06 нау, 2018 сағат 06:40

Светқали Нұржан. Хан кегі (дастан)

Әдебиет, өнер сүйер әлеумет үшін тағы бір тарту!

Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры 6, 9, 15 наурыз күндері ақын, «Құрмет» орденінің иегері Айт-Ман – Светқали Нұржанның бұдан он жеті жыл бұрын жазған «ХАН КЕГІ» дастанының негізінде осы аттас поэтикалық драманың премьерасын ұсынады.

Режиссері Гүлсина Мерғалиеваның әлеуметтік желідегі парақшасында бұл қойылымның жалпы мазмұны аңдатпа ретінде берілген:

«Хан кегі» – бізге дейінгілер жазып кеткен тарихта шындық деп таңбаланғанның бәрін ақиқат деп қабылдай аламыз ба деген сұрақтың жауабын тарқатуға ұмтылыс жасалатын поэтикалық драма. Ақиқатты іздеуді қазақтың елдігіне ниеті теріс, пиғылы жаттардың «мынау – тарихың» деп қалдырған қитұрқы жазбаларынан емес, сол дәуір тұлғаларының мақсат-мұратын, адамгершілік болмыстарын ашатын нақты амал-әрекеттерден өрбітеді. «Халқымды қайткенде жалмауыз кейіпті замананың жұтқынынан аман алып қаламын?» деп шарқ ұрған Әбілқайыр хан қапияда опасыздық пен аярлықтың құрбаны болды. Тақ төңірегіндегілердің ханға қастандықтың халыққа сатқындық екенін ұғып, ұлысты ұйытып, құныкерін ел алдында тізерлетуге дәті жоқ... Орданың еңсесін түсірмей тіреп тұрған Әбілқайырдың тар төсекте сырласы, ел қамында мұңдасы, басына басы тең жолдасы Бопай ханымның ақыл-парасты мен досты мерейлендіріп, дұшпанды иментетін айбыны ғана. Арыдан ойлайтын асыл текті Бопай хан кегінің жоқтаусыз кетуі әулет үшін ғана емес қабырғалы халқы үшін арға сын, елдіктің болашағына шабылған балта екенін болжаулы. Сөйтіп Маңғыстауды кеңінен жайлаған төркін жұртына хабар салулы. Онсыз да елеңдесіп жүрген қалың Адайдың билері байламын айтып, Шотан, Қонай, Арғынбай, Айбас батырлары атқа қонулы... Ханның басын қара алмайтын елдіктің салтын бұзбай, қан төгіп, бас жармай-ақ, ел алды түгілі жарық дүниеге көріне алмайтындай етіп қалың қазақтың ақ киізге көтеріп сайлаған қалаулы ханының кегін қайтарулы!»

С.Нұржан ақынның поэмаларын тұрақты жариялап келе жатқан Ult.kz порталы бұл жолы да театр ұжымына жаңа туындының сәтті шығуына тілектестік білдіре отырып, аталмыш дастанды оқырмандар назарына ұсынады.

ХАН КЕГІ
(ДАСТАН)

Бұл дастан – ХVІІІ ғасырдағы қиямет қан кешулерден, Алланың қалауымен, әруақтың жебеуімен, Алашты тәуекел қайығына салып алып өткен, қазақ халқын жер бетінен біржолата жойылып кетуден сақтап қалған, атадан аршылан туған Әбілқайыр Мұхаммед-Ғазы баһадүр хан Қажысұлтанұлының; ханның адал жары – Ел анасы Бопай ханым Сүйіндікқызы апамыздың; есімдері елеусіздеу қалып келсе де ересен ерліктері ел есінен ешқашан өшпек емес – Шотан Назарұлы, Айбас Арыстанбайұлы, Арғынбай Байболұлы, Қонай Кенжеұлы бабаларымның; баба-тарихты даңғыл кеуделерінде сақтап, бұлбұл тілдерімен сайратып өткен, дәл осы уақиғаны кейінге қапысыз аманаттап кеткен Тәттімбетұлы Еңсеп-тақтақ, Ә.Х. Марғұлан «көшпелі академия» деп бағалаған Меңдалыұлы Алшын сынды абыз аталарымның әруақтарына бағыштаған дұғам болсын!

Сөз Иесі

Түндік ашу
немесе жамиғатпен амандасу


Уа, ар ма, тең-замандас, құрма-құрдас,
Кіші іні, үлкен аға – жырға жымдас?!
Бұл бір кеп – сырым еді сақтап жүрген,
Қабыл ал қаласаңыз, дін-қарындас!

Сақтаған сарымайдай сырым еді,
Келіп тұр ақтарудың бүгін ебі.
Жүректің шамын жағып өткен күнге,
Алдында ақиқаттың жүгінелі.

Ілесіп жүйрік жігіт, жорға қызға,
Сәтті күн қош келдіңіз ордамызға!
Тіліммен көне күннің теңін шешсем,
Батпаспын алдыңызда мен қарызға.

Қалыпты теңнің аузы ши байланып,
Алдымыз тін шешілсе мыйдай жазық.
Бұл бір кеп – жау жайлы еді іштен шыққан,
Інішек, қарап шықшы үйді айналып.

«Сөйлеуге ерінім епті емерілген»,
Жел сөзге атым шықты шеберімнен.
Шемен боп шежірем тұр шегерілген,
Керең боп керуен жатыр шөгерілген.
«Жарға ұрған дарияның толқынындай»
Өлең боп ылықсимын кемерімнен.
Қозғайын бір әңгіме көне күннен,
Тұсыңа келіп қалған себебімнен.
...Тазартсаң көне күнді қанды кірден, –
Бұрқырап нұр шығады тереңіңнен!
Сол нұрды шырақ қылып жолымызға,
Алдына түсейін бір келенің мен.
«Жел сөз, – деп, – атасы арзан» қомсынбасаң,
Жәмиғат, сыбағаңды ал өнерімнен!
Шайырдың жырдан басқа малы бар ма,
Малымды сізден аяп не көрінген?!
Қағазға көрейін мен өлең тоқып,
Дестірге(1) өрнек тіккен тебеніммен.

Жайнайын, – жайна десең жан барында,
Сайрайын шарқи-фәләк(2) – хәл барында.
Жиылған жарандарды тарқатайын,
Азырақ бәйіт айтып алдарыңда.

Барлығын жиып тастап басқа кептің,
Шырмалмай шынымды айтар жасқа кеппін.
Сыбырлап сеніп айтқан періштемнің
Сырларын өздеріңе асмар(3) еттім.

Жолым бар алды – мұзда, арты – құзда,
Мерт болу құздан ұшып салтымызда!..
Шалдарым тастап кеткен шежірені
Отырмын салып сіздің талқыңызға.
Адал бол ей, Өлеңім, антыңызға –
Мұқаррам(4), ғиззат-лу(5) халқыңызға!
Ой тастап қайқы-жігіт, салқы-қызға,
Ойқастап мәреден өт қалпыңызда!
Ермегей шайтани сөз артыңызға,
Қарайық, ғақбытылы6, шарқымызға!

Бұл жердің ойы – жықпыл, қыры – дала,
Жықпылда жын жүреді ділі қара.
Енбесін жат пиғылдар бұл кеңеске,
Қара, аға, бір күнде бес – Құбылаңа!
...Қауымның бас-аяғы түгенделсе,
Бастайық әңгімені – жүмілаға!

І бөлім

Әбілқайыр баһадүр хан

«Жалған дүние ешкімге опа бермеген. Ол менен де қалады. Сол себептен де мен өзімнен өнген ұрпағым мен өзімнің халқым қазаққа қиыннан қиып жол салсам деймін. Сол жолды олар ұстанып, қажетіне жаратса деймін...»
Әбілқайыр хан.
Маусым айы, 1747 жыл.

...Сұр бұлттар пана тауып түрме-шыңнан,
Самал да желге айналды гүлге асылған.
Үркердей аз төлеңгіт үйіріліп,
Ханменен келеді өтіп бірге сыннан.
Су суыр Таразының таңы жақын,
Шақ еді шөп төлежіп, шілде сынған.

Мұздатып көкіректі желкейек мұң,
Ала алмай келе жатыр келте ой екпін.
...Нән Ырғыз аждаһадай обып жатыр
Жыланшық өзеншесін Өлкейектің(7).

Айтпайық, әй, бозторғай, бүгінше өлең,
Шырларсың көктемің кеп күбінсе дөң.
...Қабырға(8) қыңсылайды мына жақта:
«Өлкейек!
Артық па деп күнім сенен?!»

Бәз дала, сол баяғы жатқан дала,
Езеді еңсесінен батпан-нала.
...Ебелек жұлқынады әлдене деп,
Келгендей хабар алып Хақтан жаңа.
Баялыш, қаттығара, түйесіңір
Сықылды жолға құрған қақпан қара.
Топқаба топталады,
оқталады
Сен жаққа ататындай сақпанды ала.
Атойлап бара жатыр бір боз қаңбақ,
Жау жоқта ей, есер жел, аттандама!

Ұзамай сұр бұлттар жүр тауды айналған,
Ор киік жолды кесіп заулайды алдан.
Боз дала, мінезіңнен айналайын,
Қазақтың дәл өзінен аумай қалған!

Иә, сол!
Сол баяғы бәз дала бұл,
Тынады көктемде айтып аз ғана жыр.
Жел тынса-ақ қалғып кете береді-ай бір,
Құдайым ұйқысынан қозғамағыр!
...Бағжиып балбалдағы үкі қалды,
Төбеде түндіктей боп тазғара жүр.

Маңтөбе, төбесі – нұқ, көбесі – құт,
Шөгіпті көрген нардай өлесі жұт.
Желкені мұнартады Мұңалжардың,
Опқынға жұтылардай кемесі ұлып.
Шабады сағым біткен неге суыт –
Жоғалып қойынына төбе сіңіп?
Көп төбе – көп ерліктің куәсі еді,
Кетердей куә сөзін жел өшіріп.
Күрсініс қабындырды хан кеудесін,
Жүректен келатқандай жебе шығып...
Айдарлы аламаны қақақулап,
Алдынан шығатындай – қол есіріп.
Бастар ма сол күндерге жол есіліп,
Еспе жол –
сияқтанып көне сұрып...
Қаһарлы шақтарының
сағымға еріп,
Барады көз алдында елесі іріп.

Дәуренін қайта кешіп фәни-бақтың,
Шапанын киетіндей ағима – ақ түн...
...Хан кенет ексімінен табиғаттың –
Шеңгелі көк тастанып,
еркінен тыс
Балдағын қысып қалды ағинақтың!

Жо-жо-жоқ!
Қылыш емес, қамшысы екен,
Жол ұзақ, әлі де күн талтүс екен.
Көңілді жеп келеді күбірткелі-ой,
Япырмай, бұл не кептің жаршысы екен?
Лып етіп тұтанып ап сөніп қалад
Бір сезім –
алды үміт те арты секем.

...Қазаққа пана жоқ па жер үстінен!? –
Далаға салып барад орыс түрен.
...Шақырып күбірнатыр жанабына,
Осы жол – шыққан беті Орскіден.

Қанатты хан кірпігін күнге шағып,
Көзіне тұтанған ой жүлге салып.
Көңілдің түпкірінде бір қара жел
Жүйткиді жарғанаттай түнге сарып.
Арылтар мұң-азасын кімге шағып? –
Біле алмай келе жатты сүлдесі арып.

Түргендей көп күдіктің шымылдығын
Күліп-ақ көтерілген бүгінгі күн.
...Көз ашқан қуанышын қуып шығып,
Ініне кіріп алды жырынды мұң.

Үскірік мезгіліне жетпей соғып,
Көп үміт харап болды көктей солып.
Көңілдің ой тап салған көзіменен
Өткенін келеді хан көктей шолып...

«...Әз Тәуке, Би Әйтеке, аспаннан кел!
Болмаса жүректегі дастаннан кел!
Халқыңды аранға айдап бара жатыр,
Ықтырып теріскейден қасқарған жел.
Өздерің бата беріп, ерге қондым,
Іздедім достан – медет, қастан – қардер.
Алдынан қонтайшының бір-ақ шықты,
Аюке9 шатырынан басталған жол.

