29 нау, 2019 сағат 12:27

Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер жобасы қалай жүріп жатыр?

Бүгін біз сыбайлас жемқорлық тақырыбын сөз етпекпіз. Иә, «адал еңбекпен мал іздемек — ол арлы адамның ісі» деген Абайдың сөзі жадымыздан шыққан емес. Алайда қоғам дертіне айналған жемқорлық жайы әлі күн күн тәртібінен түскен емес. Бұл мәселені түбегейлі жою мақсатаныда қаншама қарқынды жұмыстар атқарылды, тың жобалар ойлап табылды. Мемлекет қаржысына қол созған әкімқаралар мен шенді шенеуніктер темір торға тоғытылды. Жеген жазаланды, алған абақтыға айдалды. 

Соңғы үш жылдың өзінде сыбайлас жемқорлықты мейілінше азайтуға бағытталған алпыстан астам заң қабылданды. Бұл ретте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы», «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заңдарды атап өтуге болады.

Іске асып жатқан жүйелі жұмыстар нәтижесінде, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық азайып, сыбайлас жемқорлық қатерлері, әкімшілік кедергілер төмендеді және де мемлекеттік қызмет көрсету сапасы артып, қоғам алдында ашық мемлекетке айнала бастадық.

Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік орнатылып, ашық диалогтар арта түсті. Ең бастысы, құқықтық сана қалыптасып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет көтерілді. Бұған дәлел ретінде халықтың мемлекеттіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына деген сенім деңгейін арта бастағанын айтуға болады.

Өткен жылғы Елбасы жолдауында бұл мәселе назардан тыс қалмады. «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін тарату керек» деп, қадап айтты Нұрсұлтан Әбішұлы.

Іле-шала Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» - «Адалдық алаңы» жобалары жұмыс істей бастады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл жобаға білек сыбана кірісіп кетті. Әр өңірден арнайы кеңселер ашып, адалдық алаңдарын құра бастады.

«Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» - «Адалдық алаңы»» жобасының негізгі мақсаты - қоғам санасын трансформациялау, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою, қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін арттыра отырып, жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу.

Егер, тұрмыстық жемқорлықты жойып, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етілсе, халықтың күдігі сейіліп, әділет пен адалдыққа деген ішкі сенім күшейе түспек.

Жобалар мемлекеттік аппараттың жұмыс философиясын қоғамның қажеттіліктері мен үміттеріне максималды түрде бағыттай отырып, өзгертеді.

Ең бастысы сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселесінде қоғамның құқықтық сауатын арттырып, құқықты түсіндіру жұмыстарының деңгейін жақсарту қажет. Халық өз құқығын, өзіне қарсы қандай да бір заңсыз іс-әрекет жасалған жағдайда не істеу керектігін білуі керек.

Дәл мұндай емделуі қиын дерттен құтылудың ең тиімді жолы ерте алдын алу һәм тиімді диагностика. Яғни, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық далағы тілге оралады.

Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының басты ерекшелігі - мәселенің алдын алуға әрекет ету. Бүгінде бастапқы ескерту институттары енгізіле бастады. Атап айтсақ, жемқорлыққа қарсы мониторинг жасау және де анықтау, талдау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін біржола жою. Мұның бәрі өз нәтижесін берсе, көздеген мақсаттың орындалғаны.

Біздің қоғам жаңғырудың жаңа жолын таңдап, заман жұқтарған түрлі кеселдерден айығуды міндет етіп, болашаққа қадам басты. Ендеше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен алға қойылған сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы - баршаға ортақ жол болуы тиіс.

Сол себепті, сыбайлас жемқорлықпен күресу барша ел азаматтарының борыш-парызы, ортақ міндеті болуы қажет.