09 сәу, 2020 сағат 06:05

Таразда көпқабатты тұрғын үйдің бір кіреберісі карантинге жабылды

Таразда бұған дейін коронавирус инфекциясы анықталған 86 жастағы әйел тұрған «Қарасу алқабы» шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылды. Қазір науқас инфекциялық стационарда ем алуда, - деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Эпидемиологиялық тексеру барысында оның 17 наурызда Алматыдан келген жақын туысымен байланыста болғаны анықталды. Байланыста болған барлығы 5 адам анықталып, карантинге орналастырылды.

Подъез бен пәтерде дезинфекциялау жүргізілді. Осы подъездегі 27 тұрғыны 14 күнге оқшауланып, пәтерінен шығуға тыйым салынды. Олармен тиісті мамандар әңгімелесіп, өзін-өзі оқшаулаудың маңызын түсіндірді. Подъезде полиция қызметкерлері кезекшілік етуде.

Тұрғындарды Тараз қаласының әкімдігі қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етеді.

Жалпы өңірде 45 коронавирус оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 11 адам шекаралық өткізу бекетінен өткенде анықталған. Ал 6 адам Делиден келген. Тараз қаласында 5 оқиға, Қордай ауданында – 18, Меркі ауданында – 2, Шу, Мойынқұм және Жамбыл ауданында – бір-біреуден тіркелген.