06 сәу, 2020 сағат 09:22

Тақырыпты түсіндіру 10 минуттық телесабақпен шектелмейді - БҒМ

Тақырыпты түсіндіру тек телесабақ кезіндегі видеомен шектелмейді. Бұл туралы бүгін онлайн брифингіде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы, біздің қоғам мектептерде бір сабақтың 40 минутқа созылғанына үйреніп қалған. Сондықтан «телесабақ неге 10 минут болып белгіленді» деген суалдар орынды. Бұл 10 минуттық сабақтардың ішінде мұғалімнің жаңа тақырыпты түсіндіруі қамтылған. Атап айтқанда, сабақ осымен аяқталмайды. 10 минуттық көрсетілімнен кейін, әр мұғалім өзінің сыныбындағы балалармен жекелей жұмыс жүргізеді. Тақырыпты түсіндіру тек телесабақ кезіндегі видеомен шектелмейді», - деді вице-министр. 

Осы орайда ол оқушының қолында оқу құралдары мен оқулығы, әдістемелік нұсқаулықтары бар екенін еске салды. Балалар оқулықтан тиісті материалдарды пайдаланып, тақырыпты өздігінен игере алады.

«Телеформаттан кейін әр мұғалім өзінің оқушыларына тапсырмалар береді. Теледидардан сабақты көргеннен кейін, оқушы үшін тақырып аяқталмайды. Оқушылар тапсырманы түсінгендігі жайында, орындаған тапсырмалары бойынша кері байланыс арқылы мұғалімін хабардар етеді. Сәйкесінше, 40 минутқа татитын сабақ өткізілгенмен тең болады», - деді Шолпан Каринова.