10 мау, 2019 сағат 07:32

Тараздықтар су шығындарын интернет арқылы төлей алатын болды

Жақында Жамбыл облысындағы «Тараз Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында цифрландырылған жаңа орталық ашылды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында ашылған бұл орталық халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді. 

«Адамдарға бұдан былай ұзын-сонар кезекке тұрудың қажеті болмайды. Өйткені, мұнда электронды кезек терминалдары орнатылған. Бұған қоса, үйден шықпай-ақ, есеп-шоттарды төлеуге, қажетті сауалдарды шешуге болады. Ал егер қажет деп тапса, операциялық залға келіп, мамандардың көмегіне жүгінсе болады», – дейді «Тараз Су» коммуналдық кәсіпорны директорының орынбасары Гүлмира Тоқаева.

Оның сөзінше, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін осындай электрондық орталықтарды ашқан абзал. Мұнда бір тәулік ішінде мыңдаған азаматқа қызмет көрсетуге мүмкіндік бар.

Өңірде былтырғы жылы қалалық сумен қамту жүйесі автоматтандырылса, жуырда «ақылды квартал» жобасы енгізіледі деп күтілуде. Жоспарға сәйкес, Тараздағы 315 көпқабатты тұрғын үй «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйесіне қосылатын болады. Бұған қоса, коммуналдық төлемдердің бірыңғай есеп айырысу орталығы да бой көтермек. 

Жамбыл облысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында «Смарт Тараз» жобасы жасалу үстінде. Ол өз кезегінде 20 жобаны өзіне біріктірген. Бұл жобалардың қатарына: білім, денсаулық сақтау, ТКШ (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы), транспорт, агроөнеркәсіп кешені және қауіпсіздік салалары кіреді. 

Айта кетсек, аймақтағы жергілікті халықтың 99 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген. Яғни, өңірде 378 елдімекен болса, соның 347-сі интернетпен жабдықталған. Ендігі кезекте интернет жылдамдығын одан әрі арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.