02 шіл, 2016 сағат 09:17

Талас Омарбеков: «Қазақстан тарихын» «сарай ғылымы» деп айтса намыстанбаймын

Қазір «Қазақстан тарихы» пәні барлық университеттерден алынып тасталды. Оның орнына «Қазіргі заман тарихы» деген пән енгізілді. Үкіметтің шешім шығып қойды. Ол алдағы 1 қыркүйектен басталады. Біз типтік оқу бағдарламасын жасап, оны Қазақстандағы барлық университеттерге тараттық. Ал енді Қазақстанның қазіргі заман тарихы қай кезеңнен басталды? Ырду-дырду айтыстың нәтижесінде министрлік «ХХ ғасырдан бастаңдар» деді. Тарихшылар бір шешімге келе алмады. Келе алмайды да. Өйткені бұрын біз ежелгі дәуір­ден бері қарай бүгінгі күнге дейін оқытатынбыз.

Өздеріңіз байқап отырсыздар, енді жағдай шынында да қиын. Осы мәселені айтып, біз, тарихшылар, айқай-шу көтердік. Бірақ осында отырған зиялы қауым өкілдері, көңілдеріңізге келме­сін, тарихшыларды қолдаған жоқсыздар. М.Қойгелдиев, Х.Әб­жанов үшеуміз «Ұлт қор­ғаны – ұлттық тарих» деген ма­қаланы «Егемен Қазақстан­ға» зорға шығардық. Біз онда «Қа­зақстан тарихын» «Қазіргі заман тарихы» пәнімен ауыс­тыруға болмайтынын ғылыми түрде дәлелдеп айттық. Бірақ қолдаған ешкім болған жоқ. Ақырында өзіміздің басшы­лардың түсінбеушілігіне тап болдық. Өйткені министрлік жаңа пәнді қолдап отыр.

Неге бұлай? Кеңестік дә­уірде Коммунистік партияның тарихы оқытылды. Өйткені пар­тияға адал, кеңестер одағына шын берілген азаматты тәрбие­леу үшін сарай («сарай» деп отырғаным – билік), яғни партия тарихты «сарай ғылымына» айналдырды. Қазір де тарих – сарай ғылымы. «Қазақстан тарихының» екінші баламасын «сарай ғылымы» деп айтса, мен намыстанбаймын. Шынында да солай.

Осы жағдай неге орын алып отыр? Өйткені біздің шенеунік­теріміз Қазақстан тарихын «ғылым» деп қарамайды. «Пән» деп қарайды және «идеоло­гиялық құрал» деп түсінеді. Ал біз үшін ол – ғылым. Халықтың тарихы. «Қазақ тарихсыз тұра алмайды. Әрбір қазақ – тарихшы. Тарих қазаққа керек», – дейміз. Ал шенеуніктер: «Бұл – математика, химия, физика сияқты пән. Бірақ бір айырма­шылығы, ол – мемлекеттің саясатын насихаттауы керек. Бұл – идеологиялық пән. Сондықтан Ежелгі дәуірден, Орта ғасырдан бастап оқытам дегенді қойы­ңыз­дар», – дейді. Бізде қа­зақтың әрбір зиялысы өзін «тарихшымын» дейді. Бірақ шын мәнінде бізде тарих қалып­таспаған. Жапония, Қытай сияқ­ты жазбаша тарихы да­мыған елдерге барсаңыз, жүз томнан астам тарихтарын жазып тастаған. Бізде тарих бес томнан аспағанын жақсы біле­сіздер. Біз әлі ақтаңдақтарды зерттеп жатырмыз. Әркім өзінің руынан шыққан батырды мақ­тап жазып, тарихты әлі құрап жаза алмай жатырмыз. Шежіре­ден үкімет айналып қашады. Ал қазақтың тарихы, білесіздер, шежіре.

Осы отырған әрқайсыңыз кем дегенде 30 жазушының атын атап бере аласыздар. Ал 30 тарихшының атын атай алмайсыздар. Көп болса, бес-алты тарихшыны ғана білесіз­дер. Неге олай? Қазақтың тарих ғылымы қалыптасқан жоқ. Ол тәй-тәй басып, жаңадан жүріп келе жатқан жас бала сияқты. Қазақ тарихы бір жүйеге түскен жоқ. Көп том болып әлі жазыл­ған жоқ. Соған байланысты, тарихшылар дәрменсіздікке ұшы­рап отыр. Маман тарихшылар саусақпен санарлықтай ғана. Біз кімге қарсы тұра аламыз? Мемлекеттік ұстаным мен ха­лықтық ұстаным екі түрлі болып отыр. Қазақ тарихына деген түсінікке, ұстанымға қарасаңыз, биліктің бағыты басқа, халық­тың бағыты басқа екенін бірден байқайсыз. Міне, осы айырма­шы­лық қазақ тарихын осындай қайғылы жағдайға әкеп тіреп отыр.

Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы-ғалым:

“Қазақтың тілі мен тарихы – ұлттың алтын қазығы”

деген тақырыпта өткен қоғамдық талқылауда сөйлеген сөзі.