10 қар, 2016 сағат 20:32

Светқали Нұржан. Сәби шақтың сәулелі елестері

Ақын Светқали Нұржанға хабарластық. Алматыдан шалғайда тұрады ғой. Сон-а-а-ау Батыста. Телефон арқылы «Ұланның» оқырмандары қызықтырған сұрақтарға жауап берсе дедік. Сондағы оқырмандарымыздың тілегі – ақынның балалық шағына саяхат жасау еді. Ағамыз əр сөзіне ұқыпты емес пе. «Балаға байыппен жазу керек» деп  өткенді өз қаламымен таңбалапты. Мұртын бұзбай жариялауды жөн көрдік. Өйтпесек қазақ баласы қазақ даласының киесін сезінбей қалатындай…

Маңғыстаудың «Қаңға-Баба» деген əулиелі қонысының «Ақмолалы қора» деген жерінде дүниеге келіппін. Қаңға-Баба, шынында да, тылсымға бөккен ерекше мекен. Айнала – əбден тозығы жеткен бөз матадай боз-сұрғылт тастар. Тау деуге де, демеуге де келіңкіремейтін қыраттардың қуыс-қуыстары, яки тұйық-үдектерінің бəрі – бұлқынған бұлақ, жұлқынған құрақ, тербелген тұт ағаштары, шайқалған шалғын, найқалған нарпоз. Мал да, жан да, аң да, құс та, əсіресе, кешке қарай, жұпары бұрқырап, мүлгіген алқапты алып кететін нарпоз иісіне елтіп қалатын. Бұлақтардың аттары да ерекше: Үдек, Үшкөз, Гүлеже, Қарагөз, Баулы, Ақбұлақ, Көкбұлақ, Түркпенсу, Құйжақ, Ақшауыл, Жемсенді, Түбіжік… Бұлақтардың өр басы – тау үстінде сонау «Алтын Орда», «Ноғайлы» заманынан қалған көне мазарлар күңгірлеп тұрар-ды. Ондағы араб қарпімен түскен құпия жазулардың сыры ол кезде бізге жұмбақ. Ирек-ирек көне жазулар есте жоқ ескі заманның сүрлеу-соқпағы сықылды, ізіне түссең, сыры тұңғиық əлемге бастай жөнелердей… Арабша жазулардың үстінен XIX ғасырдың соңғы ширегінде орыс отаршылдарының қанды қылышымен осып жазылған қарақшылардың есімдері де əлі күнге шейін зəр шаша айбат шегіп тұратын! Одан соңғы иманнан безген советтік-атеистік кезеңнің кеспірсіз «қолтаңбасы» да өз «іздерін» аяусыз басқан!

