04 қаз, 2019 сағат 16:34

Таксистке сенген елордалық 40 мың долларынан айырылып қалды

Елордалық әйел таксишіге сенемін деп, 40 мың долларынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Серікболды Сәрсембиновқа алаяқтық жасады деген күдікпен іздеу жарияланды. Ол жеке такси қызметінде жүріп, жұмыс бабында бір әйелмен танысқан. Әйелдің баспанаға зәру екенін білген ол кепілдік мүлікті ұсына отырып, несие алып беруге уәде берген. Жәбірленушінің сеніміне кіргеннен кейін оның 40 мың долларын алып, хабарсыз кеткен», - деп хабарлайды елорданың Полиция департаментінен.

Осыған ұқсас қылмыс жасады деген күдікпен Қорлан Сатыбаев есімді жігітке де іздеу салынған. Ол қиын жағдайда қалған тағы бір әйелдің сеніміне кіріп, 30 мың долларын қалтасына басқан.

«Сол секілді, қала аумағында жасырынып жүрген Ринат Сіләмов атты адамға іздеу жарияланады. Ер адам кезексіз пәтер алып беремін деген желеумен қала тұрғындарын алдап келген. Осындай амалмен 10 адамның 3-6 млн теңге аралығындағы ақшасын алдап алған», - деп хабарлайды департаменттен.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті алаяқтарды қолға түсіруде көмек көрсетуді сұрайды. Жоғарыда аталғандардың қайда екенін білген азаматтар 8(7172)71-60-22, 8-778-638-88-70, 8-701-716-41-20 немесе 102 нөміріне хабарласа алады. Полицейлер алаяқтарды ұстап берген адамдардың аттары ешқайда жарияланбайтынына уәде беріп отыр.