Құйып ап атау-кере – торсыққа дәм,
Аттанып кетіп едім – жол шықты аран.
Ақ Еділ – Өр Алтайдың арасында
Бір төбе қалды ма екен мен шықпаған?!

Хан болдым Хиуаға да, башқұртыңа,
Табынды олар-дағы тас тұрқыма...
Жамбасым тақтан емес, аттан тозды,
Табам деп жайлы қоныс қасқа ұлтыма!

Қасқа ұлтым – дала-дидар, ғаршы-бітік,
Жұртына кетті тастап қанша ұлытып.
Сүрінген кем жеріңді тергеп тінтіп,
Кетеді еңбегіңді тарс ұмытып.

Қасқа ұлтым – жансүйерім, әулеттесім,
Сонда да келем сүйреп Дәулет көшін –
Қанша ірет жау шапқанда мені тауып,
Танымай қалғаныңмен жау кеткесін.

Сүйерім: аспанда – Алла, жерде – қазақ,
Тек қана қазақтікі – мендегі азап.
Тоздырдым терге қажап тақымымды,
Аздырдым ақылымды шерге қажап.
Жүзінен иманымды үзбей келем,
Болсам да ниһаятсыз(10) елге мазақ.

Көзінің кірін жумай қанталаған,
Хан – қайқы,
биі – бүкір,
халқы – аламан.
Ит жылғы дауын даулап жүр өзінен,
Жау қоршап тұрса-дағы анталаған.

Арқасын ауыт жеген сорлы атан боп,
Жүргенім езге – күлкі, қорға таң боп.
Жаладым табандарын талай иттің,
Осы елге астрахатлік(11) орнатам деп.

Дұшпанды Еділ жаққа қарата айдап,
Ақ Жайық қолға тиді – абат аймақ.
Торғауыт, жағат-ойрат мені көрсе, –
Сықылды бура көрген қара тайлақ
Жын ұрып «Қалдамандап» тұрады да,
Бұрылып жүре беред «Қалақайлап».

Ал, бірақ өз елімнің шалыс түсі,
Келеді әлі жетсе алысқысы.
Барақ жүр – ұртқа сыймай қарыс тісі,
Батыр(12) тұр – бұтқа сыймай арыс күші.
Бұл елдің қызыл иек күшігі де
Кеп тұрад шалғайыма жабысқысы.

Сығылып аққан сеңдей қара суда,
Есіңе «Ақтабанды...» аласың ба?
Бұғатын бұта таппай босып ең-ау
Жеті өзен, екі дария арасында.
Кім еді мөңіретіп дұшпаныңды,
Кек алған Қарасиыр даласында?!
Қабанбай, үш Бөкенбай, Есет, Саурық –
Еліңнің әлі жүр ғой санасында.
Соларды ата жауға бастап кірген
Тағы да мені ұмытып қаласың ба?

Тал түсте қотаныңа кіріп ойрат,
Жатқанда отауыңда қылып ойнақ –
Мен сонда Түркістаннан шықпап па едім,
Найзамен дұшпан көтін түріп айдап.
Мәліндей мәуілдеген көп сұлтаның
Көрсетсе қайда қалды – бірі қайрат?!
Көзіңнің жасыменен бірге кепті,
Тұрған күн:
«Халал емген ұлым-ай-лап!..»

Изелдің Күлтөбеде кермеш-қаптай,
Күйзелдің Мәртөбеде жөнді ес таппай.
Жұрт жиып Қарағұмға қарағұрым,
Сонда бір алқап ең-ау кер бесті аттай!

Сан ірет теңелгенмен төрге басың,
Қадірдің қашқанына қорланасың!
Сол күнді сен де ұмытып қалдың ба, әлде,
Ордалы ел, қордалы жұрт – Ордабасым!

Шекесі шоқты қалмақ құтыңды алып,
Торғайдай тұрғаныңда қыпың қағып –
Төбеңде сонда сенің кетіп едім,
Құдайдың жалғыз ұлы сықылданып!
...Қан қылып қауырсыным, үкімді алып,
Енді кеп жерге тықпақ бүкіл халық...»
...Кептеліп қалды ащы жас алқымына,
Танауын баратқандай түтін жарып.

Ойнақтап өткен ойран – оралына
Тағы бір барып қайтпақ болады ма? –
Кер бесті ат жол жорғасын қайта тапты,
Ойының қайта түсті сорабына.

«...Шоқ іздеп адыра қалған күлді ошақтан
Күн қайда күндіз бұғып, түнде шапқан?
Ұмытпас – қабырғасы құм болмаса,
Сырдағы отыз шаһар бұл босатқан?!

Егесте екі талай ар-жан шығар
Мерт болу ерге, сірә, арман шығар!
Кез қайда – қалың қалмақ қаптай қашып,
Қаратау қара нардай алдан сұлар?!
Сіңген қан, жұққан жасы тарғыл таста,
Жан даусы жақпарында қалған шығар?!
Шынымен соның бәрі тәрік болса,
Бұл жалған, ырасында, жалған шығар!..

Аюке, Сыбан Рабтан – жоспарлапты,
Жоспалын кейінгілер асмарлапты...
Түйіліп жұдырық боп тастан қатты,
Сонда да мен қайтарғам қашқан бақты –
Қазақты екі жақтап жұтпақ болған
Інінде тұншықтырып – Қос қалмақты.

Тек маған бергендей-ақ аспан мандат,
Өсіп ем алды-артымды бастан барлап.
Өтсем де өміріммен қастан қорғап,
Неге-дүр шегем ылғи достан зардап?
Қарғысын қабыл қылып кетті ме, әлде
Ақшаңдап жанарлары аспан жалмап,
Аңырап Алагөлден қашқан қалмақ!

Салған ел кеше ұзатып: «арысым-дап!» –
Алдымнан шықпады ма тағы сынға ап.
«Бас таққа таласты», – деп тағыпты айып,
Мен, бейне, қуғандай-ақ тақ үшін бақ!
Қазақтың бірлігінен жарыса ұрлап,
Жан-жақтан алмады ма бәрі шырмап?!
Болаттың(13) Бас тағынан дәметкендер
Маңайда жүрген жоқ па әлі шулап!
Солардың бірін көрмей,
ақ жүзіме
Шашасың неге менің сары суды ап?

Дәметкем, Хақ үшін – бақ, ел үшін – тақ,
«Ел» – десе бөрі-жүрек жан ұшырмақ!
Дұшпаннан Ар мен Жанды айырған ұл,
Қанша ірет өз елінде сағы сынбақ?!

Қысқанда аз қазақты қалың қыспақ,
Мен сенің тұрып па едім қолыңды ұстап?
Жүгімді сен көтеріп жатсаң егер,
Нем бар ед жалқы жанды жалынға ұстап?!

Шынында, болып кеткен қатты ызалы,
Бизар ғып жақын шарғы, жат тұзағы...
Ағаның орынына шаптырад та,
Баланың орынына жатқызады!

Шынында арбадай ед Бас тақ маған,
Жолдардан өту үшін тас қаптаған.
Арбаға қазағымды тиеп алып,
Ойлап ем өтемін деп хас соқтадан.
«Атасы төмендіктен – бәсі төмен», –
Көп қазақ қарап тұрды мошқап маған.
Үндемей үлкен айтса төменшіктеп,
Жазығым – кеуде керіп, төс қақпаған.
Таққа құл бола алмайды ешқашанда –
Ел үшін ерегесте бас бақпаған.
Көтерсе тағын – Ері, ерін – Елі,
Тек сонда бағы аспанға асқақтаған.
Түсінбей –
осыны да түсінбейтін,
Кеткенмін тас шаһарды тастап қаран!

...Ұмытты ел – ерлерін де, Алагөлді,
Жеті жұт тағы ылаңын сала келді.
Көп сұлтан бөлісе алмай қара жерді,
Астында әр төбенің қала берді.
Сархадтан14 мен кеңіткен шегіндіріп,

Көп дұшпан келе жатты қамап елді.
Нәдір шах(15) Хиуадан мылтық кезеп,
Дуалдан қалың қытай қарады енді.
От құсып зеңбірегі – жын-буыршын,
Орыс тұр түршіктіріп бар әлемді.
Орыстың қамалының тасасында
Боданы қалмақ, башқұрт болады енді.

Қамап тұр іш-сыртымнан жеті дұшпан,
Бесеуін салады айдап – екі мыстан.
Жаралы нар құсаған далам жатыр,
Мұндайда сен қайтер ең –
о, туысқан?!

Таңқы төр, шарқы шаңырақ, тар босаға
Тартылған дария болды – арнасы ада.
Тартысып, әлде, осылай өтесің бе,
Тамтығың тақияда қалмаса да?!

...Әлсіз ел!
Туып еді күнің қашан?! –
Күштіге жағардайсың шыбындасаң.
Ұқпайсың және тағы түзу сөзді,
Кеудеңнің ішіне еніп шырылдасам.
...Аузында тістегеннің кетіп барам,
Мен-дағы бір күштіге тығылмасам!..

Ол күшті кім болады? –
Ал ойлаңыз! –
Жәутеңдеп жас сәбидей қарайды абыз.
Сансырап талтаңдаған талай нағыз,
Іштегі өртті басып жалайды, ә, мұз!
Күн туса аспан – ая,
жер – тебінгі,
Басында Манартаудың мараймаңыз.
Әр мұздың жабысасың балағына,
Сең жүрсе жай-күйіңе қарай ма мұз!
Жан кетті жанұшырып әр сынықта,
Шатынап халық деген шарайнаңыз!

Ендеше, тіл, дін, түрі, нәсілі өңге
Орыс тұр – домалатып тасын өрге.
Тал бойын көп өзеннің алып болды,
Ол бір өрт – қарамайтын басы-көзге.
Алмасаң ебін тауып өрттің алдын,
Қазақтың қалмағы хақ басы көрде!

Отырсам нәтижені көріп кеңнен,
Көп бәле келе жатыр өріп дөңнен.
Тәуекел, Әз Тәукелер бір кездері
Орысқа шапқылап па ед еріккеннен?!

Халықтың жәутеңдеген соңындағы
Ертеңін болжай білу оның бәрі.
Орысқа бодан болған хан Аюке
Петрге арқа таңып не қылмады?!

Жерім жоқ не істесем де алғыс тапқан,
Елің бар алагүлік қарғыс қаққан.
Екі-ақ жол: не жоқ болу,
не болмаса
Жол тауып өту мына тар қыспақтан.

Тәуекел ете аласыз, ал қайсыңыз? –
Өтетін өткелектен жолды айтыңыз!
«Болғанда қытай – темір, орыс – қайыс»,
Қайсысын қос ноқтаның таңдайсыңыз?

Таңдауға беріліп тұр бүгінше – хұқ,
Ал ертең гүлің солып, күнің сөніп,
Талмауға зар болу – хақ, таңдау түгіл,
Кеткенде Исрафил – үрін соғып.

Талмамай жұтар еді қытай сені,
Белгілі не болмағы – ұпай соңы...
Жалына жел апартпас жайшылықта
Көп мәстек мұндайда үнсіз – тұқай соры!

Боданы, ал орыстың қанша халық
Кенеліп жатпаса да сонша жарып,
Сен құсап бұйырмасы бұттан кетіп,
Көзінен отырған жоқ қан-сор ағып.

Тауға да, тасқа да ұрған бұл басыммен
Бұл жайды қанша ойландым,
құндасың – мен!
Діл-тегі жат халыққа Сен, әйтеуір,
Тамшыдай жоғалмайсың құмға сіңген!

Иледі көшпеліні мекер-індет,
Шалуда балақ, бастан мекеніңді от.
Кең далаң – бүгін бағың,
ертең сорың,
Енді оны жүре алмайсың жеке билеп!

Ортаңа тігіп жатыр албасты үйін,
Оңышып албастымен оңбас күйің.
Шығасың не де болса осы жолға,
Кешіксең оны да ұғар қалмас мыйың.
...Үш қазақ бір тізгінін қолға ұстатса, –
Қайысты қиып кету болмас қиын!

