#
#
Сенбі 15/12/2018

Сынды ұнатпайтын адам шындықты ұнатпайды

  • 22.02.2018
  • 0
  • 1613

 Қазақстан Жазушыларының Құрылтайы қарсаңында

Қуанышымда шек жоқ! Бүгінгі қазақ әдебиетінің, әсіресе, поэзияның жай-жапсары, пікірталастар, көзқарастар әртүрлілігі, нақты әдеби сынның жоқтығы, «Алаш», Мемлекеттік сыйлық дегендердің кейде бармақ басты, көз қыстылықпен берілетіні сияқты көкейкесті мәселелердің жалғыз әдеби газетіміз «Қазақ әдебиетінде» де көтерілмек түгіл сыңар ауыз сөз айтылмағанына 23 жылдың жүзі болып еді. Адамның да, қоғамның да ағзасын білдірмей жеп бітіретін осынау кеселдерге қарсы ой-пікірлерді ашып айтуға жол ашып берген, қазақ баспасөзінің бүгінде кіндіктен қалған жалғызындай «Жас Алашыма» жердегі емес, көктегі Құдайдың нұры жаусын!

Құрылтай алдындағы бұл сыни пікірталасқа Аманхан Әлімнің Несіпбек Айтұлының «Рухани жаңғыру» бәйгесін алған «поэма» деп аталған шығармасына сыны және оған Н. Айтұлының қарсы мақаласы көптен қалыптасқан үнсіздік атты ұстанымға қозғау салғандай болды. А.Әлімнің бар жазығы оның ешқандай да поэмаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын, автор поэма дегеннің не екенінен хабарсыздау екенін айтқаны еді. Бұл шынында да поэмадан ауылы алыста жатқан, Елбасын орынды-орынсыз мақтауға көбірек көңіл бөлген, бастан-аяқ ұраншыл пафостан тұратын, бір-біріне логикалық байланысы жоқ жолдардың жиынтығы сияқты деген пікірді біз де айттық. Әттең, өзіне айтылған сынға қалай жауап бергеніне қарап-ақ адамның ой-өрісі, парық-парасаты, көргенділігі, білім деңгейі қандай дәрежеде екені тайға таңба басқандай көрінеді де тұрады екен. Автор өзінің шығармасы Аманхан айтқандай өте қарадүрсін, қарабайыр емес шынайы көркем шығарма болса, онысына бұлтартпас дәлелдер келтіріп, байсалды, сауатты (егер ондайы бар болса) жауап бергені жөн еді. Бірақ 23 жыл бойы әдебиеттегі өткір сынның орнына «үнсіздік», яғни «тыныштық сақтау» қағидасын қару етіп ұстап келген Жазушылар Одағына өзгеріс әкелетін Құрылтай күні кеп қалса да, Аманхандар айтатын азды-көпті сын-пікірге әлі де жол ашыла қоймағанын Несіпбек мырзаның дереу Аманханның өлеңдерін тұтқынға түскен жемқордың ақшасын санаған қаржы полициясындай жіліктеп, боршалағанынан анық көрдік. Әрине, әдеби пікірталас кезінде әдеп сақталуы керек екені аян. Амал не, Несіпбектің сол мақаласы әдеби пікірталас дегеннен гөрі ашу-ыза, кеудені кернеген кек деуге келіңкірейтін дүние болып шықты. Ол тіпті, А.Әлімге жылы лебіз білдіргендерді «классиктер» деп кекетуге дейін барды.

