05 қыр, 2016 сағат 07:35

"Міне, елтаңба, одан төменіректе жүрек. Осы үшін ойнаңдар!"

Баспасөз мәслихаты залына кірген Талғат Байсуфиновке журналистер бір минут бойы тік тұрып қошемет көрсетті. Шыны керек, мұндай қошеметке осы уақытқа дейін ұлттық құраманың бірде-бір бас бапкері ие болмаған еді. Туған күнімен құттықтаған журналистерге алғысын жаудырған Маруанұлы баспасөз мәслихатында кеңінен көсілді. Бұл туралы sportsffa.kz сайты жазды.

– Талғат Маруанұлы, ойын жайлы ойыңызды білсек. Көңіліңізден шықты ма? 

– Ойыннан кейін футболшылардың барлығына барша қазақстандық жанкүйерлердің атынан алғыс айттым. Туған күніме жақсы сыйлық жасады. Бүгін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығардық». Командадағы ардагер ойыншыларға да ерекше рахмет айтқым келеді. Кейбірі алаңға шықпаса да, біздің қасымызда жүріп жастардың осылай көсіле шабуы үшін қолдарынан келгеннің барлығын жасады. Шыны керек, тең ойнағанымызға қуанып тұрған жоқпын. Матч алдында алаңға тек жеңіс үшін шығатынымызды айтқанмын. Шынымен де, жеңіске лайық өнер көрсеттік. Сондықтан, тең түскенімізден гөрі екі ұпайдан айрылып қалғанымызға өкінемін. Бірақ 0:2 есебімен жеңіліп жатып, екі гол соғу оңай болған жоқ.

– Бүгінгі негізгі құрамды дәл қазіргі таңдағы еліміздің ең үздік футболшылары деп айтуға бола ма?

– Әрине, солай. Бүгін біз ең мықтыларды шығардық. Дегенмен, Юрий Логвиненко мен Таңат Нөсербаевтың жарақат алып қалғандары жаман болды. Олардың бұл ойында көмектері көп тиетін еді. Жалпы, ұлттық құрамаға шынымен де ең үздіктер жиналған. Біз бас командамызға ойыншылар шақыру стратегиясындағы осы бағытымыздан таймауымыз қажет. Рас, жастарды да шақырып көргім келген. Бірақ Қазақстан жастар құрамасы да өз ойынын күні кеше ғана өткізді. Ол жақта да дарынды, талантты ойыншылар бар. Сонымен қатар, тәжірибелі ойыншылардан да бас тартпаймыз. Олар команданың аурасын ұстап тұру үшін өте керек. Жалпы, өздерін көрсеткен барлық ойыншыларға есігіміз ашық.

– Үзілістен кейін футболшыларымыздың ойыны адам танымастай өзгерді. Бірнәрсе дедіңіз бе?

– Футболшыларыма риза болатыным, айтқызбай-ақ түсінеді ғой мені. Артық ешнәрсе демедім. Тек үстіндегі формаларын көрсеттім де, «міне, елтаңба, одан төменіректе жүрек. Осы үшін ойнаңдар!» дедім. Сөздерім футболшылардың жүректеріне дөп тигеніне ризамын. Негізі, бірінші таймның соңында-ақ ойынымыз жүре бастады. Тек үзілістен кейін соның барлығын жетесіне дейін жеткізу қажет болды. Екінші таймда Серікжан Мужиков пен Баторик Исламхан белсенді ойнап, ойын тізгінін өз қолдарына ала бастады. Соның арқасында ойын өрнегімізге береке кіріп, екі шабуылымыз соңына дейін жетті.

– Мақтаулы Роберт Левандовски бүгін қақпамызға тек пенальтиден ғана гол соға алды. Оның аяғын тұсаулап тастадық деп айта аламыз ба?

– Бұл аты шыққан шабуылшы бірінші ретте проблеманы өзінен іздеу керек шығар. Бірақ, шынымен де бүгін қорғаушыларымыз Левандовскиге қарсы жақсы ойнап, оған артық қимыл жасатқан жоқ.

– Бірінші таймда төрешілер бізге қарсы бей-берекет көп ысқырғандай көрінді. Олардың қызметіне қандай баға бересіз?

– Мұндай ойындарда төрешілік көп айтпаймыз ғой. Бірақ, өзіңіз де көрдіңіздер, бірінші таймда ойыншыларымызды қысып ұстады. Қит етсе, ысқыра жөнеліп, жиі тоқтатып тастап жатты. Бәлкім, мұның барлығы әлі халықаралық аренада беделіміздің аздығынан шығар. Ал екінші таймда алаң қожайыны кім екенін түсінді ғой деймін. Қызметі көңілімнен шықты. Үзілістен кейін аздап еркіндік берген еді, футболшыларымыздың да ойындары жүріп, көсіле бастадық.

– Соңғы бір жарым жылда қай қарсыласқа қарсы болмасын, ұлттық құрамамыз төрт қорғаушымен ойнаушы еді. Неліктен бүгін және өткенде қырғыздарға қарсы бес қорғаушымен ойнадық?

– Иә, ұлттық құраманы алғаш қолға алған сәтімде команда 4-2-3-1 жүйесі бойынша ойнайтын. Содан мен өзіме «бар нәрсені бүлдіріп алмай, жетілдіре түсуім керек» деген мақсат қойдым. Иә, төрт қорғаушыдан тұратын тактиканың көмегіне жүгінеміз. Одан біржола бас тартқан жоқпыз. Дегенмен, негізгі қорғаушымыз Юра Логвиненко жарақат алып қалғаннан кейін ойынға осындай өзгерістер енгізуімізге тура келді. Дегенмен, байқаған болсаңыздар, бүгін біз 5-3-2 жүйесінде емес, 3-5-2 жүйесінде ойнадық. Яғни, үш орталық қорғаушымыз болды. Ал латеральдардың негізгі міндеттері шабуыл болды. Біз қапталдағы қорғаушыларымыздан бірінші ретте шабуылдауды сұрадық. Бұл модельді қырғыздарға қарсы ойында да пайдаланып көргенбіз. Нәтижесі, жаман емес. Жеңіп кеткенімізде тіптен қатып кетер еді.