Орысқа «одақ» қылды – осы байлам,
Сөз естіп, теперіш жеп не шығайдан...
Нарында бауырғал жоқ, атында айыл,
Түзеліп кетсін елдің көші қайдан!
Пендеңді сақта, Панам, кесір ойдан,
Даламның төсі – майдан,
есім – ойран!
Орыстың аранына тықты-ау айдап,
Қор болған ессіз елге есіл айлам!

Қандырған ащы жасқа, құндақ-елім,
Оманға(16) кепсі(17) салған бір бала едім.
Қоймайсың көзге шұқып сол ісімді,
Мен қашан борышымды бұлдап едім?!

Басымнан ұшар сойды бақ-баябан,
Сүтіңді қайтсем сенің ақтай алам!
Мен басқа жол таппадым,
ана-жұртым,
Өзіңнен басқа менің жоқ қой анам.
Анасын аранға айдар мен емес ем,
Түспесе пірден – жарлық,
Хақтан – аян!

Халық пен Хақтан өзге қорғаным жоқ,
Ертеңі қалды елімнің арманым боп.
Тоқтаудың орынына пәтуаға,
Кетеді тағымды ұрып әр залым кеп.
Сыртынан «Ел» – деп қою жалған індет,
Көрсетіп жүргені жоқ Арға құрмет.
Олардың «Ел» дегені – өз ұруы,
Шерменде ел қарға тамыр –
тармағың көп!..
Көп тентек кіжініп жүр,
менен бұрын
Патшаға бодан бола алмадым деп.

Япырмай, ордалы жұрт, қоралы көп
Бірігіп іздемейді неге әділет?
Барақ жүр күнінде ойлап қырық пәле,
Тынысын тақ жалмаған – ол әбілет!
Қазаны қарау ойдың қара жүрек –
Толқын боп арам қаны соғады бет!
Шығарды тағы шатақ:
«Әбілқайыр –
Хиуалық керуенімді тонады!» – деп.

Сұбханым, қолда – барым, көзде – иманым,
Ар еді жетелеген боз бұйдалым.
Біреудің керуенін тонау түгіл,
Өзіңе бұйырсын де – өз жиғаның!

Алғандай әрбіреуі Хақтан әмір,
Батпансып келетіні-ай баптана бір.
Білмейді елін әркім талайтынын
Қалмаса ханда – кие, тақта – қадір!..

Әуелі алдарқатып тізгін беріп,
Орыстың бұлты шөкті бізге ірмеліп.
Қазақтың мыйын сора бастады енді,
Басында әр қорғанның құзғын болып.
Қамалын қанша шаптым,
одан соң да
Бұғауын бодандықтың үзгім келіп!

Мен баста:
«Болам, – деп ем, – одағыңда», –
Бар екен басқа пиғыл аранында.
Дұшпанның елім жатыр боданында,
Мыстанның жерім жатыр табанында.
Әр жерде омырылып ордам қалды,
Қурылған жұмыртқадай таба-құмда...
Бас сұққан өз ырқыммен бұғалыққа,
Жоқ сынды, бір қарасаң, обалым да!

Бір қылмай үш қазақтың Астанасын,
Сен де бір ағып түскен тасқа жасын.
Шаққанда шаптан – таяқ,
қақпанда – аяқ,
Бұлқиды бұғалықта – қасқа басым!..»

...Ойының осы жерге арты келіп
Ирілді – ол да жолдың салты делік.
Қашан да мұңға құрдас, ойға жолдас
Жүрген ер тәнтәнай боп талқы көріп.
...Назарын жалғыз бұған тіккен сынды
Қарайды күн де бүгін қантүленіп!

Ой-малта – ер талмайтын ішкі қорек,
Сол ой-дүр жөнге салар істі демеп.
...Бір заң бар жазылмаған табиғатта –
Қалай да күшті жеңбек, тісті жемек.
Хан көзі қантүктенген күнді шалып,
Есіне Неплюев(18) түсті кенет!..

«...Тұмсығын көкке шаншып керегелі,
Шынында, губернатор не деп еді? –
Тұрғандай албастының астын көріп,
Аспаннан не іздейді осы немелері?!
Ғаршыдан жер жазуын оқитындай,
Шіренед шеттерінен төрелері.

Ал мына Неплюев – мүлдем зұлым,
У қылып жұқтырады тілмен зілін.
«Жат пиғыл», «бақ құмар» деп патшасына
Сыртымнан білем даттап жүргендігін.

Ойлама ана басты асқабақ деп,
Жатады зымиян ойы тасқа көктеп.
Осыдан төрт жыл бұрын әскер жиған –
Қазақты түгел қырып тастамақ боп!..

Қадамды ол да, мен де санап бастық,
Аңдыстық, тамыр түрттік, қабақ бастық.
Құдайға не шара бар,
қойған мені
Осындай Ібіліспен табақтас қып!

Не деді ол? –
«... – Қазағыңның еру елі,
Тынған жоқ сахарада серуені.
Ұшынып қымызына арда халық,
Ісініп өз буына семіреді.
Ұмытып кеше берген уәдесін,
Бүгін кеп малды ұрлайды желідегі.
Қайтқан жоқ Русия тұтқындары,
Тоналып жатыр әлі керуені.

Хан тақсыр!
Түсінеміз қалай мұны?
Қозғап мен отырғам жоқ талайғыны.
Әуелі ант беріп ап, жалт бердіңіз,
Қазақтың жетті соған бар айбыны...»

« – Мен емес,
жүрген – сен, – деп, – сертін бұзып! –
Шарт кеттім сәнді орданың көркін бұзып. –
Қоя алман көзім тірі тұрғанымда
Халқыма сөз түгілі – жел тигізіп!..»

Мырс етті губернатор.
Күлді неге?..
Нән жайын желбезектен ілдіре ме?!
Сабырға шақырады еппен ғана,
Сыпайы сыртқа сырын білдіре ме!

« – Хан тақсыр, қалыпсыңыз көбеңсіреп,
Сізге де сөз беремін мен еншілеп.
Сіздерде қалай еді? –
«Ханда қырық
Кісінің ақылы бар» демеуші ме ед!

О, сөздің түсінемін сарынына,
Халқының қасиетіне ханы – мұра.
Ханда егер қырық кісінің болса ақылы,
Бар шығар сонша адамның сабыры да!..

Сонымен, Еділдегі қалмақтарды
Әлі де қоймадыңыз зарлатқанды.
Боданы Ресейдің ол да сіздей,
Қос бодан бермеу керек қанды ақпарды.

Ақтайтын сөз таппадым қанша ойланып,
Кеудеңіз өткенді әлі аңсайды анық.
Дүрліккен башқұрттарға «қой» деу түгіл,
Алдыңыз бардыңыз да хан сайланып!

Боданда болу керек бәсік қылық,
Антына жатпау керек ашып бүлік.
Патшаның пәрменінсіз –
Орскіге
Бір жолы алыпсыңыз басып кіріп!..

Наз еді шықпай жүрген бұл естегі,
Өзіңіз – аз халықтың мінескері.
Айтпақшы, бірігіп ап қонтайшымен19
Жүрсіңіз тағы кіммен күрескелі?..

Жә, жақсы!
Кейде осындай талқымыз бар,
Тұтпаңыз талқымыздың артына ызғар.
Хақым жоқ Сізден жауап алатынға,
Жүріңіз адал болып Антыңызға, ал!..
Бас қосу рәсімі іретінде,
Қоятын бізге қандай шартыңыз бар?..»

Түйіліп жандаралға қалдым қарап,
Құдайдың беруін-ай малғұнға бақ.
Айтқызбай көңілдегі көп қыжылды
Аққаптал кетті тағы алдымды орап.

Отырдым алқымыма зәр кептеле,
Кеткім кеп жандаралға кәр боп төне!..
Шартымды тынды айтқызып, сөзбен сылап,
Қыпық боп арадағы Мәмбет-төре(20).

Кек сақтап қайтем бұған кір көңілмен,
Жел ортақ – тағдыр ортақ іргені үрген.
Жан еді кешегі бір аласатта
Тәуекел қайығына бірге мінген.

Болады енді қанша сарсаң жаным,
Хақ білер – бізді орыстың қанша алдарын.
Кетер де – көтермесе жер ойылып,
Шартымның артып кеттім бар салмағын!

« – Жүргем жоқ мен де, ендеше, қаза тілеп,
Еспесін сөздеріңнен тозақы ілеп...
Бірінші, Шыңғыс21 қалып орынына,
Қайтады Аманаттан – Қожахмет(22)!

Екінші, берсін патша жаңа мандат,
Кім кепіл шаппасына қара қалмақ?
Елек пен Сыр бойына, Түркістанға –
Үш қамал салып берсін маған арнап.

Үшінші, ойламаңдар бас қамы деп,
Ол жерге мен кірмесем, басқа кіред. –
Қолыма мөр басылған қағаз беріп,
Қазақтың танисыңдар – Бас ханы деп!..

Орнайды бейбітшілік сонда ғана
Осынау аламанды сар далада.
Қайтады сонда ғана тұтқындарың,
Жем болмай бүрге менен қандалаға.
Жүреді керуенің емін-еркін,
Жуасып қалтамандар ардан ада.
Сырласпай Сыбан Доржы – Нәдір шахпен,
Тауына тығылады жоңғар, ана.
Сархадтан сығаламай сімсік қытай,
Қылады тіршілігін тар қалада.
Әйтпесе, бұл тірліктің баяны жоқ,
Көп сөздің бірі болад – сандалама!..»

«...Өзгерді губернатор неден кенет,
Бір түрлі күткендей ме менен көмек?
Ақшаңдап аспан кезіп жүрген көзі
Тіреліп тұрып қалды тереңге кеп.
Арқамнан қағып тұрып қоштап кетті,
Жүрген бір пірім құсап желеп-жебеп».

« – Болады!
Орындаймыз шартыңызды!
Бас ханның сендіреді Анты бізді.
Патшамен келісілген бұл жайында,
Тез барып қуантыңыз халқыңызды!
Ақыры түсіністік, уа, хан тақсыр,
Асырғай, Құдай біздің даңқымызды!..»

«Ойпырмай, қалай болды осы жағы? –
Жанарын Мәмбет неге жасырады?..
Кердеңдеп аспан тіреп тұрған төре,
Елбеңдеп неге кенет бас ұрады?

Бір түрлі өзгеріс бар өңде барлық,
Бұзылды өтпес өткел пәнде қарғып.
Қанша жыл өзек талып күткен арман
Төбеме шығып кетті демде қарғып.
...Жаңағы сыбырлаған жандайшабы
Патшадан әкелді ме, әлде жарлық?

Жолында осы арманның құрбан болғам,
Осы арман – мені талай бұрған жолдан.
Бір Алла ұзағынан сүйіндіргей,
Бақ оңай кетед деуші ед – жылдам қонған?..

Кеудемде сақтық та тұр серек құлақ,
Әліптің артын бағу керек, бірақ...
Топ23 атып «Бас хан үшін» жеті мәрте,
Шығарып салды мені көп атты – жат...»

...Қоштасты губернатор асқақ күліп,
Сәтті күн қауышуды мақсат біліп.
Жандарал – қынаптағы кәрлі сүңгі,
Талайдың таңын жыртқан тас қаптырып!..
Тевкелев әлденені ымдайтындай,
Көздерін көкжиекке тастап тұрып.
Ақыры айта алмады ол, –
Неплюев
Бараққа жібергенін ат шаптырып...

...Хан ойын даусы бұзды төлеңгіттің,
Құлағын кеткендей ме керең ғып мұң...
– Хан ием!
Ниеті бұзық біреулер тұр...
Не үн бұл тамшысындай терең күптің?..

Құдай-ау, кімнің ниеті бұзылып жүр?
Бұзбақ па енді жеткен қызығын бір?..
Хан есін әрең жиып алды теткіп,
Қиялдың желге ұшырып үзігін кіл.