Тау баурайы толған көне қорым. Аралап кетсең, бағзы жазу-мен бəдізделген қойтас-құлпытастардың, дольмен-саркофагтардың, күмбез-сағаналардың неше атасына жолығасың! «Қарагөз» (Əбіш Кекілбайұлы көкемнің төртінші атасы – «төрт мəрте Қыдыр көрген» сақи Өтек Көпжасарұлының жекеменшік суы) бұлағының етегіне көз салсаң,  қазақ жүріп өткен шиыр-шиыр жолдар мен қилы-қиыр замандардың ен-таңбасын бұлжытпай тауып аларың шын: ежелгі мешіт-медресенің құламаған қабырғалары, көне керуен сарайдың орны, 1924 жылы мөрлі шебер Ідіріс Серікбайұлы тұрғызған жартылай құлаған мектеп (мұнда менің ата-анам, аға-туыстарым оқыған. Кейін бұзып алмақ болғанда, шамалары жетпей, тек төбесінің ғана материалдарын алып кеткен) жəне «Мақтым-Баба» қабірстаны жатыр. Қабірстандағы құлпытастар мен қойтастар, мазарлар неше ықылым заманнан сыр шертеді. Қ.А.Яссауидің 360 əулие-шəкірттерінің мүрит-софылары да, ноғайлының би-шоралары да, оғыз-түркмендерге пірлік қылған қожа-мақтымдар да, кейінгі қазақтың небір қасқа-жайсаңдары да осында тоқайласып, мəңгі жай тапқан. Алашқа қайыры тиген «үш Назардың» бірі Жаңайұлы Қожаназардың (Ə.Кекілбайұлының жетінші атасы) 73 жасында алған нақсүйері Ақшолпан мен одан туған ұлы Қошан (қазақ-түркмен дауында «Қараман-Ата» əулиенің басында алты жасында «Антқа тігілген» бала) да, Мəмбетұлы Саназар əулиенің шешесі Құдайназарқызы Мұратбике де, əйгілі Өтесбайұлы Түйте ахун да, заманы тар болып, құлашын кеңге жаза алмаған шерлі шайыр Түменнің əкесі Балтабас пен анасы Үрпая, қыршын перзенті Орысбай да, менің кəрі əкем Сырымұлы Ғафур (Қапу) да, кəрі нағашыларым Мəжімұлдары Əбдіраман мен Нухы да, нағашы əкем Жолдаұлы Төремұрат та осында жерленген. Əрі суық, əрі ыстық мекен. Суық болатыны – ең аяулыларымды қойнына қымтаған «бауыры суық қара жер», ыстық болатыны – мені дүниежарық қапысынан енгізіп, күллі ғаламның құпия сырларымен алғаш қауыштырған қоныс қой бұл!..

Фото-1

САНАДАҒЫ БӘДІЗДЕР

Мұқағали марқұм өзінің сəби шағы туралы «Алдымен көргенім – аспан» деген поэма жазды. «Мен алдымен не көрдім екен?» деп ойланам кейде… Асылы, ілкі көргенім – аспан да емес, жер де емес, бəдіздері мен құпия жазулары быжынаған көне қорымдар болса керек…

Нағашы əкем Төремұрат – Жолда мен Үбі атты екітумаластың арасында тел өскен бала екен. Өзі де перзенттен күдерін əбден үзіп, кемпірі Тəжіхан (Есімұлы Ізбас ақынның қызы) екеуі «ел қыдырып, етегін шеңгел сыдырып», əулиеге түнеп, Құдайдан: «Тым құрыса, көзі соқыр, құлағы саңырау, мұрны пұшық бір қыз бере гөр!» деп тілек етеді. Кең Иеміз иіп бір қыз сыйлайды. Есімін Дəмежан қояды. Сол қыздан біз өндік. Көкем (Қапуұлы Нұржан) мені нағашыма береді. Туғаннан шекем шоқыланып, тіл-аузым тақылдап тұрса керек, немересінің алдын қимаған Көкем қайта-қайта нағашымнан алып кетіп тұрыпты. Кей туыстарым мені кейін қыжыртқысы келгенде: «Даулы бала» деп атап жүретін…

Тұңғыш көрген шайқасым

Сəби шақтың естеліктері үзілген кинопленкаға ұқсас. Міне, «Түбіжік» шыңырауынан «Сарыайғыр» дейтін пілдей айғырмен шығыр тартып жүрмін… Үш-төрт жастағы кезім жадымда: «Түбіжіктен» мал суарысып тастап, түсте «Маңсуалмастағы» ауылға қарай күрең қасқа атпен құйқылжыта шауып келе жатушы едім. Ерке баламын, «Ауылға қарай шаппа, ол – жаман ырым!» деген тыйымдарды тыңдамаймын… Сондай күннің бірінде ізімнен апыл-тапыл басып еріп келе жатқан шекесі торсықтай Молдағали бауырым шетінеді… Сондай күннің бірінде менен екі жас үлкен ерекше жақсы көретін апам (əкемнің қарындасы) Айман аяқ астынан ауырып, бақиға кете барды. Сол оқиғалар санама қатты соққы болып тиді: жапандағы жалғыз талдың түбіне барып ұзақ күн жылағаным есімде. Содан кейін ауылға қарап шаппайтын болдым…