Әлде 23 жылдан бері поэзияға қатысты бір өткір пікірталас көрмей шөліркеу ме, әлде өзім де Несіпбек Айтұлының «классигі» болғым келді ме қайдам, «Жас Алашқа», «Ақындық – ең алдымен ар тазалығы» деген мақала жаздым. Бірақ соның ішінде Аманхан Әлімге жақтасып, оны қорғаштап айтқан бір ауыз сөз болған жоқ. "Жақсы өлең, орташа өлең, нашар өлең болады. Кемшіліксіз дүние жоқ, екінің бірі ұлы ақын, кемеңгер ақын деп жүргендердің өзінде шикілік кеңірдектен келеді" дедім. Мақала негізінен бүгінгі Жазушылар Одағының жай-күйі, поэзияның жеке басқа табынушылық поэзиясына, билік басындағы бишікештерден бастап, қалталы байшыкештерге арналған жағымпаздық, күнкөріс поэзиясына айналып бара жатқаны, кейбір әдеби сыйлықтардың поэзия саласында бармақ басты, көз қыстылықпен берілетіні туралы болды. Ұтыры келгенде айта кетейік, сол мақалада осы күні көзі тірі бір азаматтың сол Мемсыйлық лауреаты атану үшін 5-6 рет түсіп, ақырында ракпен ауырамын, дәрігерлер 5-6 ай өмірің қалды деп отыр, рактан өлдім не, асылып өлдім не осы жолы лауреат болмасам асылып өлем деп жұрттың зәресін алғанын, сол кісі арамызда әлі жүргені,  енді бірі Елбасымызға қарт партизан жазушыны салып лауреаттық алғаны да айтылды. Соның ішінде Мемлекеттік сыйлықты Несіпбек Айтұлының қайта-қайта түсіп, жыларман болып мақала жазып жүріп алғанына сәл кеңірек тоқталдым. Ол әлеуметтік желілерде жарияланды.

Сонау соғыс жылдары «Принимаю огонь не себя» деген сөз тіркесі қалыптасқан екен. Адам аяр қылығым жоқ, сөйтіп, мен де Несіпбек Айтұлының қардай бораған оғының тасқынын Аманханнан өзіме қарай бұрдым да алдым. Иә, кім-кімнің де парық-парасатының деңгейін оның «ләм-мимінен»-ақ көресің. Несіпбек мырза да мені өзімнің өлеңдеріммен-ақ сойып салмақ болып отырып өзінің ой-өрісі, білім-білігі қандай деңгейде екенін бұл жолы тағы бір байқатып қойды. Өз басым осының алдында оның "Мемсыйлық лауреаты" деген атаққа қаншалықты лайық екеніне күмән келтіргенім мәселенің бержағы екен. Ол өзі әдеби сын айтпақ болған адамын «уызында жарымаған» деген сияқты биологиялық, «көтек арбалы» деген сияқты жол-көлік уақиғаларының терминдерімен сыбап салатынын көргенмін. Енді өзімді «диуана» дегеніне ренжімек түгіл біраз селкілдеп күліп алғаныма Аллаһ куә! Оның «Жас Алашта» жариялаған «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген мақаласын оқып енді мына Несіпбек ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген бе шынымен, мынау не деген әдеби сауатсыздық деп тағы қайран қалдым.

Қайран қалған себебім, Несіпбек қай ақынның да шыншылдығы, ар-намыс алдындағы тазалығы ең әуелі өзінің бойындағы бүкіл міні мен кемшілігін өлеңі арқылы өзі айтып отыратынынан көрінетінін білмейді екен.

Иә, менің өлеңдерімде мына жалған дүниенің қу тірлігінен гөрі мұң, өткен күндерді аңсау, «биік қып арман берген күйікті ерге» деп қол жетпеске қол созу жиі кездеседі, әсіресе, өзімнің өмір сүруге қабілетсіздігім, жоқ жерден өзіме жау тауып алатын шатақтығым, ақылсыздығым туралы да көп айтқаным рас. Бұл бір менде емес, өзге де ақындар арасында көп ұшырасатын жағдай. Айтұлы соның ішінде менің бүгінде «мисыз деген атағым бар» деген сөзімді көргенде көктен іздегені жерден табылғандай қуанып, сен шынында да мисызсың, мен баяғыдан бері соны білмей келіппін, сен айтысуға тұрмайтын адамсың дегенге шейін барады. Міне, Некеңнің әлем әдебиетінің поэзиясы түгіл үйдің іргесіндегі орыс әдебиетінен сауаты өте төмен адам екені осы сөзінен тағы мен мұндалап шыға келеді. Өзін-өзі шенеу, мінеу, өзіне-өзі күйіну олар түгіл күні кешегі Жұмекен, Мұқағали, Кеңшіліктерде де жеткілікті. Төрт жағы түгел төрт құбыладай дерлік граф, аты әлемге әйгілі Л.Толстой бір сөзінде мен хайуандарша өмір сүріп жатырмын десе, бас ақын Абайыңның өзі «Ат көтермес мінім бар», енді бірде «Жүрегіме қарасам, инедейін таза жоқ» дейді. Сергей Есениннің «На кой черт мне, что я поэт, и без меня в достатке дряни» деген өлеңін кезінде өзім қазақшаға аударғанмын. «Дрянь» деген орыста түкке тұрғысыз, сілімтік дегенді білдіреді. Бұлайша өзін-өзі өлтіре сынап-мінеу, өзін кем санау А. Блокта да жетерлік. Олар өздерін солай деп отырғанда менің өзімді «мисыз» деуімнің өзі Несіпбектің лауреаттығымен бара-бар шығар (әзіл ғой). Сол атақты адамдардың өздерін өздері солай мінегенінен хабары бар сауатты адам болса ол осылай беталды сөйлемес еді. Демек, ол әдебиеттен онша жан сусынын қандырмаған адам болғаны. Оның журфакты қалай бітіргеніне таңдануыма да сол себеп болды.