...Барақ-ау – адырайған мұндар ана,
Періге жолдас еді, жынға – жора...
Бес жүздей қол келеді желе-жортып,
Мініпті кілең баран, кіл қараға.
Қымтаған ниеттерін сиықтары-ау,
Қараға тығылмаса, түн бола ма!

Келеді жортып бәрі қара аттының,
Тауға ұрып күн барады қанап мұрын...
Әйтеке айтып еді-ау талай ірет:
«Абай бол!
Жау жолықпас жарақты күн –
Алғын деп жүрер жолды қарап бұрын...»
Осыдан әлденеше сағат бұрын
Кетіп ед би, батыры тарап қырын.
Айдарлы аламанды ертіп жүрмей,
Қалуын, төлеңгітке қарап күнім!..»
Өзегін тіліп өткен ащы өкініш
Хан бекіп, алды басып сәл аптығын.

– Қашайық!
Құтылуға бар мүмкіндік,
Кетеміз адастырып алдын түн ғып...
Қасында төлеңгіті тұр безектеп...
«Бұл неткен, уа, дүние, тарғыл тірлік?!

Шаршадым тарғылданған тірлігіңнен,
Пәршамын ел қылам деп құлды кірген.
Жұмаққа менсіз жүріп жетер болсаң,
Жетіңдер, жарғыласып бір-біріңмен!..»
Қарқылдап күлді кенет Әбілқайыр,
Қаһарлы қара тастай гүлді бүрген.

– Кім? Мен бе?!
Қашып мені қатын деп пе ең?! –
Әй, кәпір, нәйіс еді затың неткен!
Көп қалмақ «қалдамандап» қаптағанда,
Жерімді естіп пе едің қапым кеткен?!
Мына иттер сол қалмақтан ұлық болса,
Хан болып неғып жүрмін,
хакім боп – мен?!

Анадан өлмес болып жаралып па ем?
Тез өшір бықсық сөзді сананы үйткен!
Атадан туғанымда аршылан боп,
Қашам деп ант беріп пе ем барақ-иттен!

Бұл Барақ – барақ еді мен білетін,
Шәуілдеп қарыны ашса елге үретін...
Сәлем айт арттағыға – мен өлді деп,
Қалдырмас – елді жетім, көлді жетім!
Шейіттік – Ер мирасы туылғаннан,
Ақ өлім, енді сенің келді іретің!..

Сол сәтте қаптап берді қап-қара бұлт,
Бір Сәуле қарсы атылды – әппақ, арық...
«Сендерге не жетпейді, боздағым-дап?..» –
Балаққа боз бас селеу жатты оралып.

Зарына боз селеудің кім қарасын! –
Бәрінің басында тұр бір ғана сын...
Бүктүсіп боз селеулер қалды жатып,
Білген соң боздағының тыңдамасын.

Соғылды Ақ Сәулеге Қап-қара бұлт,
Барады бұлт етегі отқа оранып.
Таңдайы сұр батбаттың тақ-тақ етті,
Иықтан қанды жалап жатқан ағып...

Ар туы алты Алаштың – есіл ері,
Қайтарып көп найзаны өшігеді.
Қазаққа көтермеген қайран қолын,
Бараққа көтереді осы жолы!

Құдайы жаратқанда дара ғыпты,
Дараға тап қылмапты саналы ұлтты...
Ішқұса күндерінің өшін алып,
Ақ жасын тілгілеп жүр қара бұлтты.

Шын Барақ жолықпайды жолында бір,
Кіл барақ бір бөрінің соңында жүр.
Бұлар да жүріп еді-ау жанында бір,
Шөп болса, – шалғы тиіп орылмағыр!
Орынын бір Барақтың толтыра ма,
Шөкелеп көрге көмсе онын қазір!..

Өлкейек жатыр толқын парақтаған,
Қыр жатыр жылғасы жоқ қан ақпаған.
Кенеттен ханның үні кетті үзіліп:
«Қайдасың, Барақ!
Барақ!
Барақ-таған!..»

Ақ сұңқар көп қарғаға қанат шайқап
Шүйгенде...
аунап кетті абат-байтақ.
Көзіне Барақ енді түскен кезде,
Сүрінді ат...
Қоя берді қанап пайтақ...

...Жалғыз хан алдырмай жүр! –
Жан қысылды,
Жалғыз хан – бұлт қамаған қарлы шың-ды.
Қарлы шың асқарымен аспанды ұрып,
Сілтейді найзағайын шалғы сынды!..
Мәрттікті, адамдықты жерлеп тастап,
Кер атқа Сығай(24) сұлтан салды сүңгі.

Сүрінді ат – сүңгі кіріп қыл майқаннан,
Иесін алып өткен кіл қайқаңнан.
«Атсыз ер – қанатсыз құс!» – деген кім ед,
Түбінен кесер ме еді тілді айта алған!..

Сүрінді ат – жауға иесін бір сатпаған,
Алды-артын өткел бермес құрсапты аран.
«Шарам жоқ!
Қош бол, ием!» – деген сөзді
Жанары барады айтып бұршақтаған.

Сүрінді ат...
Сонда да хан жығылмады,
Түс сынды әлепайым мұның бәрі.
«Барақ!» – деп ақырады қаһарлы хан,
Саңқылдап ақ иықтай тұғырдағы.

Білмеймін, содан кейін тынды ма аспан? –
Қара түн келіп қалды қырды басқан.
Сырымбет Бекбасұлы сырт айналып,
Паң ханды айбалтамен ұрды бастан.

Жабылып жалғыз ханды аңдарша алып,
Ырылдап – болып жатыр арлан-шабыт.
Арыстай кеудесіне өлген ханның
Барақ жүр қайта-қайта қанжар салып.

Күн кетті қанға малып от қанатын,
Қол кетті – біреу қылыш,
мақтады атын...
Ар жағын көре алмадым,
қара ат құсап
Кісінеп желіп жүрді –
қап-қара түн...

ІІ бөлім

Барақ сұлтан

«Былай алғанда, қырғыз-қайсақ хандығы түк те емес, ол тек Әбілқайыр сықылды ақылды адамдар билегенде ғана күшке ие».
И.И. Неплюев.
1748 жылы хан өлгеннен бір ай кейін қыркүйектегі жазбасынан.

«Генерал мырза, Сіздің менімен, яки Барақ сұлтанмен, дос екендігіңізді біздің қырғыз-қайсақтар жақсы біледі...»
1747 жылы 27 маусымда И.И. Неплюевке Барақ Тұрсынұлы жазған хаттан.

...Ордасын тастап шықты Иқандағы...
Деген ғой, «танушы ма ед ит Алланы», –
Атына тыным бермед өрістегі
Сарттардың жер-тіміскі диқандары.

Ауызың қимылдаса жарнақ төлеп,
Кілең бір қайыршысы сарнап келед.
Шыдамай көктем шыға жұрт аударып,
Орнықты уақытша Қарнаққа кеп.
Мойыл мен сәмбі талдың арасына
Өзіне шатыр тікті арнап бөлек.

Соңғы кез ауырып жүр қаны қысып,
Шығады түніменен жанып-ысып...
Кетеді кейде әрнені сандырақтап,
Ойлаған ісінен де жаңылысып.
Зілмауыр бір салмақ бар еңсесінде,
Қайтқалы хас жауының қанын ішіп.

Бәрі де біткендей ед орайласып,
Кейіннен бизар қылды көп ой басып.
Ақырған Әбілқайыр елесінен
Білмей жүр құтыларын қалай қашып.

Деген ой:
«Өлтіріп ем қайдан ханды?» –
Босатпай бара жатыр байлап жанды.
Қасында дуылдаған аламан жоқ,
Азғантай Қоңырат пен Найман қалды.

Еңсесін тастай алмай езген зілін,
Есіне түсіреді кезген қырын.
Қожасы –
қырық мың үйлі Өр Найманның
Қызық шақ – бұлбұл ұшты көзден бүгін.

Кей-кейде түн ішінде сүзеді есік
Әләйім – өткен күннің жүз елесі...
Қалмаққа Әбілқайыр сұлтанменен
Ақырып аттанған шақ тізе қосып.

Көрмейтін Бас қолбасшы бірін бөлек,
Сөйлейтін тіс ішіне тілін бөлеп...
Танытсаң Ар жолында бір осалдық,
Ал онда, сөз шығатын – түбінде жоқ!
Кей түні қан сауылдап сүлдесінен
Тұрады:
«Барақ ит-ау, мұның не?..» – деп.

Қоярға жер таппайды жанын сонда,
Тынады жүзін төсеп жалын шамға.
Тұрады босағада Қанды Сүлде,
Кетпейді қабынсаң да, қағынсаң да.

Әй, бәсе, нәлет еді-ау әруағы бар,
Ұрт мінез, кейде мойыны жарға жығар.
Нәсілі төмен ата болса-дағы,
Кететін пысы басып салмағы нар.

Бәрі сол – қара бастың артықтығы, –
Әуелі соңына ертті тартып мұны.
Тірідей сөзбен турап салды бірде,
Мұның бір білініп қап тантықтығы.

Сөзінен қауға тиіп кетті ме ұшқын,
Болды да шыға келді кекті міскін.
Сыртынан өр сұлтанды қыжыртатын
Табылды қатарынан көп туыстың!..

Тек соған жол тиеді басты ұстарда,
Тек соның шығады аты қас қысқанда...
Тас байлап жүрек көзін соқыр ыза,
Ақыры айналдырды хас дұшпанға.

Неге одан отырады, бәсе, төмен? –
Келіп пе ед аты қалып бәсекеден?
Хан Шығай25, ұзын оқты Ондан сұлтан26
Төмен деп кім айтыпты – Өсекеден27?!

Қанша ірет жаудан келді борбай талып,
Сұлтаннан жүрді бұлар соң байқалып.
Атағын аспандатты ел,
ата жауын
Жалғыз-ақ жүргендейін сол қайтарып.

Артына тығылып ап қатынының,
Сөздерін қаперге алмад ата ұлының.
Бұларды, қажетсінсе, қоспай қойды
Қасына жүнді балақ батырының.

Тұрады сыздана кеп күлімсіреп,
Ішімде не жатқанын ұғыншы деп.
Ақыры орыстың да тілін тауып,
Боданға өтіп алды бірінші боп!

Жегідей жыбырлаған жылымдағы,
Бір жанға жеңіл жүк пе мұның бәрі?!.
Сақылдап шығар болды аты естілсе,
Іштегі азу тісті ырылдары.

Жем қылып – ұлы мұрат, арманын да,
Бір қасқыр ұлып жатыр әр қарында.
...Оңаша қабылдаған Неплюев,
Орысқа бодан бола барғанында.
Нән жайын ұқпай қойды аулаушының
Улы жем болатынын қармағында...

Жүз соммен жанарына от кіргізіп,
Жеткен-ді жүрегіне жат тіл жүзіп!
Айнымас адал дос боп көрініп ед,
Жандарал – қылыш сыйлап,
ат мінгізіп!

Бар пәле, қарап тұрса, сонда жатыр,
Сол еді өмірінде қонған ақыл, –
Ұлыққа бір уәде беріп қалған
Топшысын қара құсша қомдап ақыр.

Бақ тайса – кімнің иті қырын кетпед?
Сүмеңдеп түлкі-бақты кім індетпед?
Ер сату, таққа бола елді сату –
Қазаққа жұғып еді ұлы індет боп.
...Сондағы қол алысқан уәденің
Түбіне Барақ жетті!
Ұлық жетпед!

Торлаған сары ала ұлық Әб жылан боп, –
Арты – ылаң,
тілі – күмән,
алды қанды ед.
Арбаған Барақты да:
«Ханды өлтірсең,
Орынына – Кіші жүзге хан қылам!» – деп.

Хан қылмад, қанды қылды жолын мұның,
Тақтан да қашық қылды төрін бүгін.
Ер – әруақ, ат тулақ боп,
жүр бұқпақтап
Әркімнің тығылып жеп ерулігін.

