16 қар, 2018 сағат 11:09

Тарихта тұңғыш рет қазақстандық шахматшы ӘЧ ширек финалына шықты

Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өтіп жатқан шахматтан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты қарашаның 23 жұлдызына дейін жалғаспақ. Жерлесіміз Жансая Әбдімәлік жарыстың ¼ финалына шығып, отандық шахмат тарихында бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетіп отыр. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін Қазақстанның шахмат тарихында спортшылардың төртінші раундқа дейін жеткен жетістігі болған емес. Мұндай дәрежеге алғаш рет Жансая Әбдімәлік жетіп отыр.

«Ересектер арасында қатысып жатқан алғашқы чемпионатым. Маған оңай болмайтынын түсіндім. Себебі қарсыластарым – тәжірибелі, титулы көп спортшылар. Бұған дейін жасөспірімдер мен 20 жасқа дейінгілердің арасында әлем чемпионатында жеңгенмін», - деп бөлісті Жансая.

Ханты-Мансийскідегі «Угра» шахмат академиясына әлемнің 29 елінен 64 үздік спортшы Әлем чемпионы атануға жиналды. Жарыс нокаут-турнир жүйесі бойынша өтіп жатыр. Яғни, ойыншы бір рет жеңілсе, жарыстан шығып қалады. Әр раунд сайын қатысушылардың саны екі есе азая береді.