Жалпы, осы азаматтың сын мақаласының қайсысын алсаңыз да алып отырған объектісін талдау, талқылау, салихалы пікір айтудан гөрі оның авторын «уызында жарымаған», «күл тасыған Аманхан», мені «Диуанасың кімге пір боласың» деп, ауыл-үйдің арасындағы ұрыс-керіске әбден машықтанған әйелдерше кемсіту, айқай-шу ұрысу басым болып келеді. Ал әнебір кезде Құл Керім Елемес деген ақынның өлеңдерін сынап отырып, оны  «көк шапанды, көтек арбалы Керім Елемес» деп атауы оның сыншылдығының ең «шырқау шегі» болды. Реті келгенде ренішімізді айта кетейік, оның осындай былапыт сөздерінің «мұртын бұзбай» берген «Жас Алаш» менің «Ақындық ең алдымен ар тазалығы» деген мақаламның әлгіндей ащылау тұстарын қысқартып берді. 

Несіпбек менің ақындық ең алдымен ар тазалығы дегеніме таза адамдар үндемейді деген сияқты  кісі күлерлік «тұжырым» айтады. Осының өзінен-ақ оның әлем ақындарының қай-қайсысы да ар-намыс тазалығын дұғадай қайталаумен өткенінен, бейхабар екені тағы да көрініс береді. Рас, ар-намыс тазалығы хақында үндемейтіндер бар. «Ұрының арты қуыс», әртүрлі атақ-даңқты, сый-сияпатты, лауреаттықты неше түрлі қулық-сұмдықпен алғандар ар тазалығы туралы үндемейді. Өйткені, өзінің арты ашылып қалады. Апыр-ай, бұл өзі басқаны айтпағанда ғұлама шайыр Әбубәкір Кердерінің «Айрылсаң өмір бойы жиғаныңнан, ей, пенде, айырылмашы иманыңнан дегенін, ал орыс поэзиясының ең айтулы тұлғаларының өзі «Душа поэта должна быть чистой», «Душа моя, будь безвиина как ангел» деумен өткенін де білмейді екен ғой дейсің тағы да.

Иә, кезінде Есенинге, Блокқа, Мұқағалиға, Төлегенге, Маратқа (Отаралиев) еліктеп, біздің қатарлардың ішпегені кем де кем шығар. ҚазМУ-дың алғашқы курсында оқып жүріп «Маскүнем студенттің монологы» деген әзіл өлең жазғам. Ол

Құдайым, бізді еркек қып жаратқанда,

депті ғой: «Ал өмірден қарап қалма!»