Деп күткен:
«Келді кезім, туды сәтім»,
Атанды айналғанда «сулы-сатым».
Даланың тістеп тартып тікені де,
Байлап жүр бұйырғанға тумыш атын.

Бұл-дағы бір қазаққа белгілі ірі,
Бүгінде қашқынмен тең болды құны.
«Адал дос» – қол алысқан губернатор
Кеткендей керек қылмай енді бұны.

Батпаққа осыншама батырған не? –
Шырмап ап хан әруағы жатыр ма, әлде?
Айрылып бар абырой-шәріфінен,
Қалардай жапа-жалғыз ақыр дәмде.

...Қынына қайта салмай ақ алмасын,
Шалмақ ед қарағайдың манар басын.
Ылақша ұл мен қызын түгел бауыздап,
Кетпек ед отын қылып хан Ордасын!

Көред те келешектің таққан сынын,
Қасында жүргенде әзір қапталшы мың –
Қыңсытып ат көтіне салмақ еді,
Адайдың Бопай деген ақ қаншығын!

«Әттең-ай, қалғанын-ай, мұрғам болмай!..» –
Күйзелед бар үміті тұл қалғандай.
Зәузатын түгел қырып тастағанда,
Ордаға жын болар ма ед – бұл хан болмай?!

Сықылды түс – аян да, өңі – жалған,
Қайда енді сол кездегі елі – қалған.
Бықыған қарақалпақ қасында еді,
Тістелеп хан-ордадан бөліп алған.

Көрсе де алдын сүйреп, артын шаптап,
Ордаға берген баста Антын сақтап:
«Қаралы хан Ордасын шаппаймыз!..» – деп,
Жалайыр тұрып алды тартыншақтап.

Ал енді, ана Бопай – залым қаншыр
Қыңсылап байдан қалған тағын жаншыр.
Жетіпті:
«Қайда Барақ-қанішер-леп!» –
Сідігі «Қанішердің»28 – Әбілмансұр29!

«Киелі аққу құсты қанға малған
Барақты жазала!..» – деп,
жандаралдан –
Тапсынып талап күтіп жүр көрінед,
Сандалған «Сабалақ»30 ит жолға оралған!

Жолының бәрі жабық, –
барар қайда?
Сытылып шығып кетер табар ма айла?
Белгілі Жәнібектікі! –
Кәрін төгіп
Не болған Бөгенбай мен Қабанбайға!?

Айтпақшы, шықпайды олар Абылайдан,
Қайтпайды Абылайсыз не «құдайдан»!
Сайтандай сыбырлаған Бұқары31 бар,
Суырған сөз қылшығын сары майдан!
...Шатырда жатыр Барақ – қара құрттай,
Шыға алмай шырмап алған қалың ойдан!

...Содан соң бір сенгені Қазыбек-ті32, –
Дегенде:
«Барақ Ханды жазым етті»,
Жеті күн «құран-хатым» шығартыпты,
Қасына шақырып ап қазіретті.

«Жан-Алла-ай, бес төгілді-ау беттің ары,
Сархадтан кәпірдің шын өтті ылаңы.
Бәріне жеті жұрттың жауап берген
Сол еді – қазақтың ең текті ханы!
Қиғызған өз қолыңмен өз басыңды
Бір Күш бар!
Абайлаңдар!» – депті кәрі.

«Жан-жаққа жүргейсіңдер қарағыштап,
Далаңа төнді білем жаңа қыспақ?!
Орыс пен Қытайыңның пиғылы – аран,
Күн туды қанды аранда жан алыспақ...
Өзіңе шын ұлыңды құртқызад та,
Өзіне пайдалысын қалады ұстап!..

Ұмытпа Әбілқайыр – арманды ерді!
Баспаған бегзат еді жалған жолды.
Қазақтың қам-қайғысын қапысыз жеп,
Сол еді шегараңа салған белгі.
Қайтарып қазағына беріп еді-ау
Баяғы Хақ-Назардан қалған жерді.

Сәлем де, анау әлгі Барағыңа,
Ақыры жеткен екен талабына.
Қазағы қыл көпірде тұрған кезде,
Жармасып жүре берсін жарағына.
Ұзамай ақ жазасын берер Алла,
Қазақтан бұрын түсер – аранына!..»

Би сөзі қарып кетті қақ сүйегін,
Бұл енді дегені ғой:
«Тапсын өлім!..»
Сұлтанда сүйек бар да – жүрек жоқ ед,
Қаққылап жатып қалды атша иегін.
Сүйегі суығанда паналап жүр
Соңғы кез сарттан алған нақсүйерін.

...Барақтың тас тигендей тыныш көгі,
Құйқадай от жалаған бырысты өңі.
Ойлаған көп қиялы опат болып,
Айналып бара жатыр бұл іс кері.
Қарғапты естігенде үйсін Төле33 –
Тәшкеннің жоңғар қойған Ұлысбегі!

Бұл істе бітпейтін бір былық бардай, –
Ал мына Төленікі қылық қандай? –
Өзінің әміршісі – Сар Мәнжіні34
Қолымен өлтіргенін ұмытқандай.

...Отырды төсегінде тұрып Барақ,
Тоқпақтай жұдырықпен ұрып маңдай!
...Жұрттікін «ерлік» дейді ханды өлтірсе,
Мұныкін...
Ал ұғып көр, –
ғұрып қандай!?

Қайтеді?..
Барақ еді қасқыр-несіп,
Өзі де жуытпайтын дәстүрге шық.
Сол дәстүр өзіне ақыр тұзақ болды,
Шешпесе дос-жаранмен бас бірлесіп.
Құдасы, құрмаласы – Батырменен
Мұның да жолын тапты мәшһүрлесіп.

Сол жолға шашылды – мал,
шашылды – хат,
Сырт көзге іш пиғылын жасырды жат.
Сот құрды өз үстінен Барақ, сөйтіп,
Үш жүзден жеті бидің басын құрап.

Құндыгер Барақ сұлтан қылышы – қан,
Айрылсын өлмей неге ырысынан!
«Қызымның қалың малын тонады!» – деп,
Пана іздеп «Жеті жарғы» бұрышынан...
Бұл «соттың» айырмасы – жеті би де
Өзі мен Батыр сұлтан ұлысынан!

Қозанай, Олжабай мен Қарөтегі,
Сырлыбай, бірі Аталық Мәмет еді.
«Сот» құрған жеті бидің арасында
Белгісіз екеуі бар және тегі.

Бұл «сотта» сөз тимеді ғалымға арлы,
Келеге пайдакүнем залымды алды.
...Тонатты Әбілқайыр бейшараға,
Шықпаған Хиуадан қалыңмалды...

Шапшымас бұлай қылып шідерлі ат тап,
Шапшыды шариғаттан кілең бетпақ.
Киелі аят пенен сүре орынына,
Жүргендер айқай менен сүрен жаттап –
Қапыда хан өлтірген қарақшыны
«Дүниесі тоналған!» – деп жіберді ақтап.

«Ақ!» – деген берілген соң өктем бұйрық,
Қара аттай Барақ кетті тепкен құйрық.
Бұл қырда опат тапты тұңғыш ірет –
Майқы би, Қайғы Асаннан жеткен Билік!

Себебі өткен күннің шаласында,
Салдарын бүгінгіден табасың да!..
Заңдасты БАСТЫ ҚЫЛМЫС АЛҒАШ ІРЕТ
Қазақтың қасіретті даласында!

Ел қанын сорды «билер» қандала боп,
Тапқанда ақ сөйлейтін паң дала мерт.
Мерт қылып қанша Арысты содан бері,
Ақталып кетіп жатыр сан қара бет.
Шалғайын жұлдыз жыртып, ит тартқылап,
Ай беті көрінеді қан-дала боп.
Бұлт жыртық –
жұлдыз-бұта басындағы –
Шын билер шешіп кеткен мандала35 ма ед?..

Әлқисса, қалған жан ем сөзде басым,
Қыз бала кінә тақпас, бозбала сын.
Оқырман, өкпелемес:
«Сөз Иесі
Орынсыз тықпалад, – деп, – көзғарасын!...»

Кеткен-ді өзін, сөйтіп, ақтап алып,
«Ерсің!» – деп өзеурескен жатқа нанып...
Қашып жүр соңғы кезде тынышы әбден,
Көп қарғыс жатыр ма, әлде Хаққа дарып.
Түн болса, хан Сүлдесі келед жетіп,
Баяғы Ақ Сәуледей – әппақ, арық...
Бараққа зіл қайғының батқаны анық,
Арам қан діл ұясын қап-қара ғып.
Ордасы аңырап тұр мола құсап,
Қорда еді жатқан кеше көп қамалып.

Шығарып тынған елге ақыр шұрқан –
Бараққа баспана боп шатыр тұр паң.
...Сөзін жүр соңғы кезде жүре тыңдап
Сырғақтап бар сенгені – Батыр сұлтан.

Ей, Барақ, ең әуелде ақсамай бас,
Ақсасаң, – жарың да жат қапшағай қас!
Жер-қиян, көк-сауранға сыймайтұғын
Шарадай болып барад шақшадай бас.

...Манағы төлеңгіттің сандырағы
Ойларын одан сайын дал қылады.
Қыз беріп Сыбан Доржы қонтайшыға,
Кеп жатқан көрінеді хан Нұралы36.

Тым-тырыс жатып алды орыс тарап,
Барған-ды жоңғарға да қоныс қарап...
Әй, бәсе, Сыбан Доржы осы жолы
Сөйлеспей қойып еді-ау теріс қарап.

Құрғандай енді бұған қыспақты ел боп,
Алыпты жау күшігі тісқақты ер боп.
Қонтайшы күйеуіне Нұралы хан:
«Барақты, – жатыр дейді, – ұстап бер!» – деп.

Ойпырмай, қайдан қазар ертең інді? –
Болды ғой аспан – ая, жер – тебінгі.
Қайтарып әкелетін Құдай қайда,
Баяғы қой бастаған серке-күнді?!

Талғамай табыстырған ұры-күшпен
Қарғайды сол бір қара күнін іштен.
Білмеген қалай бұрын –
бал екен ғой,
Қара су қазағыңмен күліп ішкен?!

Әуелде «қой-қойттаған!» жындыгүлік
Тобырды кетсе-ау, шіркін, үргін ұрып.
«Назары Көктің оған түскен» деуші ед,
Нем бар ед, Құдай сүйген Құлға ұрынып?!

...Мен енді қайда барып жыртайын бет?..
Шын пәле төніп келед құртайын деп!
Аранға мені жалғыз айдап салып,
Көп тексіз кетті құрып зым-қайым боп!

...Шынымен, мына шаруа қырын кетті,
Соңымнан қуған тажал шын індетті. –
«Жылына хан әкемнің садақа!» – деп,
Ералы бауыздапты Сырымбетті37.

Екен ғой бұл даланың төрі – түнек...
Абылай жел беріпті пері-тілек.
Нұрпаннан сәлем айтып жіберіпті:
«Келесі кезек, Барақ, сенікі!» – деп.

Істейді мына дерттің не шарасын?
Боздасын боз інген-ой, бошаласын!..
...Қой, болмас!
Ертең жетіп жығылайын,
Бопайдың боздай құшып босағасын!..

Көп болса ел, күлер:
«Барақ састы!» – десіп,
Е, мейлі!
Алсын бақты басқа үлесіп...
Ақылды ед, –
қайғы қанша қамағанмен
Ұсынған ала қоймас басты кесіп?!..

...Қашқандай бөрі-уайым әріге ұлып
Оқыстан қоя берді қаны жылып.
Байламын бекіткенде –
босағадан
Боз Сүлде келе жатты тағы кіріп...

ІІІ бөлім

Бопай ханым

«Біздің қайғымызды тоқтататын ешбір дәрі жоқ. Лаулаған өртті су сөндірер. Ал менің жүрегімнің жалыны судың өзін өртеп жіберердей...»
Сүйіндікқызы Бопай ханымның Орынбор генерал-губернаторы И.И. Неплюевке жазған талап-арызынан.

Көктеме.
Қара киіз ағарды ақыр,
Жел сынып, бітіпті ептеп самалға тіл.
Көктеуге кеше ғана көшіп қонған
Жығылмай қара туы Хан-Орда тұр.