Түс əлетінде ауыл жаққа құйындап келе жатырмын. Соңымда «Аққоян» атты сырттан төбетім бар. «Аққоян» «тоғыз қасқыр алған» мақтаулы ит. Құйрығы шолақ, салқы төс, қазанбасты ақ төбет. Адамға үрмейді. Атасы «ит» демесең, адамнан зият дерсің! Ел жатарда шыңырауға түскен қауғадай күмпілдетіп екі-үш мəрте үреді де алаңсыз ұйқыға кіріседі. Онысы маңайдағы ит-құсқа «мен бармын!» деген белгі көрінеді. Демек, ол бар жерге түлкі-қарсақ түгілі, бөрі-шағалыңның жоламайтыны ақиқат!..

Ауыл маңында бір отар қой жайылып жатыр. Ұлы қырға көшіп бара жатқан елдің малы. Адамдары біздің үйден түстеніп жатқаны белгілі. Ауылға қонақ келсе, сұмдық қуанушы ем, сол шаттық кеудемді кернеп кеткен, кенет ағаш үйдің (киіз үйді біздің ел осылай атайды) көлеңкесінен созалаңдап бір қара-ала пəлекет көтеріле берді!

1434821883_11

Туғалы мынадай зор жыртқыш мақұлық көрмеген басым кілт тоқтаған күрең қасқадан ұшып кете жаздап, қалшиып қаттым да қалдым. Əлгі құбыжық жыртқыш мені аттан жұлып алып жыртып-жыртып жеп қоярдай, иманым қасым болды! Кенет… соңымнан жебеушімдей болып «Аққоян» да жетті-ау… Мойын да бұрған жоқ, бара айқасты. Əшейінде біздің көзімізге абажадай көрінетін алпамса итім жаңағы құбыжықтың қасында күшік құсап қалғаны! Екеуі өрелесіп кеп кетті, «Аққоян» əлгінің алқым жағында жүр. Не құдірет екенін қайдам, сəлден соң қараала диюдың жер тіреген аяқтары көтеріле бастады да, гүрс етіп «Аққоянның» астына төңкеріліп-ақ түскені!.. Сырттаным алқымнан дұрыстап қарпып қалыпты, жаны қарқараға келсе керек, қара-ала иттің көкті жырта қаңсылаған əжептарқы даусы тым үрейлі естілді. Құйрығынан жалқын атып кеткенін көзім шалды. Үйден үлкендер жүгіре шығып, көкем «Аққоянның» қарысып қалған жағын қамшының сабын тығып айырып алды. Алмас азудан босанған бейшара құйрығын борбайына тығып алып отар қойға қарай безіп кетті. Төрттағандап шабады екен… Сөйтсем, көшіп бара жатқан – Сауранұлы (ақын) Базылбек атты балуан атамыздың баласы Абылдың ауылы, ал əлгі «ала дию» – қазақтар «түркпен-төбет» атайтын, «алабай» атты аршылан екен ғой!

Мен, бəлкім, дəл сол сəтте – алдан күшті жау шығып, тарығып тұрғанда арттан көмек жеткен ерлердің шалқыған сезімін алғаш бастан кешкен шығармын? Дəл сол күні – өзінің түкті топырағы, құтты атырабының шегі мен шебін қорғап, намысын ешкімге бастырмай жүрген шын сырттандардың алапаты мен марапатын тұңғыш сезінген шығармын?.. Əйтеуір көпке дейін ерекше көңіл-күйде жүргенім рас… Кейін ересидаға енген, есейген шағымда «Сырттан туралы хикая» атты баллада жаздым. Сондағы:

Мен неге ит-таласқа

майдалайын? –

Көретін бұл майданды

қайда ағайын?!

