14 там, 2016 сағат 17:46

Талғат Кеңесбаев. Үнсіз нота (әңгіме)

Семейден кеткен жылы жазушы қатты ауырып қалған. Әрине, біреулер оның төртінші әйелінен ажырасынан көрген. Алдыңғы үшеуі де жаман адамдар емес еді. Бар күнә расында жазушының мінезінен еді. Түн жарымда үйінің есігін теуіп ашып кафе-ресторан, бильярд клубын аралап кететін еді. Таңертең қонақ үйдің бір бөлмесінде бүк түсіп жататын еді. Жазушының бір ғана төрт әйеліне жасаған жақсылығы - у-шусыз дүниені бөліспей, ұрыс-керіссіз қай-қайсысына баспанасын тастап кететіндігі. Астананың орталығынан бір бөлме, Талғардан бір дача, алып жаз бойы сонда болатын. Өндіріп-ақ жазды, шетелге танылған бойда қаламақы қайта біте бастады. Омбыдан келе жатып Павлодарға тоқтаған бір жылы Ертістің жағасындағы жаңадан салынған үйден бір бөлмелі пәтер сатып алып, ішін бір ай жөнге келтіреді. Ең соңғы үлгідегі лифтісі оныншы қабатқа қас-қағымда жеткізеді. Әдеттегіндей биллиард клубына барғанында жүрек талмасына ұшырайды. Көзін ашса, білегін ұстап мойылдай қара көздеріне жас келіп: 

- Аға, қалайсыз? – деген сұлу келіншекті көрді. 
- Мен қайдамын? – дегенді әрең айтты.
- Дәрігерлер сізді аман қалып қалды ғой... 

Қайтадан талықсып ұйықтап кетті. Бір ай ауруханада болғанында жанынан әлгі сұлу келіншек қасынан кетпейтін. Екеуі әңгімелесетін. Әңгіменің арты ағайынды қарындастай жақындастыққа әкелген. Жазушы оған бауыр басып қалған. Бір күні:
- Аға, рұқсат болса, киімдеріңізді тазалап жуып әкелейін, мен жақын жерде жатақханада тұрамын.
- О не дегенің, арнайы жуатын орындар бар ғой. 
- Менде кір жуғыш машина бар. Жақында кредитке алғам, - деп ұзын кірпіктерін қаға сөйледі сұлу келіншек. 
- Айечка, күйеу бала не істейді?
Келіншек басын шайқады.
- Түсінікті... – деді Жазушы. – Жас адамсың, жалғыз болма, айналайын. 
- Бір-ақ адамды сүйдім, аға. Ол керемет музыкант еді, шіркін! – деп күрсінді де: «Мен сізді үйде күтемін, аға», - деді.
- Айя, сен ештеңеге әуре болмашы, айналайын. Дәрігерлер мені ертең шығаратын болды. Бір жерден түстенейік, қаласаң. 
- Тек ресторан емес. Менің жатақханадағы бөлмеме қонаққа келіңіз.
- Әуре боп қайтесің? Ресторан бар емес пе бұл қалада? – деп күлді Жазушы.
- Аға, сіз менің ағамсыз. Менен тура он алты жас үлкен екенсіз, - деді медбике қыз. Мен сіздің «Ыстық көлдің салқыны» деген повестіңізді оқыдым. Настоящий про любовь қой! Ой, подругаларым да оқып жылады ғой бәрі!

Жазушы тұңғиық көздеріне қарап оның айтқанынан қайтпайтын екендігін біле қойды. 

- Ертең қай уақытта барайын? 
- Түсте анау тұрған теректің артындағы подъездің төртінші қабатында тұрамын. №31 бөлме. Күтемін сізді. Тұшпара түйіп қоямын. Сорпасын ұнататын боларсыз?!.
- Сенің қолыңнан у ішсем де ризамын!
- Ой, ағашка, қойсаңыздаршы осындайларыңызды!Жасыңыз 55-ке келді. Ұят емес пе, өзіңізден көп жас кіші келіншекке солай айта ма екен?!
- Түсіндім, барамын. 
- Как раз демалысым еді ертең.

Ертеңінде ауруханадан қағаздарын реттеп, емхананың басшысы Елдос Оралхановичке алғысын айтып, дәрігерлерге супермаркеттен оны-мұны беріп, артынша Айяның жатақханасына келді.