Хан-Орда.
Орда деген аты ғана,
Ордасын отын қылған нәті қара...
Орынсыз күлкі естілсе балалардан,
Үлкендер жөнеледі зекіп ала.

Бір тылсым мұң жайлаған ұлы Орданы,
Төгілген өзен сынап – мұнардағы.
Қайғысын қазалы елдің қаза қылып,
Көп жылқы кісінейді қынардағы.

Орданы зіл қайғы тұр шөкелеткен,
Зіл қайғы – зілзаладай төтен өткен.
Жыртудан қорқатындай мұң-пердесін,
Жолаушы еппен келіп, кетеді еппен.

Баяу кел, әруақ сыйла, қатты келмей!
Жаяу кел, ханды сыйла, атты келмей!..
Құдайы тақты беріп, бақты бермей,
Орда тұр алпыс басты – ақ дігердей!

Көтерген көкжиектен күн иегін,
Сағынған құстар кепті жылы үйегін.
Жұтып тұр бар дыбысты қаралы Орда,
Тілі ұйып қалған сынды дүниенің...

Баладай шығынбайық шетке қашып,
Жігітпіз жер ортадан кеткен асып, –
Енейік елмен бірге енді біз де,
Есігін қаралы үйдің еппен ашып...

Ақ Орда – ақ айдын-ды нұры жанған,
Бүгінде сыры көшіп, сыны қалған.
Тепкенде қарағұс-түн – тірі қалған
Айдында аққу отыр сынық-арман...

Керілед күлдірмамай керегеде,
Төгілед сырдырмақ-ай тегенеге.
Сурылған қынабынан қылабы қан
Ағинақ ақшияды неменеге?..

Біз де оған қарадық па еркімізбен? –
Қан-сәуле апармап па ед ертіп ізбен!..
Жұлынған дәндәкуі, оқшантайы
Деңмент тұр – тоғасынан шорт үзілген.

Әлдекім әлдеқайдан ыңырсыды...
Белгісіз болып қалды мұның сыры...
Үміттің лыпасындай ыдыраған
Ақ сауыт – дал-дұл болған шығыршығы.

Көз жалмар кепиет бар асасында,
Иегіңді еппен көтер, бас асырма!..
Баяғы қанды пайтақ тығылып тұр
Алтын тәж, айырқалпақ тасасында.

Гүрзі тұр – тұрысына ырза болмай,
Маңайда қол жоқ, бірақ гүрзі алардай.
Қалыпты бүкірейіп бұқар-садақ,
Белімді кеттім бе деп бір жаза алмай!

Тұтынған барлығы да ханның мүлкі,
Қозады көргеннен-ақ жанның құрты.
Ілінген айбалта тұр сағанаққа,
Сықылды құлыпталған тағдыр кілті.

Бәрі де танытады сартап қалып,
Күн жұққан көлеңкелер сәл таттанып...
Іштегі көп жиһазды көтере алмай,
Тұрғандай шатқаяқтап шантақ талып.

Күллісі хабар беред ауған бақтан,
Ақ көйлек – кермеқапта аунап жатқан...
Қара ожау сығалайды аяқбаудан,
Сусаған сан ерінге саумал жаққан...

Қыдырмай босағада, төрге өтелік,
Хан мүлкін тауысар ма пенде теріп!..
Алдымда адыра қалған тақ тұр екен,
Ғайыптан әкелгендей жел көтеріп!..

Алдымда алтындалған тақ тұр екен,
Қасында иесі жоқ бақ тұл екен.
Қарайды жер ошақтай үңірейіп –
Талайдың көзін жұтқан тәтті мекен!..

Қағардай «ием қайда?» – деп қанатын жай,
Шегіндім тақ қасында қала тұрмай.
Тақ қалды төрт тағандап –
сәл шыдасаң,
Соңынан иесінің шабатындай!

Япырмай, айналаға абай қылмай,
Қарағам хан Ордасын қалай қыңбай?..
Ес жисам... тұр екенмін орда ішінде
Толқынын мұнар жапқан ақ айдындай.

Толқында – сынық қанат қаралы қу,
Десе де сері-самал:
«Сананы жу!» –
Қымтайды қауырсынын қайта-қайта,
Көргендей көктемнің де самалын – у.

Қара қу – аппақ Бопай айдындағы,
Сүймейді қайғы ұрғалы қай құрманы...
Күні жоқ көңіл-көзден мұң құрғаған,
Қазақтың хас арысын бай қылғалы.
...Бозбұлау – боздайды да отырады,
Боз мая – боз нарынан айрылғалы!..

...Таянды екі жылға хан өлгелі,
Жақсылар келді-кетті әр елдегі...
Түген бек, жиылса да бәлен бегі,
Сұйылып сала беред сәлемдері.
«Барақты ұстай алмай жүр көрінед!..» –
Осы да болар елге дәлел ме еді?..

«Өлді!» – деп от ұрғанда неге қалған?
Кеудеден ұшпай қапты көбелек-жан!
Бекітіп қанаттарын кетті кейін:
«Иемнің кегін алам!» – деген арман!

Дүние күл боп кеткен жау соққаннан,
Жан тамып сүңгі мұздай саусақтардан.
Сезді де хан жоқшысы өзі екенін,
Қатайтты қабырғасын қаусап қалған!

...Қызы еді тентек елдің – Адай деген,
Туғызған теміржұлын талай берен.
Тұқымы «көк найзалы Табынайдың»38 –
Әруағын Ер Сүйіндік – қалай дер ең!..
Ерке өсті бес бөрінің ортасында
Екі қыз – әпекесі Қанай менен.

Кең Үстірт – құла майдан, жан-жағы сор,
Жантағы – суға қанық, қаңбағы – шөл...
«Қызымды берем «Бара бәйбішеге!»39 –
Деп батыр отыратын, – арманы сол.

Ақыры орындалды сол арманы,
Құдайдан шын тілесең, болар-дағы...
Мертіккен Әбілқайыр тап болып ед
Жүргенде аңды қуып сонардағы.

Тастаған ит-қиянның жотасына із
Мейманға (мал жоқ болса) ет асыңыз!..
Жары өлген жалғызсүрей жадаукөктің
Мертігін салып берген «оташы қыз»...

«Оташы» – Бопай еді осы отырған,
Сонымен әке арманы қоса тынған!..
Кеткен-ді ханға «Бара бәйбіше» боп,
Айрылып «хан» дегенде ес-ақылдан!

Есінен сол хан мүлде кетті айырып,
Төбеден Көктің Мірі оқтай ұрып!..
...Құмайдай Ай бүгіліп айдын-нұрда,
Ордада өзі отырад жатпай ұлып...
Масқара – осы Бопай басыменен
Барақтан ала алмауы кек қайырып!

Талпиды қаралы қу – есіл көңіл!
Белгісіз, қайда жетпек кесімді өмір?!
«Шешінсең, суға қарғы! –
Шешінбе бір!» –
Дейтіні ер әкенің есінде жүр.
...Қара қу қанаттарын жиды кенет,
Қақ күміс қабақтарын түйді кенет –
Келгендей кесіп түсер шешімге бір!..

...Енді ішке Әділ сұлтан40 құйын-кекіл,
«Отауға ие болар» күйінде тұр.
Көңілін аулағалы келгені ғой,
Ойнамақ – «Хан-талапай», «Үйірмекіл!».

Ханымның көңілі кенет кетті босап,
Көзінен қара аттылы өтті жасақ...
«Болар ма бұдан асқан «хан-талапай»? –
Үйіріп құйын тұр ғой көкті қашап!..»

– Қарағым, ойын бітті!
Желіде – нар,
Жетекке ал, нағашыңның еліне бар!..
Шөгермей тұрған күйі шалып жібер,
Қаны ағып кете барсын жөніне мал...
«Осындай сәлем айтты! – деп қайтып кет, –
Оқ тиген жүрегіне өлі марал!..»

Сөзіне шешесінің бек түсініп,
Оқша ұшып Әділ сұлтан кетті шығып.
«Күн шалған мұнар басын бол бәйтерек,
Тамырын мұз жалаған кекті шыбық!..»

Қақталып керімсалға, беті күнге,
Оралды Әділ сұлтан жеті күнде.
Барлығын айтқанының орындапты,
Қан, шырыш жұғып қапты кекілінде.

Айдынға жас тамызбай мөлдіретіп,
Біржола буды Бопай белді бекіп...
Шаңы өшпей Әділ-жанның көкжиектен,
Төркіні айғыр топ боп келді жетіп!

Мауығын басып әбден жылағасын,
Сақтаулы қазанға сап сыбағасын,
Топбасы – Саназарға41 көзін қадап,
Ақтарды Бопай ханым мұң-азасын:
– Жазасын тарттыра алмай ел жауының,
Қорлықпен барады өтіп мына жасым.
Сендерге жаушы салдым,
бұдан әрі
Белгілі болғаннан соң шыдамасым!

Бас кетіп, бұзар сойды елді қортық,
Қасірет – басымызға төнді Қорқыт.
«Қырсығы мансабыма тие ме?» – деп,
Бастарын көтермейді шенді қорқып.
«Күннен соң – Ай не болар?» – демеуші ме ед,
Ақ Орда еңсе кетіп болды мортық.

Ері жоқ елді оятар ұран салып,
Бермесең ауызына зыбан42 салып.
Басына Ай сәулесін сәлде қылған
Асқар тау – өлді басын мұнар шалып.

Төре жүр ар-ұятын мұртқа тағып,
Билер жүр жамиғатын ұртқа таңып...
Жоғалтып қазанатын тай жүгірткен,
Құлатқан Азаматын жұрт та талық...

Оясыз өкпелерсің ерге несін –
Қатынның қасиетін бермегесін?!
Ортаңнан ойып дұшпан жалмай берсе,
Құламай тоқтар ма екен көрге көшің?!

...Бар пәле ана жауыз жандаралдан,
Көзінің қарашығы қанға оранған.
Барлығы маған қазір мәлім болды:
Барақ-ит – жаналғышы жалдап алған!

Елімде болам деп пе ем сонша бейбақ? –
Қыла алмай өткенім бе қорша қайрат!
Болам ба қарша бейбақ от басында,
Қалам ба боқ қасында малша жайрап?!
Біріне жанды жауап қатпай отыр,
Қанша ірет талап бердім, ерсал айлап43.

Бәрі сол жандаралдан! –
Тағы да айтам,
Қағып жүр бұлталақтап әлі қайқаң.
«Жазасын қылмыскердің тарттыр!» – деген,
Жауабын ала алмай тұр Абылай хан!

Тек қана сол баладан дәмелімін,
Оған да бермейді ерік бәлелі жын.
Патшаның адамдары тантып кетті,
Өзінше тексерген боп «Хан өлімін».

Айрылған мен бір шыбық шынарынан,
Қайғының көз ашпаған мұнарынан.
Күнінен шарасыздың беріп жүр ғой
Қалмаққа қарындасын Нұралы-жан.
Өрісін тарылтпақ қой анау иттің,
Қолға кеп тұрушы ед деп – бұғы арыған.

Қолыма қайдан толық тисін ақпар? –
Сонда да жетіп жатад исі хаттар.
«Сот» құрып, Барақты ақтап жіберіпті,
Өздері таңдап алған би-сымақтар!

Ағалар!
Бауырларым!
Қарақтарым! –
Жанымның ауырғанын қанатқаным!
Атамыз Нұрдан өнген ел едік қой,
Шынымен, қалармысың қарап бәрің?..

Хан Ием – қара түнде ұшқан жебе ед,
Халқына іздеп еді тыстан қорек...
Бас ханы бұл қазақтың құнсыз кетсе,
Ойлайды біз хақында дұшпан не деп?..

Ібіліс отаныма тор құрғасын,
Өрт болды көздің жасы көл қылғасын.
Қаңғырып бассыз аяқ қайда барар,
Кез-келген барақ алса Елдің Басын?!.»