Осындай ерегесте

арды айырған,

Атаңның əруағынан айналайын! – деп келетін жолдарда көз алдымда өткен сол шайқастың əсер-табы бар болуы əбден мүмкін…

КӘКЕМДІ ТАСТАП ҚАШТЫМ

60-жылдардың ортасында колхоздар таратылып, ірілендіру, оның соңы совхоздар құру науқанына жалғасты. Біздің Қаңға-Бабаны («Шевченко» колхозы) Таушыққа қосты. Елдің əлділері солай қарай көшті. Қаңғада Мұзбай атты ажарлы дүкеншісі бар жалғыз дүкен мен 20-30 үй қалды. Кəкем (нағашы əкемді солай атаймын) Төремұрат əлгі дүкеннің бар тəттісін аузыма тосады. Ертіп жүріп қабірстандар мен тауды аралатады. Мені баласынбайды, не қилы əңгімеге қарық қылады. Ертегі-хикаялар айтады, өлең-жырлар үйретеді. Айтқанын сол бойда жаттап алып, тақылдап айтып берем. Көпшілігі əлі жадымда:

…Қошқар болар тоқтының

Маңдай жері дөң келер.

Адам болар жігіттің

Етек-жеңі кең келер.

Сөйле, бұлбұл, дегенде,

Сөйлемей қалар деп пе едің –

Қара жерге нұр жауар,

Жердің беті көгерер.

Өлген адам не көрер?

Əзірейіл келген күн

Құнан қойдай жайқалтып,

Алдына салып өңгерер…

Бұл жырлардағы астарлы ұғымдарды аса ұғына қоймаймын, бірақ əр айтқан сайын бір тылсым əсерлерге бөленетінмін…

Есенбайдың Қарабас,

Үйі толған арам ас.

Шұбаты мен қымызы

Торсығында аралас.

Қарабастың қатынын

Шығарып таста күлменен,

Көміп таста белменен.

Аузы-басы ыржаңдап

Ашылып жатсын желменен!..

Бұл – кəкемнің Қарабас деген құрдасын мошқап шығарған өз өлеңі. Жұртта қалған азғантай ауылдың жандары сəл сылтаумен жиі бас қосады. Мал жайланған соң, көңіл де жайланады. Қоңыр кеңес басталады. Біраздан соң маған өлең айтқызып қызықтайды. Олар мақтағанға бірталайға шейін танауым делдиіп əжептəуір болып жүрем. Батырлар жыры мен ертегілер кейіпкеріне айналып, тым бөсіп кететінім де бар…Ақбұлақтың басында 45-46 жыл өтсе де – ақ гвардияның жандаралы, Орал казактарының ақырғы атаманы, кейін Австралияда 1954 жылы 71 жасында жан тапсырарда күнделігіне: «Ең соңғы адайдың сүйегін музейден көрсем, арманым болмас еді!» деп аһы шегіп, «арманда кеткен» Толстовтың 1920 жылдың ерте көктемінде қырылған əскерінің сүйектері шашылып, бастары домалап жататын. Сисенбек деген ағамның тұт қағып жүріп, солардың арасынан алтын тіс тауып алғаны бар. Кетремпордың, бəлки Мəскеудің сəнді залдарында, ақсүйек арулардың алдарында офицердің аузында жарқылдап жүрген алтын тіс, күндердің күні болғанда, «бұратана киргиз» – менің Сисенбек ағамның қолында жүрем деп ойлады деймісің?! Əрине, бұл менің кейінгі ойларым, ол кезде оған парық еткен ештеңем жоқ қой…

