23 жел, 2016 сағат 07:55

Талдықорғанда апатқа ұшыраған Су-27-нің ұшқышы қалай тірі қалғанын айтып берді

Алматы облысында апатқа ұшыраған Су-27 әскери ұшағының ұшқышы отбасына оралды. 800 метр биіктіктен парашютпен секіріп кеткен Әділбек Ысқақов дін аман. Ал қос бірдей қозғалтқышы істен шыққан ұшақ адам аяғы баспайтын жазыққа барып құлапты. Сондықтан апат орнына арнайы комиссия тікұшақпен жеткізіліп, тергеуді бастады. Енді осы оқиғадан кейін еліміздегі барлық Су-27 ұшақтары тексеріліп жатыр. Бұл жайында КТК телеарнасы хабарлады.

Бір ажалдан аман қалған Әділбек Ысқақовтың айтуынша, кезекті оқу-жаттығу барысында тізгіндеген Су-27 көкте кенеттен қозғалтқышы істен шығыпты. Сондықтан ол ең алдымен әуе техникасын қауіпсіз жерге құлатуды көздеген.   

"Түнгі оқу-жаттығу жұмыстарын аяқтап, Талдықорған аэродромына қонуға бет алғанда ұшақтан ақау шықты. Көп ойланбастан айналасы 30-40 секунд ішінде әуе техникасын ауыл-аймақтан алшақтау жерге бағыттап, өзім секіріп кеттім. Өйткені ең алдымен жердегі халықты ойладым. Оларға қайғы әкелгім келмеді", - дейді 21751 әскери бөлімшесінің ұшқышы Әділбек Ысқақов.

Әділбек Ысқақовтың атқыш ұшағы адам аяғы баспайтын жазыққа барып құлаған. Ұшқыш бірден басшыларымен байланыс апат орнын айтып беріпті. Ал өзіне 15 минуттан кейін көмек келген. Бірден әскери госпитальға жеткізілген ұшқыштың еш жері зақымданбады.

"Науқастың шағымдары болған жоқ. Соған қарамастан тексерулердің бәрін жасадық. Рентген, УЗИ, лабораториялық тексерулерден өткіздік. Барлық мамандармен консилиум құрып, көріп шықтық", - деді Талдықорған әскери госпиталінің бастығы Асқар Көлбаев.

Апатқа ұшыраған әуе кемесі бағытын өзгертпегенде, ол Еңбек, Мойнақ ауылдарының үстіне құлайтын еді дейді мамандар. Сондықтан шұғыл шешім қабылдай білген ұшқыштың әрекетін әріптестері ерлікке балап отыр. Дегенмен, еліміздің Бас әскери прокуратурасы осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастап кетті.

"Осы оқиға бойынша Бас әскери прокуратурамен ҚР ҚК 464 бабы ол "ұшу немесе оған дайындау қағидаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді ҚР Бас әскери прокуратурасының ресми өкілі Жеңіс Темеков. (Дереккөз: КТК)

Ал осыған дейін бұрынғы қорғаныс министрі, Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Алтынбаев Талдықорған маңында әуе апатына ұшыраған қазақстандық Су-27 ұшағының құлауының себептерін атаған болатын. 

Еске сала кетейік, кеше, 21 желтоқсанда Су-27 жойғыш ұшағы апатқа ұшыраған болатын. "Бүгін, 21 желтоқсанда түн жағдайында оқу-жаттығу ұшуын орындау кезінде авиациялық оқиғаның салдарынан Су-27 ұшағы апатқа ұшырады. Ұшқыш майор Ә.Ысқақов бар мүмкіндігін салды және ұшақты елді мекеннен алшақ алып кетіп, катапульталанды", - делінген еді министрліктің ресми пікірінде.

Еске салайық, дәл осындай апат бұған дейін де болған. 2014 жылы Талдықорған қаласының маңында тағы бір Су-27 құлаған еді. Ол кезде де тізгіндегі Ерлан Науанов пен Денис Горбунов ұшақты елді мекеннен алыстау жерге алып кетемін деп, өздері ажал құшқан.