...Ақ Бопай осыдан соң қалды сұлық,
Өртінен көкірегінің жан қысылып.
Бажайлап айналасын алғаннан соң
Саназар сөйлеп кетті алға ұсынып:

– Бұл қорлық жанды үсіткен күйелі мұз,
Сақылдап қоя беред иегіміз.
Өзіңнен бір ишарат бола ма деп,
Сырқырап жүр ед көптен сүйегіміз.

Жүр екен Барақ әбден тантықтанып,
Параны биден қалған сарқытқа алып.
Ғадалат таппай қайтты кеше күзде,
Жиенің – мына отырған Қарпық44 барып.

Отырмыз болып бүгін хас қарабақ,
Бет те жоқ сөз айтатын досқа қарап.
«Сен, Адай, малыңды бақ!
Ханда нең бар?!» –
Деп мұны жіберіпті масқаралап!

Танаулап қара бас құрт атқақтаған,
Ібіліс – кісіліктен бақ таппаған
Барады бастан қарғып –
ел ек жауды
Бас түгіл, бақайынан аттатпаған!

Білеміз, кетіп барад харамға есең,
Есеміз ол біздің де – оған да сен!
Бар Адай – бүгін сенің құрмалдығың,
Жолыңа садақаға шалам десең!

Жүруші ек мәртебе ғып есіміңді,
Уды да бірге ішеміз осы күнгі!
Біз дайын – ғарасатқа салсаң да айдап,
Бопай-жан, өзің байла кесіміңді!»

...Қаусатып бар үмітін соққы соғып,
Қанша арман мойыл көзде кетті сөніп...
Көтеріп көзін ханым,
анталаған
Апайтөс бауырларын өтті шолып.

Бұлдырап жүре берді көз алды сәт...
Ханына қайтқан күні мазарды сап –
Осындай сезім ұрған,
қиналғанда –
Көк барқын елді көріп – жазар құшақ.
...Ер Шотан, Арғынбай мен Айбас, Қонай –
Тез теткіп, шеменденіп сазарды сәт.
Тыртықтан сау жері жоқ төрт шері отыр
Бастары сегіз білік қазан құсап...

Сұңқ етті қаралы аққу...
хан өлгелі
Кірпіктен жас төгу-тін бар ермегі...
Жөнелді қызыл нұрды тоқып ала,
Ақ жүздің іздері өшкен әр-өрнегі.
...Отырды ақ мәлике кейіпке еніп,
Пірлері жиылғандай әлемдегі.
Тәубе айтты:
«Айналамда бұлар барда
Дұшпан ит мұқатар, – деп, – бәлем, мені!..»

– Ендеше, тарт, Бараққа Қарнақтағы!
Орыстың асыранды қан-қақпаны –
Ойымен аран қазып жатқан шығар,
Тағы бір бейкүнәні зарлатқалы.

Мойынға жүктемейсің харам қанын,
Келген соң айтасыңдар маған бәрін!
Ұл-қызын жазым қылып жүре көрмең,
Ашылып шері мінез арандарың!

Қолында бір Алланың – еркі кімнің,
Сендерге Ар-туыстың сертін ілдім.
Төренің қанын артып мойыныңа,
Қоя алман қолын былғап төркінімнің!

Безгені белгілі ғой маза менен,
Қайғыдан осы жолы тазарар ем. –
Жасалмау үшін мұндай қанды қылмыс,
Ешкім де естімеген жаза берем!

Ай, Шотан!
Саған айтам! –
От қаптырып,
Күл-көмеш босағасын аттап кіріп,
Жауыңды табанға сап таптап тұрып,
Айтарсың – айтарыңды қақтап-тіліп!

Тәжін ал, ең әуелі, басындағы,
Кісесін кетпе ұмытып қасындағы.
Асасын, бес қаруын түгел сыпыр,
Мөрін ал саусағының тасындағы!

Содан соң біржолата «ақталап» кет, –
Көрінсін қара жүзі ақ та көк боп, –
Күзеп ал иектегі құрым қылын,
Күзелген қала барсын қатпа көрт боп!
Әр істің ұсылы мен ұшығы бар,
Жақынға сабақ болсын, жатқа мектеп!

Ұрғанда төбесінен салмақтап кек,
Жатсын бір арам қанын талмап көкбет.
Құны жоқ қауға құрлы жұртта қалған
Кәлласын ұстарамен шаңбақтап кет!

Бақыраш көтере алмас қазан жүгін,
Дегенмен, кетпес осы жазам қырын;
Қатыннан айырмасы қалмау үшін,
Тіл – екі құлағының азандығын45!

Ханымдық белгісін ал қатынының,
Өргізіп жүрмесі үшін тақымы жын!
Танысын ер қолынан сапы құнын,
Жыландай жынға оралған бапы-бұрым!
Тұлпарын тайша күзеп тұлдарсыңдар,
Тіліңдер туырлығын шатырының!

Содан соң көріп алдық болған ісін,
Тигізген осы болсын қолғабысың...
Бұл бәнім неше түнгі толғанысым,
Айтайын, әлгілердің мен мәнісін.

Жанардың жастық куә жасы қалған,
Осы-дір басымдағы асыл арман...
Төренің төріндегі тәжін алсаң, –
Мың есе жеңіл одан –
басын алған!

Көз жасым өртер оның от боп көрін,
Үркітер кеудесінен көк кептерін...
Кісесін беліндегі шешіп алу, –
«Беліңді сындырғаным!» – деп кеткенің!

Бәрі бір – сатқының не, жендетің не! –
Бәрі де түптің-түбі елге түрме...
Айрылсаң, Асаң менен Бес қарудан,
Ешкімге бола алмайсың – ер де, пір де!

Мына бір күлбеттенген өңсіз жалған
Жараңды қанатпай ма ең сызданған?..
Сатқынның хақысы жоқ мөр ұстауға,
Мөрсіз хан – мүрдемен тең көрсіз қалған!

Дерттенген күндерімде кірмей маза,
Серт бергем:
«Жіберем, – деп, – зілдей қаза!..»
Төрені өз төрінде күзеу деген,
Ақталап жібергенмен бірдей жаза!

Ылайық жазаны іздеп неше бір күн,
Санамды қиялыммен көседім мың...
Ханымның белгілерін алып кетсең:
«Қожасы – мен, – дегенің, – төсегіңнің!»

Ар жағы өздеріңе мәлім шығар,
Бала емес түбіжіктеп бәрін сұрар.
Үлгі ұрып алты Алаштың баласына,
Күн туды жездеңіздің Арын сұрар!..

– Ал енді, сөз қыламыз неменені? –
Осымен әңгімені шегерелі...
«Аллаға – тәуекел!» – деп харекет қыл,
Тегелен46 желеп жүргей төбедегі!..

Абызы Әтембектің47 төкпек қағып,
Ерлерге берді бата – от боп қарып!..
Ер Шотан, Арғынбай мен Айбас, Қонай
Белге ұрып бес қаруын кетті аттанып...

ІV бөлім

Кек алу

...Қасына батыр Жары Шотан ерген...
Мұрат Мөңкеұлы

...Салмапты есігіне Қарнақ «құлып» –
Оралды Айбас жайды барлап біліп:
– Иншалла, – деп қояды, – сәтін салса,
Бараққа кетем бүгін қан қаптырып!

Сақ екен елден үркіп қашқан залым,
Күзет бар – шыққанша әбден аспанға күн.
Ділданың тең жартысын асаттым да,
Барақтың сатып алдым – Бас жандарын48.

Қасында кім жүргенін төре білмед,
«Сатқынға – жұтқын үйір» дегенің кеп.
Алтынның қақ жарымын алып қайттым,
«Қалғанын іс біткесін беремін!» – деп.

Аз деп пе ең хан өлтірген осы бейнет?! –
Санасы сарсаңданып, есін ой жеп,
Айқайлап шығад дейді түніменен –
Өзі әбден жүр көрінед қосүрей боп!

Қайттым мен барлық жайға сұрап қанып,
Ұйқыға кеткенде әбден қырат талып –
Тын үшін Бас жандардың өзі келіп,
Күзетті әкетеді жыраққа алып...

...Мән-жайды Айбас отыр баяндаған,
Жерлері үлкен тоғай аялдаған.
Құлпырып кеткен дүние күреңденіп,
Жаққандай шігілдік кеп боянға қан.

Манаурап құланкөде оянбаған,
Мыңбасқа айтқызады қояндақ ән.
Судағы бейнесіне бас шайқап тұр,
Ақ қайың хас сұлудай боянбаған.

Таспашөп саусағымен гүлді мытып,
Асылды кекіреге қылдығытық.
Табиғат үргін-сүргін күнді ұмытып,
Аспан тұр көк аңқыған үнді жұтып.
Даярлап ат-жарағын болар кепке,
Төрт батыр қалды отырып түнді күтіп...

Кекілін нұр-саусақпен көтерді бақ,
Сән-дәурен... бұлбұл қимай өтер жылап.
Дыбысты жібермейді кетер жырақ –
Сайқы-сай, бедеу-бел мен мекер-қырат.
Соқпақты сүйреп көне Жүйнек-төбе,
Жатты ағып иректеле Шекербұлақ.

...Күткен түн, әзер-алда, ол да келді,
Жұлдыз-көз көк кептер боп қолға қонды.
Құсжолы – ай тоғалы деңмент белбеу,
Түн-дүние босатқандай зорға белді.

Ай-тоға от шашқандай шатырларға,
Шоқ ұшып – мұраталы49 «аһ» ұрғанда...
Еппенен жылжып берді батырлар да,
Құмыр құс жеті мәрте шақырғанда.

Келгендей бұл шаруаға ақыр ұтыр,
Жымыпты жер түбіне ақылы құл...
Байланып сәмбі талға қара арғымақ,
Барақтың сәндеп тіккен шатыры тұр.

...Ханымы қойған бүгін шатырда қап,
Кетеді жанды күйзеп «аһ» ұрғаны-ақ.
Күректей қою сақал түнді тіреп,
Шалқалап хантақтада жатыр Барақ.
Тынардай ақыр қамап ессіз үрей,
Санасы сан елесті сапырмалап...
«Бопайға кешу сұрап барсам», – деген
Байламы берген кезде... ақылға – дәт...

Боз Сүлде... келе жатты тағы кіріп...
Тығылды қойынына ханымы күрт.
Өшіріп ханым үнін жағына ұрып,
Жан-жағын қармай берді хәлі құрып.
...Боз Сүлде кенет Қара Әруақ болып,
Тізеге баса қалды алып-ұрып!

Жарықты жауып қалды соқыр құлып,
Қорқауды қара бүркіт отыр бүріп.
Тас тізе жерге тірі тығып барад,
Сүйегін жіберердей отын қылып.
Сұлтанда сүйек бар да, жүрек жоқ ед –
Сүйегі қорланғанға өкірді ұлып.
...Әй, бәсе,
әруақ қайдан тегін болсын,
Төрені төсеп қойды тоқым қылып!..

Алып күш жасап тынды өз дегенін,
Шатырдан қоржынға ұрды көздегенін.
Тәжді алды.
Кісені алды.
Асаны алды.
Жинады Бес қарудың өзгелерін.
Саусақтан бұрап тұрып мөрді де алды!
...Не деген безден қатты безбен едің!..

Ханымның қарқарасын, даналқасын,
Шұбыртпа, тұмаршасын, анар-тасын50 –
Барлығын жұтып алып қара қоржын,
Біржола қандырғандай жан аңқасын.

Содан сол «ханның» басын түртіп көрді,
Тастады маңдайынан сүртіп терді.
Ұйысқан қара бұлттай құрым сақал, –
Ақ жасын қара бұлтты қырқып берді!..

Түсінді сонда ғана сырды Барақ,
Қылғынып басын жерге ұрды Барақ.
...Көп жұлдыз сықсың қағып нұрды жалап,
Тілінген туырлықтан тұрды қарап.
...Тыстағы шаруаларын тәмамдаған
Қонай мен Арғынбай да кірді қамап.

