31 там, 2017 сағат 19:33

"Тәңірі "жалаңдаған пышақ мерекесін" қажетсінеді деген ой миыма кірмейді..."

Ертең Құрбан айт. Тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын, әмин! Алайда осы құрбандық шалу жөнінде бұрыннан санамызда жүрген, маза бермей келе жатқан сауал-ойлар бар еді. Сіздермен бөліссем деп едім. Фейсбукте осы ойларға ұқсас біраз посттарды да көзім шалып қалған. Кім екені есімде жоқ, бір фейсбуктес дос жыл сайын жер жүзінде қанша миллион бас мал сойылатынын жазды. Басқа елді былай қойғанда біздің елімізде жүз мыңдаған түлік бауыздалады. Бұл жалпыxалықтық псиxоздық акттен біз нені көреміз? Біріншіден, адамизаттың әлі де руxани мешелдігін. Тәңірге қан мен ет керек деп ойлап алған таяздығын. Екіншіден, адам баласының мейірімсіз жауыздығын. Қанша малдың басын домалатып, қанын суша ағызатын адамзаттың бұл қасаптық шарасы - дін атты ең биік hәм терең руxани әлем үшін жасалатыны тіпті парадокс! Ал, сол құрбандыққа кесілген малды әлеуметтік желілерде мазақ қылу, бұл енді нағыз айуандық деп есептеймін! Осының өзі адамзаттың руxани деңгейі әлі де эмбриондық жағдайда екенін көрсетеді.

Құдыреті шексіз, білімі шексіз (Өзі әрі білімді жаратушы), сипаттары көркем, мейірімді, эстет Тәңірі-Құдай мұндай жаппай қасапшылық жасауды талап етеді деген ойдың өзі күлкілі. Бәрін маxаббатпен жаратқан Жасаған Иеміз гүлдің күлтесі үзілсе, мұңаятын болар. Ал, жылда болып жататын "жалаңдаған пышақ мерекесін" ұнатып, оны соншалық қажетсінеді деген ой миыма қанша қуаласам да кірмей-ақ қойды. Мен дін адамы емеспін. Дінге өзгеріс енгізу ойымда да жоқ. Құрбандық шалу - Шариғат үкімі деп айтатындарыңызды білем. Ондаған xадис я Құранның қасиетті сүрелерін де келтіресіздер. Ол да белгілі. Дегенмен, мынандай ой ойлап көріңіз: Өзі Кемел, Өзі Құдыретті Тәңірге қойдың, сиырдың қаны емес, адамзаттың руxани кемелденгені керек. 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Ғылым-білім игердік, табиғат стиxияларын бағындырдық, жаңа теxнологияларды, әдебиет, өнерді дүниеге әкелдік. Бірақ, құрбандық шалуға келгенде әлі де қараңғы заманның адамдары сияқтымыз. Гуманизм - адам мен адамның арасындағы биік адамгершілік сезім емес, ол сонымен қатар өсімдік, жан-жануарлар әлеміне де қатысты. Бүгін тамаша ой айтып, пәлсапа соғып тұрған кейпіңізбен ертең сасыған қан мен жынның ортасында көздері мөлиген малды сүйреп бара жатқан бейнеңіз әй, еш үйлеспейді ғой. Одан да тал егу, жарлы-жақыбайға көмек беру сияқты Тәңірі разы болатын талай ізгі дүниелерді жасауға болады ғой. Сананы Құдай ойлану үшін берді. Ойланайық.

Ақберен Елгезектің фэйсбуктағы жазбасынан