01 қар, 2016 сағат 13:39

Талдықорғанда жаңа театр салынады

Талдықорған қаласының әсем келбеті тағы бір жаңа ғимаратпен толықпақ. Жарты ғасырға жуық уақыт бейімделген ғимаратта жұмыс істеп келе жатқан Б.Римова атындағы драма театрының ұжымы үшін бұл ғимараттың орны ерекше болғалы тұр. 

Жуырда Алматы облысының орталы­ғында жаңа драма театрының қазығы қағылды. 510 орынға арналған заманауи үлгідегі 3 қабатты мәдениет ошағы қаланың жаңадан бой көтеріп келе жатқан оңтүстік-батыс ауданында орналаспақ. Ғимараттың қазығын қағып, капсуласын салу рәсімін облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге Қазақстанның халық артистері, белгілі театр және кино актері Досқан Жолжақсынов, талантты режиссер Талғат Теменов, театр артисі Алмахан Кенжебекова, сонымен қатар киноактер Әлімғазы Райымбек атқарды.

Жетісулық өнерсүйер қауымды айтулы оқиғамен құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өнерге деген зор қамқорлығының арқасында осы ғимаратты салуға қол жеткізіліп отырғанын атап өтті.

– Тәуелсіздіктің 25 жылдығында Талдықорғанның жаңа шағын ауданында құрылысы жүріп жатқан Салтанат сарайының, Көрме павильонының жанынан осы ғимараттарға сәулеттік жағынан үйлесімі мол жаңа драма театры да салынбақшы. Акустикасы, сахнасы, актерлер бөлмесі, театр ғимаратының өзіне ғана тән басқа да ерекшеліктерінің барлығы да ескеріліп, театр барлық параметрлерге сай, жоғары талғаммен жасалатын болады.Өнер қамқорлық жасағанда ғана өседі. Мәдениет пен өнеріміз өркендеп, өсе берсін, жаңа салынатын театр Жетісу халқының қуанышына қызмет етсін, – деді облыс әкімі А. Баталов.

Осындай ізгі тілектерін алыстан келген өнер тарландары да білдіріп, облыс халқының қуанышына ортақтасты. Досқан Жолжақсынов: «Дәрігер адамның тәнін емдесе, өнер адамның жанын емдейді. Сол өнердің ішінде театрдың орны ерекше. Бүгінгі жаңа театрдың құрылысын бастау рәсімі – мәдениет үшін аса іргелі оқиға. Осы қуаныштарымен Жетісу халқын, театр ұжымын шын жүректен құттықтаймын» деді өз сөзінде.

– Қазақстанда жалпы саны 54 театр болса, соның 18-і жаңа театр деп есептеледі. Бірақ арнайы лайықтап салынған ғимаратта отырған театрлар некен-саяқ. Соның бірінің іргесі күн санап көркейіп, кейпі адам танымастай өзгеріп, өсіп келе жатқан Талдықорғанда қаланып жатқанына сіздермен бірге қуанып тұрмыз. Жаңа ­театрдан жаңа таланттар өсіп шығып, өнер ұжымы халықтың игілігіне жұмыс істей беруіне тілектеспін, – деді Талғат Теменов.

Б.Римова атындағы театрдың актері Алмахан Кенжебекова осыдан 41 жыл бұрын қазіргі театрға жас маман болып келгенін, енді тәжірибесі толысқан шақта жаңа театрда жұмыс істеу бақытына ие болатынын қуанышпен жеткізді.

Ә. Райымбеков ақсақалдың батасынан кейін салтанатты жағдайда театрдың капсуласы салынды.
Жалпы, театр құрылысының құны ­­4 млрд. теңгеге жуық қаржыны құрайды. Құ­ры­лыс жұмыстарын BI Group компаниясына қарасты «Өнеркәсіп құрылыс» ЖШС жүргізеді. Ғимараттың жалпы ауданы 10 538 шаршы метр.Құрылыстың аяқталу мерзімі 2018 жылдың маусым айына жоспарланып отыр.

Сағыныш Намазшамова