Еркіне қырықтықтың жағын беріп
Тыншыды сұлтан,
тәнін жалын көміп.
Жегі-ұят жеп барады көкірегін:
«Тұр-ау, – деп, – хан Сүлдесі бәрін көріп...»

Ханым тұр сұр көжектей дір-дір етіп,
Сырғасы түсті үзіліп сылдыр етіп.
Түбінен шорт кесілген жылан-бұрым
Жоғалды қоржын-інге сүңгіп өтіп.
Иекті жел ұрғанда, сүйекті – қан
Сықырлай жабылған жақ – інжі51 бекіп:
«Кімсің?..» – деп түнді үркітті қыр-қыр етіп.
«Танысаң, – Адайыңмын!..
Танымасаң... –
Тіл бітті Қара Әруаққа гүр-гүр етіп. –

Құдаймын!.. –
Естімеп пе ең Ол Кісіні?
Мінеки, мендей болад – белгісі, үні!..
Танымай Тәңірді де талтаңдаушы ең,
Өлгенде ұмытпассың енді, шыны.
Ер болсаң, – қара жер боп көтеріп ал,
Жіберген Жаббар-Хақтың төнді сыны!..

Әй, бірақ ондай ерлік қайда – саған! –
Жан едің ақылы – азғын, айласы – арам.
Халқыңның Ары менен Басын жалмап,
Деп пе едің, арыстан боп айға шабам?!

Көрдің бе тамған қанды шаңырақтан?
Ай саған тұр шаптырып зәрін аққан.
Тілгілеп туырлықты түтіп өткен
Оқтары ол хас қарғыстың –
Тәңір атқан!

Жіберді Құдай саған қара күнді,
Жел айтып таратады хабарыңды:
«Халықтың Ардағына қол көтерген
Осындай болад!» – деген қалады үлгі.

Шық ертең ел алдына мына түрмен,
Қазақтың қан-даласы, сірә, түрмең.
Өзіңдей тұл қалған ел тауып алып,
Хандық құр – тұл қатынмен, тұл атыңмен!

Жазасыз кетед деме қандай зұлым,
Өтемі, есебі бар әр қайғының.
Ханды атқан, халқын сатқан қара беттің
Таниды ел саған қарап қандайлығын!..»

Мұны айтып бұрылды-дүр Шотан ары,
Толқиды құнан білдей жота жағы.
«Бауыздап кет!..» –
Ышқынды-ай кеп сонда Барақ,
Көлбақа – жылан жұтқан қопадағы...

Оқиға белгілі ғой одан арғы,
«Бауыздап кет!..» – деген дауыс санада әлгі.
Тілінген туырлығы ақ шатыр мен
Тұттиып қара арғымақ қала барды...

Қанша ерге көр қазғанмен кекті зұлым,
Әділет бұл далаға екті гүлін...
...«У ішіп өлді Барақ!..» – деген хабар
Ордаға төрт батырдан жетті бұрын...

Түндік жабу
немесе ханмен қоштасу

«Жайықтың табанында бір тамшы су қалмағанша, қазақтың тамырында бір тамшы қан қалмағанша, қазақ халқы бұл топырақтан табан аудармайды!..»
Әбілқайыр хан.

Қайыр, хош!
Бұл әңгіме бітті делік,
Аяғы осындай боп шықты келіп.
Шындықты шыңырауымнан шығара алмай,
Жүр едім көптен бері күпті болып.
Жүргендер – ақиқатқа түрткі беріп,
Кеземей қаруларын кілт түнеріп;
Түсінер – шықты көріп кірпігімнен,
Түңілер – жүрегімнен түкті көріп.

Әркім кеп боқ жерімен бал ашқанда,
Жаутаңдап отырушы ем қара аспанға. –
Сұрамай бұл оқиға жайлы – менен,
Көп білгіш:
«Жоқ, былай-лап!» – таласқанда.

«Хан кеше өліпті ғой!..»
«Жо-жоқ, бүгін!..»
Сан қилы ізге салды дерек қырын.
Мен бүгін білем шынын! –
Айттым, міне,
Алдында не дүмдінің, не беттінің.

Хан өлген.
Жасырды да өшті – кейпін,
Жоғалды моласы да дос түнейтін...
Жылаған мәжнүнталды хан басында,
Халықтың көз жасынан өсті дейтін.

Көң қора.
Мал жайланған сәнді кеште
Үлкендер айтып кеткен әңгіме есте:
«Баяғы Әбілқайыр басына өскен
Қан шығып кетед, – деуші ед, – талды кессе!..»

Ал бүгін, кім кеспей жүр қан шығарып!? –
Ағады сүйегімнен зар шұбалып...
Бүгіннің барақтары бауыздап жатыр,
Қайтадан ханды көрден аршып алып!

Көнелер айтып кетті көзі көрген:
«Ол Барақ – өз жазасын өзі берген!..»
Жазасыз, мазасы жоқ бүгінгілер
Жеріңде бауыздамақшы кезі келген.

Өткеннің күл-қоқысын қаузап, теріп,
Мыстан жүр іштен шыққан – жау жаққа өріп.
Жинайды жат қолынан арзан бедел,
Өспес ұл өнбес шарды даулап көріп.
Ұлт болып қорғау керек Ұлысыңды,
Ұлыны қорғау керек зәузат болып!..
Тарих – тоғанақты тас-керуен,
Біздерден қалған мәңгі аулақ шөгіп.
Немесе бір кер тағы –
аулақта өріп,
Су ішкен қанды қақтан заулап келіп.
Бұйда мен бұғалығын қолыма ұстап,
Түнедім тарғыл түзде –
әруақ қонып...

Жайықтың су ауған жоқ табанынан,
Жоқ әлі тамырымнан қан арыған.
Ақ туын ақиқаттың қорғап өлем,
Көп жендет көз тіккенмен қабағы қан!
Шәуілдек шибөрілер не істей алар,
Шындықтың жабысқанмен балағынан?!

Жалғанға жанаспаған арлы өлеңім
Ұсынды алдыңызға бар дерегін.
Жырымның жықпылынан қалқып шыққан,
Мен кейде БОЗ СҮЛДЕЛІ ХАН КӨРЕМІН.
...Үстінде Бопай апам жоқтау айтып,
БАУЫЗДАЛЫП,
БОЗДАП ЖҮРГЕН НАР КӨРЕМІН!..
Аман бол! –
Көрерің көп, АРЛЫ ӨЛЕҢІМ!..

Светқали Нұржан,

2001 – жылан жылының 17 – 20 желтоқсаны. Шынжыр қыстағы.

Ескерту: Дастандағы көне сөздердің бәрі ХVІІІ ғғ қазақ қауымы қолданған сөздер болып табылады (Сөз Иесі).

1. Дестір – мата.
2. Шарқи-фәлак – барша ғалам, осы дүние.
3. Асмар – олжа.
4. Мұқаррам – аса қадірлі.
5. Ғиззат-лу – құрметті.
6. Ғақбытылы – асылы, тегі.
7-8. Өлкейек, Қабырға – Ырғызға құятын өзеншелер. Әбілқайыр ханның мерт тапқан, жатқан жері.
9. Аюке (1646-1724) – Еділ қалмақтарының ханы. Оның ордасында Әбілқайыр бала кезінде аманатта болған.
10. Ниһаятсыз – шексіз, мөлшерсіз.
11. Астрахатлік – тыныштық.
12. Батыр – Батыр сұлтан Қайыпұлы (1771 қ.б.) Әбілқайыр жауларының бірі.
13. Болат – Болат Тәукеұлы, қазақ ханы. 1718-1729ж. хандық құрған.
14. Сархад – шегара.
15. Нәдір шах – парсының шахы (1747 ө.). Хиуаны жеңген.
16. Оман – дария.
17. Кепсі – кеме.
18. И.И. Неплюев (1693-1773) – 1744-1757 жылдары Орынбор генерал-губернаторы. 1744 жылы осы генерал қазақ халқын жер бетінен түбегейлі жойып жіберу үшін Орынбор маңына үлкен әскер шоғырландырған. Қанкешу шайқасқа Әбілқайыр да қамданған. Алланың бұйрығымен, дәл сол кезде Россияның Ебіропадағы жағыдайының күрт шиеленісіп кетуіне орай, ол қанды жоспар жүзеге аспай қалған.
19. Қонтайшы – Сыбан Доржы (Цеван Доржи) – қалмақ қонтайшысы, Қалдан Цереннің ұлы. Әбілқайырдың (өлгеннен соң) қызын алған. Неше ғасыр екі жауынгер халық: қазақ пен қалмақты бір-біріне айдап салып қырқыстырып келген Ресей мен Қытайдың түпкі пиғылдары жауласушы екі жаққа әбден мәлім болған шақта, Әбілқайыр Қалдан Серенмен (1745 ө.) астыртын сөз байласып, жоңғармен күш біріктіре отырып орыс бодандығынан шығып кеткісі келді.
20. Мәмбет-төре (Құтлық-Мәмет Мамашев немесе А.И. Тевкелев) – орыс елшісі, алғаш қазақты бодандық жөнінде (1731 жылғы 10 қазан) шарғылаған адам.
21. Шыңғыс – Әбілқайырдың қалмақ әйелінен туған баласы.
22. Қожахмет – Әбілқайырдың Бопайдан туған баласы. Орыстарда бірнеше жыл Аманатта болған.
23. Топ – зеңбірек.
24. Сығай – Барақ Тұрсынұлының баласы.
25-26. Шығай хан, Ондан сұлтан – Барақтың;
27. Өсеке – Әбілқайырдың бабалары (ХVІ-ХVІІ ғ.ғ.).
28. «Қанішер Абылай» – Әбілмансұрдың бабасын ел осылай атаған.
29. Әбілмансұр – хан Абылайдың (1711-1780) шын есімі.
30. Сабалақ – Абылайдың жас кезіндегі ылақап аты.
31. Бұқар – Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668-1781).
32. Қазыбек – қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлы (1665-1765).
33. Төле – Төле би Әлібекұлы (1663-1756).
34. Сар Мәнжі – жоңғар тайшысы, 1746 Төле бидің қолынан өлген.
35. Мандала – шапан.
36. Нұралы (1711-1790) – Әбілқайырдың үлкен ұлы. 1748 – 1786 ж. аралығында Кіші жүзге хандық құрды.
37. Әбілқайырдың ұлы Ералы ханзада Абылай ордасында құныкері Сырымбетті бауыздаған.
38. Көк найзалы Табынай – Табынай Әлмембетұлы атақты батыр, Бопайдың бабасы.
39. «Бара бәйбіше» – бәйбіше бақилық болып, орынына түскен қыз.
40. Әділ сұлтан – Әбілқайырдың Бопайдан туған кенже баласы.
41. Саназар – Саназар Құдайназарұлы, Адайдың Мұңал – Ескелді тармағынан. Қазаққа қайыр қылған «Үш Назардың» бірі.
42. Зыбан – тіл.
43. Ерсал айлау – жолдау.
44. Қарпық – Қарпық би Құдайназарұлы Бөгілінемересі – Адайдың Жаманадай (Сүйіндік) тересінен. Бопай ханымның туған апасы Қанайдың баласы.
45. Азандық – ер адам құлағының жұмсақ бөлігі. Әйелдікі «сырғалық» деп аталады. Азандығы тілінген ер адам әйелмен тең болып есептелген.
46. Тегелен – Адайлардың Бекеттен бұрынғы ұраны.
47. Абыз Әтембекұлы – Адайдың Мұңал – Бәйімбет бөлімінен шыққан би.
48. Жандар – хан-сұлтандардың жеке қорғаушылары.
49. Мұраталы – байғыздың бір атауы.
50. Қарқара – ханымның бас киімі. Даналқа – піл сүйегінен, шұбыртпа – күмістен, тұмарша – алтыннан, анар-тас – інжу, зүбәржат сынды асыл тастардан жасалатын ханымдар тағатын белгілер.
51. Інжі – тіс.

«Таң қауызын жарғанда» жыр жинағының III томынан (291-348 беттер).
Алматы, «Үш қиян» баспасы, 2002 жыл.

Дестірге1 өрнек тіккен тебеніммен.