22 ақп, 2018 сағат 08:07

"Талақ" айтқыштарға тоқтам

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленіп жатқаны белгілі.

Бұл заң жобасын әзірлеу – бүгінгі күннің уақыт талабы және халықаралық терроризм мен діни экстремизм идеологияларына қарсы тұратын механизмдерді жетілдірудің бірден-бір жолы.

Соңғы кезде елімізде кейбір радикалды діни ағымдарда жүрген азаматтардың кәмелетке толмаған қыздармен мешіттен тыс, пәтерлерде жиналып, жамағат арасында неке қию рәсімін өткізу арқылы «уақытша некеге» тұрып, кейін орынсыз «талақ» етіп тастап кетіп жатқаны жасырын емес. Бұның ар жағында жесір қалған әйел, жетім қалған баланың көз жасы мен әлеуметтік мәселелер жатыр. Сондықтан Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне де заң алдындағы жауапкершілікті арттыру тұрғысынан өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

 Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі 10-бабының («Неке (ерлі-зайыптылық) жасы») 1-тармағында неке (ерлі-зайыптылық) жасы еркектер мен әйелдер үшін 18 жас болып белгіленген. Сонымен қатар, Кодексте дәлелді себептер болғанда (болашақ жары жүкті болғанда немесе ортақ бала туған кезде) неке жасының 16 жасқа дейін төмендетілу мүмкіндігі қарастырылған. Ал дәлелді себептер болмаған жағдайда осы баптың 1-тармағында көрсетілген талаптарды бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жауапқа тартылуы тиіс.   

Өкінішке орай, әлеуметтік жауапкершілікке немқұрайлық танытқан азаматтар өз нәпсісіне еріп, некелесу мен ажырасуға жеңіл қарауы қоғамдағы заңсыз үйленіп-ажырасу фактілерінің жиіленуіне соқтыруда. Заңсыз некеге тұру үшін мұндай жастар АХАЖ бөліміне бармай, некені Жаратушының алдында қиюды ғана жеткілікті санап, соңынан ажырасып жатыр. Ал олардың қиылған некесі АХАЖ бөлімдерінде тіркелмегендіктен, ер адам балаларына жауапкершілік алудан және алимент төлеуден оңай жалтарып кетеді.

Аталған мәселе радикалды діни ағымдар таралған Орта Азия елдеріндегі ортақ проблема. Көршілес Қырғызстан Республикасының қабылдаған заңыңда кәмелетке толмаған жастардың некелесу салтына қатысқан діни қызметкерлер мен ата-аналарды 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы қылмыстық жаза қарастырылған.

Қазірдің өзінде еліміздегі мешіттерде неке қию рәсімі неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәліктің немесе АХАЖ бөліміне берілген өтініштің негізінде жүргізіледі. Яғни, некені қию немесе тоқтату (ерлі-зайыпты болу) бойынша діни жоралар мен рәсімдерді ғибадат ғимаратынан (құрылысжайлардан) тыс жерлерде жүргізуге жол берілмейді. Жоғарыда аталған заң жобасына енгізілетін түзетулер арқылы ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс «неке қию» жорасын жүргізген тұлғалардың, соның ішінде діни қызметшілердің әкімшілік жауапкершілігі енгізіледі.

Сондай-ақ, діни жоралар мен рәсімдер бойынша некеге тұруға (ерлі-зайыпты болуға) ниет білдірген адамдардың біреуі ғибадат ғимаратына (құрылысжайына) келе алмайтын айрықша жағдайларда (ауыр науқастануы, жүріп-тұру қиындығымен байланысты мүгедектігі, күзетпен ұсталуы немесе бас бостандығынан айыру орындарында болуы) некені діни жоралар мен рәсімдер бойынша қиюды (ерлі-зайыпты болуды) үйде, медициналық немесе өзге де ұйымда некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қатысуымен тіркелген діни бірлестіктің өкілі жүргізеді. Енгізілуі жоспарланған түзетулер көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда «неке қию» рәсімдерін жүргізетін ресми емес тұлғаларды жауапқа тартуға мүмкіндік бермек.

Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның басты негізі, мемлекет құраушы институт. Ата-бабаларымыз «Отан отбасынан басталады» деп адал ақ некенің болашақ мемлекеттің тұғырлы тірегі болатындығын әу бастан айтып кеткен. Сол себепті, халқымыз «ақ неке», «адал неке», «адал жар» деген ұғымдармен отбасының, некенің қасиеттілігін ардақтап келеді. Ал бүгінгі таңда заңды түрде тіркелген неке куәлігі азаматтардың өміріне өте қажетті құжат болып табылатыны айдан анық. Неке куәлігі мемлекеттік нотариуста, ХҚКО-да, банктерде, қаржы, салық немесе басқа да мемлекеттік органдарда талап етілуі мүмкін. Сондай-ақ, неке құзыретті мемлекеттік органда тіркелген жағдайда ғана әйел мен бала қажетті әлеуметтік кепілдіктер мен қолдауларға ие болатынын атап өткен жөн.

Неке қию - жеңіл-желпі қарауды көтермейтін ұлттық мәселелердің бірі. Отанды құрайтын отбасы құндылықтарының бұзылуына жол бермеу  еліне жанашыр әрбір азаматтың міндетіне айналуы тиіс. Сондықтан, ұсынылып отырған өзгертулер мен толықтырулар болашақта отбасы институтының берік қамалын құруға негіз болары анық.

САБИТОВ Айдын Маратұлы

«Қазақстан жастар конгресі» ҚБ директоры