Жуайық қайғы-мұңды кеудедегі,

Ей, досым көңіл ашар шарап бар ма? - деп басталып, оның тіпті, лекция, зачет, емтихан дегендерді көп уайымдатпайтын  «керемет қасиеттерін» айтып келіп:

Бұл өмір-өмір емес автобаза

Ішкіштер – ең мықтысы «Краз», «Мазы»

Қираймыз бір күні әлі тасқа соғып,

Осылай жүреміз де біраз ғана, - деген әзілмен аяқталатын. Ол кейін бүкіл университетке таралып кетіпті. Өткен жастық шақтан естелік болсын деп кітабыма кіргізсем, Несіпбек дос менің ақындығымды сынау үшін жүздеген өлеңнің ішінен соны қалай тауып алған десеңізші!? Ау, сонау Омар Һәиямнан бері қарайғылардың ішінде өлеңіне арақ-шарапты, кәйіпке түскен масаң күйді  жырламаған шайыр бар ма!? Аруақтары кешірсін, тағы да Мұқағали, Төлеген, Мараттар еске түседі. Ең бір мәдениеттілеу саналатын А. Блоктың:

«Ты право, пьяное чудовище,

Я знаю, истина в вине,

У пьяного поэта слезы,

У пьяной проститутки смех, деген жолдарынан Несіпбектің хабары бар ма жоқ па, онда шаруам жоқ. Мені алдағы Құрылтайымыздың қарсаңында әдебиеттің бейкүнә арудай ең бір пәкизат жанры поэзиямыз туралы оның әділ бағасын ешқандай «Алаш» сыйлығы да, әркім әртүрлі айла-тәсілмен алатын Мемлекеттік сыйлық та бере алмайтыны, қысқасы ақындық ешқандай сыйлықпен өлшенбейтіні туралы мақала жазуыма Айтұлының ақын А.Әлімді сынаған мақаласы түрткі болғанына әлі де қуанамын.

Өйткені, баспасөз бетінде ширек ғасырдай уақыттан бері нақты сын мақала көрмей шөліркегенеп қалғанымызды жасырудың қажеті жоқ. Бір ғана «әттең-айы» сол Н. Айтұлы өзіне бағыштап айтылған сынды көтере алмауына әдеби өресінің деңгейі себеп болғанын көрсетіп алды. Тағы бір әттең-айы сол – менің Несіпбек дос сынаған өлеңдерім туралы сөз қадірін білетін ақындар мен талай-талай оқырман баспасөз бетінде шын тебіреністерін білдірген еді. Рас, менде кейбіреулерше еліміз тәуелсіздік алғалы қазақ жұмақтағыдай қарһәлләзи өмір сүруде, мыңдаған жылдар көрмеген жақсылықты енді көрдік немесе Астанам, бас қалам, жас қалам деп, Несіпбекшілеп бір өлеңнің ана жеріне де, мына жеріне Елбасымызды енгізіп есім кете жырлаған бір өлең жазып көрмеппін. Оның есесіне, елдің, қазақ ұлтының, әлеуметтік ауыр жағдайы, ана тілімнің  өз Отанындағы аянышты халі, жерім мен жер байлығымның ретсіз рәсуа болып жатқаны сияқты ұлтқа ортақ уайымымды айтуға бейімдеу екенім де рас. Кейбір ұраншылдар Астана қаласының туған күніне арнап атойлатып 300-ден астам өлең оқып жатқанда

Азаттық таңы атқанда

Алдымнан шығып кіл егес,

Алақан жайып аспанға

Біз күткен бақыт бұл емес, - деп басталатын өлеңім жарияланып, қалың оқырман ризашылығын білдіріп жатқанда бұл Мырзан-Қайғы ғой деп мазақтағандар да болды.

Болмайтынын білсең де жаза жеңіл,

Айтқызбасты айтқызар нала көңіл.

Біз қимайтын ешнәрсең қалмады ғой

Келеңсіздер кемсіткен мазақ өмір, - дедік те қойдық. Әлде Гельвецийден, әлде Жан Бодриардан «бір мемлекеттің басшысын мақтап-мақтап мемлекетімен қосып құртып жіберуге болады» дегенді оқығаным бар.

Сөз соңында алдағы Құрылтайымыздың қарсаңында осы мақаланы жазуыма себепкер болған Несіпбекке қатты риза бола отырып, оған да, басқа да ақын достарыма айтарым ақылы бар адам сыннан емес бас салып бірін-бірі мақтаудан қорқуы керек. Сынды ұнатпайтын адам ешқандай шындықты да ұнатпайды.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар