13 қар, 2017 сағат 09:41

Таразда "Ancient Taraz-2017" халықаралық туристік форумы ашылды

Бүгін Тараз қаласында «ANCIENT TARAZ – 2017» Халықаралық туристік форумы мен халықаралық көрменің ресми ашылуы болып өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы Әкімдігінің кəсіпкерлік жəне индустриялық-инновациялық даму Басқармасының «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығы» КММ ұйымдастырды.

Форум жұмысына Еуропа, Қытай, Түркия, Солтүстік Кипр, Әзірбайжан және Орталық Азия елдерінің өкілдері қатысуда.

Форум қатысушыларының алдында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО-ның Кластерлік Бюросының директоры Пиккат Крист мырза сөз сөйледі.

Жоғары мәртебелі қонақтар Форум қатысушыларына бірлескен ниеттер мен жобаларды іске асыру үшін тәжірибелік шешімдерді іздеу жолында өнімді жұмыс тіледі.

Форумның басты тақырыптары Жамбыл облысының туристік әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын дамыту, бәсекеге қабілетті туристік өнімдерді қалыптастыру жолында аймақаралық және халықаралық ынтымақтастықтың жаңа формалары, түрлі мақсатты аудиторияларға «ANCIENT TARAZ» туристік сауда белгісін жылжыту, туристік қызмет сапасын арттыру, аймақтың туристік инфрақұрылымын салу және жаңғырту мәселелерінің төңірегінде өрбіді.

Форум ұйымдастырушыларының пікірі бойынша, «ANCIENT TARAZ» аймақтық туристік сауда белгісі өзіміздің туристермен қатар басқа елдің де туристері үшін келешегі зор тартымды орталық болып табылады. Жамбыл облысы, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарымен қатар, «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» туристік кластеріне кіреді.ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енетін Ұлы Жібек жолында орналасқан бес мемлекеттік табиғи қаумалдар мен бес мәдениет ескерткіштерінің болуы аймақты көптеген туристер үшін өте тартымды етеді.

«Қазақстан аймақтарында «ANCIENT TARAZ» секілді сапалы туристік сауда белгілерін құру және жылжыту ішкі, әрі кіру туристік ағындарының өсуіне себепкер болады. Жамбыл облысының әлеуеті зор. Мұнда 3365 тарихи-мәдени ескерткіштер, соның ішінде 2934 археология ескерткіштері, 111 тарих ескерткіштері, 97 архитектура ескерткіштері мен 28 монументалды өнер ескерткіштері бар. Қазір біз өзіміздің туристік өнімімізді республика мен одан тыс аумақта жылжытудың жоспарын құруға, сондай-ақ, қызмет пен инфрақұрылым сапасын арттыруға тиіспіз. Ұйымдастырушылар бұл Форум осы міндеттердің барлығының шешілуіне ықпал етеді деген сенімде», - деп атап өтті Форум ашылуында Қазақстандық туристік қауымдастықтың директоры Рашида Шайкенова.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында 44 туристік фирма, 150 қонақүй, 1 киіз үйлі қалашық, 8 демалыс аймақтары, 10 балаларға арналған сауықтыру лагерьлері, бірегей емдік қасиетке ие балшықтары мен минералды сулары бар 5 шипажайлық-курорттық сауықтыру орындары қызмет етеді.

Облыста аймақтағы туризм туралы барлық ақпарат ұсынылатын Туристік ақпараттық орталық құрылған мұнда облысқа келген әрбір турист өзіне қажетті пайдалы ақпаратқа қаныға алады. Орталық «бір терезе» қағидасымен қызмет етіп, туристті тіркеуден бастап, турлар мен бағыттарды таңдауға дейінгі қызметтердің толық қатарын қамтамасыз етеді.

«ANCIENT TARAZ – 2017» Халықаралық туристік форумы мен халықаралық көрме қарсаңында қала билігі Жамбыл облысының туристік мүмкіндіктерін әйгілеу мақсатында қытай және отандық туроператорларға арналған ақпараттық-таныстырымдық саяхаттар өткізді.

Форум аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақстанның Ұлы Жібек жолы бойымен саяхат» Халықаралық Фестивалі, сондай-ақ, Жамбыл облысының Әкімдігінің кəсіпкерлік жəне индустриялық-инновациялық даму Басқармасының қолдауымен «TARAZ FASHION DAY» Іс-шарасы өтті.