20 там, 2018 сағат 16:06

Таэквондошы Алдоңғарова - Азия ойындарының жүлдегері

Фариза Алдонғарова (қызыл формада) өзбекстандық Динорахан Мамадибрагимовамен кездесіп жатқан сәт. 20 тамыз 2018 жыл.

Индонезияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында қазақстандық таэквондошы Фариза Алдонғарова 53 келіде қола медаль алды. Ол жартылай финалда тайпейлік Си По Яннан жеңілді, деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Алдонғарова алғашқы айналымда өзбекстандық Динорахан Мамадибрагимованы 17:16 есебімен, ширек финалда ирандық Элах Шейдайды 11:3 есебімен жеңді.

- Бірінші кездесуде өзіме сенбегендей болдым. Бірақ дайындығымды, Қазақстанда жанкүйер болып отырған ата-анамның, менімен бірге жарысқа келген бапкерлерімнің үмітін ақтауға тырыстым. Өзбекстан спортшысымен осыған дейін екі рет кездесіп, бірінші кездесуде мен, екіншісінде ол жеңіске жеткен. Ал тайпейлік спортшымен бірінші рет кездестім. 2014 жылғы Азия ойындарына да қатысқан едім. Ол кезде бірінші айналымда ирандық спортшыдан жеңіліп қалғанмын. Ал биылғы Азия ойындарына Алматыда және Оңтүстік Корея дайындалдық. Оңтүстік Кореяда үш аптадай дайындалдық, - дейді спортшы.

Бұл - Қазақстанның биылғы Азия ойындарындағы бесінші медалі. 19 тамызда қазақстандық семсерлесуші Дмитрий Алексанин алтын алған. Еркін күрестен Қазақстан ерлер құрамасы бір күміс, екі қола иеленген.

Қазақстаннан Азиадаға 440 спортшы қатысады. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.