05 қар, 2019 сағат 17:09

Табиғатты қорғаушы инспекторлардың құзіреті кеңейді

Табиғатты қорғау инспекторлары құқық бүзушыларды ұстап, қылмысты тіркей алады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа өзгерістер «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңында көрсетілген.

«Біздің мемлекеттік инспекторларға шабуыл жасалғаны туралы соңғы оқиғалардан кейін инспекторлардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін шара қабылдауға тура келді. Ол үшін инспекторлардың немесе жақындарының өміріне қастандық немесе зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, мемлекеттік инспекторлардың қызметтік автокөліктеріне арнайы дауыс зорайтқыш құралы мен арнайы дабылдар орнатылады.

«2012 жылдың 24 мамырындағы Үкіметтің № 670 Қаулысымен реттелетін қызметтік қару мен арнайы құралдарды қолдану тәртібін де қайта қарап жатырмыз. Онда инспектор өзіне оқ атылған жағдайда ғана қару қолдануға құқылы. Заң арқылы Орман кодексіне, «Айрықша қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жануарлар әлемін қорғау, пайдалану туралы» заңдарға ведомствоға уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерін қадағалау функциясы жөнінде өкілеттік беру туралы түзетулер енгізілді», - деді Ерлан Нысанбаев.

Қадағалау функциясының болуы инспекторларға жеке және заңды тұлғалардың заңға қайшы әрекетіне жедел жауап қатуға (тоқтату, құжат тексеру, ұстау, аулау құралдарын, қару-жарақты тәркілеу) жедел шара қабылдауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, ауланған аң-құс пен балық та тәркіленеді. Бұл шаралар жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да қатысты.