өзге отбасыларға секілді 10 жасар Махабат Ешимованың отбасына да барлық қажетті әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Бейнежолдауға қала билігі жедел әрекет етіп, қазіргі таңда Махаббат пен оның анасы Тұрғангүл Ешимова уақытша тұрып жатқан №40 мектепке барып қайтты. Баланың өтініш-арызын қала әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева тыңдады. Тасқыннан зардап шеккен өзге отбасылардың балалары секілді бұл оқушы да мектепке қажетті барлық құрал-жабдықтармен және оқулықтармен қамтамасыз етілді», - деп хабарлады «Ақтөбе-ақпарат» орталығы.