02 қаз, 2016 сағат 14:31

Талдықорғанда Мұқағали бюсті орнатылды

Қала күнінде қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың бюсті Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында орнатылды. Бұл айтулы оқиғамен қала тұрғындарын облыс әкімі А. Баталов құттықтады. Салтанатты шарада ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы сөз сөйледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Құттықтау сөзінде облыс әкімі А. Баталов Мұқағали ақынның есімі елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де танымал екенін атап өтті. Өзі туған облыстың орталығында ақын бюстінің орнатылуын үлкен рухани маңызы зор оқиға деп атады.   

- Мұқағали Мақатаев артына өшпес мұра қалдырды. Оның ақындығымен қатар адами қасиеттерін, терең білімділігін, Отанына деген кіршіксіз сүйіспеншілігін қадір тұтамыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен ақын бюсті орнатылуының тұспа-тұс келуінде де үлкен маңызы бар. Бұл ескерткіш алдына келіп жастар өлең оқитын, қалалықтар рухани демалатын көрнекті орынға айналатынына сенімдімін, - деді А. Баталов.

Шара соңында жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ақындар өлең оқыды.

Бюстің авторлары Шоқан Төлеш пен Алтай Бейсенов. Бюст тұтас граниттен жасалған, биіктігі 3,5 метрді құрайды.