01-07

Сондай күндердің бірінде кешке қарай кəкем екеуміз таудың үстінен қой қайырып келе жатқанбыз. Астымызда үйелмендей ақ «ат-ешек» бар. Бытырап кеткен ешкі-лақтарды айдап қайтпақ болған кəкем тау арасына түсіп кетті. Қас қарайып келеді. Анау таудың алқымы – зілдіқабақ тұйық «Жемсенді» деп аталатын. Емдік шөп жемсен өсетін болғандықтан солай аталған. Жұрт ол жерді жайлаған жын-шайтан жайлы көп əңгіме айтатын. Қараңғылық қоюланып, кəкем кешіккен сайын секемім – үрейге,үрейім қорқынышқа ұласа бастады. Үңірейген кеуектер мен сəңірейген қуыстар, теңселе сыбыр қаққан тұт ағаштары бір-бір малғұн немесе шимұрын-шөрəліге айналып, енді-енді тап беретіндей жан-жағымнан қаусыра түсті. Тұра безгім-ақ келеді, əйтсе де кəкемді мынадай диюлардың ортасына тастап кетуге намысым жібермейтіндей… Кенет жақын тұстан байғыздың сұңқ еткен жылаңқы даусы естілгені. Мен ақ есекті бас-көзге төпелеп безіп бердім! Қой да қалды жайында, шал да қалды тауында! Үйге өңім қашып кірсем керек, шешем таңдайымды басып, үшкіріп ырым қылды. Кəкемді уайымдап, оны тастап қашып кеткеніме қорланып, үйге бір кіріп, бір шығып байыз таба алмай жүрмін. Түн əбден қоюланғанда қойлардың мекіренгені, қозы-лақтардың маңырағаны, сəлден соң кəкемнің жайбарақат қақырынғаны естілді. Үйге зып етіп кірдім де, пеш түбіне теріс қарап жатып қалдым. Ұят өртеп барады ішімді… Өтірік ұйықтаған болып жатырмын. Кəкем асықпай шешініп, төрге шықты. Баппен намазын оқыды. Содан соң келіп желкемнен иіскеді. Оның ғажайып қоңыр иісі келді танауыма. Содан соң сақал-мұртымен желкемнен қытықтап, еркелете бастады… Бала көңілге соншалықты үрейлі көрінген түнгі тау үлкендер үшін өз үйлерінің ішіндей екенін көп кейін білдім. Бірақ сол оқиғадан кейін кəкемнің алдында көп мақтанбайтын болдым…

МЕШІННІҢ ҚЫСЫ

 …Сол мешін тым қаһарланып келді. Қар көктен жауып, жерден борап басып салды. Бүкіл əлем қардың астында қалды. Бізге кəрін тіге келген қыс қана емес екен, өзім күніге жырда айтып жүрген «Əзірейіл» тым жақын жерде жүрген болып шықты! Осындай алапат қысталаң қыста кəкем ауырды. Ауырғанда, бірден сұлық түсіп, төсектен тұрмай жатып алды. Күні-түні үдей соққан бораннан ауыл үйдің бір-бірімен қатынауы қиынға айналды! Алты жасар аусар бала – қайта-қайта ауырып жатқан шалдың кеудесіне шығып кетем. Шешем менімен арпалысып əуре. Бір күні таңғы ұйқымнан тұрып, ауыз үйден əжетімді өтеп қайтып келсем, шешем егіліп жылап отыр екен. Жүрегім əлдебір жамандықты сезіп мұздай болды! Сонда да бұрынғы əдетіммен кəкемнің домалақ ақ ноқаттары бар қоңыр көрпесінің ішіне кіріп кетіп едім, денесі тастан суық екен, қарып кетті! Ең аяулы, ең қимасымнан біржола айырылғанымды сонда ғана білдім! Шешем еңкілдеп келіп қалтырана бақырып тұрған мені бауырына басты. «Кəкем-ай! Кəкем-ай!» деп еңіреген мені жұбата алмай ол бейшара бəйек. Ең соңында: «Ақкетік шəрінен Шалқар молда келіп кəкеңді тірілтіп береді» деген сөзіне иландым. Енді молда қашан келер екен деп қар басып қалған терезе мен ашылмай қалған есікке телмірдім де отырдым. Содан үш күннен соң дүлей сабулаған бір шақта ақ түтек бораннан жол тауып көршілер үйге кіріпті! Сөйтіп өлген шалдың жанында бір уыс болып бүрісіп отырған шүйкедей кемпір мен бір шұқым сəбиді құтқарып алыпты…