- Ооо, аға, қош келдіңіз! Төрлетіңіз!
Жазушы келіншекті бірінші рет көргендей сұқтана қарады. Қап-қара шашы иығына төгілген, ақ тамағы бүлкілдеп, қып-қызыл бүлдіргендей еріннің астынан маржандай ақ тістері тізілген, кеудесіндегі қос анары тепсініп тұр, белі шыркін үзіліп кетердей, оқтаудай аяқтары, балтыры жұп-жұмыр екен. Әйел затынан мол тәжірибесі бар жазушы көзқарасын жасырғысы келгендей терезе жаққа қарап: «Мәә, қар жауып кетіпті ғой», - деді. 

- Өзіңіздің күртешеңізді беріңіз, іліп қояйын, - деді Айя. Жазушы жымиып күлді де, шағын дастарханның төріне барып отырды. Алдына үлкен кесемен келген дәммнің қош иісі мұрнын жарып барады. 

- Аға, дәм ала отырыңыз.
Неше күн дәрі-дәрмек ішкен Жазушы асқазанына дәмді тағам барған соң борша-борша терлемесі бар ма? Дәл бір моншаға түскендей болып еді-ау. Айяның үйінен шығып бара жатып конвертке салынған екі мың доллар мен жаңа үйінің екінші кілтін тастап кетті.

- Қарындасым, менің үйіме бас-көз боларсың. Жаңа өзің келісіміңді бергеннен кейін солай деп айтып тұрмын, - деп, бөлмеден шығып кетті.

Келіншек ақырын ғана күліп басын изеді. Одан кейін жазушы Новосібір, Мәскеу, Моңғолия сапарларына осы Павлодар арқылы жүргенде үйінің таза болып тұратынына риза болатын. Тіпті, шетелде жүргенде Айяның телефонына қоңырау шалып:
- Гүлдерді суардың ба? Олар да сен сияқты әдемі ғой! – деп жарқылдай күлетін.
Жазушы бүгін де Керекуге келе жатыр. Аспаннан түсіп жер басқаннан кейін Айяға телефон соқты:
- Мен келдім, айналайын! Рестораннан тамақтанайық.
- Жоқ, аға, мен сіздің үйіңізге келдім. Ет асып жатырмын. Саржалдың қымызын алып қойдым. Никакой ресторан! Үйіңізге келіңіз. 

Мәскеуден алған сый-сияпатын ұсынды келіншекке. Вискиді журнал үстелінің үстіне қойды. Жазушы шыдамады, бас сап аймалай бастады сұлуды.
- Аға, қойыңызшы!Бұныңыз не? - деп дауысы әлсірей бастады.
Жазушының есіне виаграны ішпегені түсе кетті де:
- Айналайын, жуынып келесің бе? - деді. Келіншек үнсіз басын изеп, ванна жаққа кетті. Жазушы тез-тез сөмкесін ақтарып дәрісін ішіп үлгерді. «Енді жарты сағат өтсе болды» деді іштей. Сәл кешігіп орамалға оранған сұлу келіншек шықты. Әлде шампунь, әлде өзінің табиғи «аромат» иісін сезді Жазушы. Бас сап келіншекті сүйгісі келіп еді:
- Аға, сіз де «как цивилизованные люди» жуынып келіңіз. Жазушы ваннаға кіріп кетті. Шала-шарпы жуынып атып шықса, өз көзіне өзі сенбеді. Келіншек апыл-ғұпыл киініп жатыр екен.
- Не болды, айналайын?
- Аға, ол тірі. Мен сезгенмін... оның тірі екенін, - деді көзі боталап.
- Кімнің?

Сырттан ән естіліп тұрған еді. 
... Өртеніп жаным,
Сүйдім мен сені.
Шын сырыңды,
Түйдім тұмар ғып...
- Әне, әне, аға! Өз дауысымен, ол тірі... Мен оны сүйемін... шексіз... 
Жазушы не айтарын білмей сілейіп орнында тұрып қалған кезде келіншек үйден шығып үлгерді де, лифтімен төмен түсіп кетті.

Жазушы не киінерін, не киінбесін білмей терезенің алдына барды. Ән естіліп тұрды. Жазушының көзі терезе жақтауындағы алтын алқасына түсті. Алқаның ортасында ойылған нота тұрған екен. 

... Мен сендей жаным,
Кінәлі емеспін.
Өртеніп жаным,
Сүйгенім үшін ...
Жауын астымен Айя Ертіске қарай жүгіріп бара жатыр. «Бұл келіншектің жүрегін жаулаған кім?». Қолына Айяның ноталы алтын алқасын ұстап тұрып күрсінді Жазушы. 
Жауап орнына қызыл тілін жалаң еткізіп найзағай ойнады... 

Талғат Кеңесбаев

Ұлт порталы