Ақкетік қаласынан жанашыр жандар келді, сонау мұнай атылып жатқан Жетібайдың  арғы жағындағы Шынжыр дейтін жерге көшіп кеткен біздің үйдің адамдары да жетті-ау, ақыры. Кетік қаласынан келгендердің арасында Шалқар молда да бар екен, бірақ ол да менің сонша күткен үмітімді ақтамады. Кəкемді «құнан қойдай жайқалтып, алдарына салып өңгеріп» алып кеткен, сол бетімен менің ең аяулы, ең қимас адамым кеткен жағынан оралмай қойды… Артта қалған малы жұтқа ұшырап жатқанда қайдан кідіре алсын, көкем жерлеу кəдесі өтісімен барлық жүкті алапат үлкен əскери қара машинаға тиеп, шешем екеумізді алып кетті. Үйдің есігіне нəн қара құлып салынды. Біржолата. Сонымен, Төремұрат Жолдаұлы Қалмағамбет немересі деген қасиетті қара шалдың шаңырағының шамы мүлдем сөнді! Сол қара шалдың көкірек қазанында қайнап, тілінен төгілген шырын-жыр, кəусар-хикаялар арқылы мені талай мəрте қиял-ғажайып əлеміне енгізген жып-жылы құжыра белуарынан ақ кебінге оранған күйі сұп-суық болып томсарып соңымызда қала барды… Өлесі кəрінің аузындағы сирек тістей жұртта қалған елдің азғантай үйлерінің мұржаларынан тіршіліктің ақырғы деміндей болмашы түтін шығады. Алдымызда – ақ азуы ақсиған қарлы дала мен езуі ырсиған таулар, түпсіз құрдым жол жатты. Кейде ішін тартып, артынан мың сан қасқырдың үніне салып ұлыған боран үні бізді де лезде жұтып жіберді. Менің ішімде құпия сəуле сөнді, тылсым жарық өшті. Біржолата… Балалықпен солайша қоштастым. Алдымда мүлде басқа өмір күтіп тұрған. Ол – мүлде басқа əңгіме…

R.S. Алдыңғы, яки 2013 жылдың көктемінде Мақтым-Баба əулиеге зиярат қылып, аяулыларымның бейіттеріне құран оқыдым. Сосын бір-екі қырпудың артындағы «Қаңға-Баба» ауылының жұртына соқтым. Онда қазір үш-ақ үй тұрады. «Туғанымды көрмеген – өлгеніме жыламайтын» бейтаныс адамдар. Əдетіммен 1968 жылдың жынды желтоқсанында біржола тастап кеткен үйіміздің құлап жатқан орнына келдім. Екі-үш бөлмелі қоржын үйдің іргетастары ғана қалған. Көңілімдегі сəби шақтың елес-естеліктерін тірілтіп шырқ айналып жүр ем, кенет аяғым бір нəрсеге ілінгендей болды. Жүрегім алағызып, əлгі жерді шұқып қалып ем, топырақтың астынан тат басқан нəн қара құлып шыға келгені! Соның нақ өзі: ақ кəкемнің шаңырағы адыра қалып, есігін біржола бекітіп алған қара құлып!

Өз сертіне тұрып, енді ешкім аттамайтын иесіз босағаны əлі күзетіп жатыр екен… Тағдырдың қап-қара мөрі еді бұл! Қырық бес жылдан кейін алдымнан шықты! Ескерткіш үшін үйіме əкеліп қойдым. Жолда келе жатып: «Енді қайтып бұл Қара Мөр ешкімнің пешенесіне басылмаса екен!..» деп тіледім…

Светқали ағаларың.

«Ұлан», №45

(08.11.2016)

Ұқсас жазбалар:

Светқали Нұржан: Мем.сыйлық – менің бейітімнің басындағы көк құлпытас емес

Светқали Нұржан. Міскін Жүніс пен Молда Қасым жайлы хикая

Светқали Нұржанның "Дара жолы" (Видео)