03 ақп, 2017 сағат 08:51

Сүт өндіруді көбейткендерге қосымша көмек көрсетіледі

Осы жылдың ортасынан сүттің жоғары өнімділігіне ие шаруа қожалықтары екі есе көп субсидия ала алады. Бұл туралы облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Шемонайха ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде айтты.

Верх-Уба ауылында аймақ басшысы апатты мектептің орнына салынып жатқан 300 орындық білім ордасының құрылыс барысымен танысты. «Өскемен Құрылыс» мердігерлік компаниясы жұмысқа өткен жылдың тамызында кіріскен және нысанды жазда тапсыруды жоспарлап отыр.

– Бұл – біздің кәсіпорын салған аудандағы үшінші және Шығыс Қазақстандағы он жетінші мектеп, – дейді «Өскемен Құрылыс» ЖШС-нің директоры Ержан Сқақов. – Жобаның құны – 870 миллион теңге. Өткен жылы біз қаржының көп бөлігін игердік. Енді жұмыстардың бірнеше түрін қатар орындап жатырмыз: терезелерді, есіктерді орнатудамыз, ғимаратты бекітіп, сыртын қаптаудамыз, коммуникациялар тартудамыз. Нысанда мәселелер жоқ, мерзімге үлгеріп тұрмыз.

Ескі ғимаратта дәрігерлік амбулатория, полиция бекеті және басқа да мемлекеттік мекемелер орналасады. Облыс әкімі жаңа мектеп – Верх-Уба тұрғындары үшін маңызды нысан екенін атап өтті және құрылыстың сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударуды тапсырды. Осы ауылда Даниал АХМЕТОВ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жаңартылған мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Ғимаратта 14 үйірме ашылған, мамандардың жартысы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша тартылған.

Выдриха ауылында қайта құрудан кейін 420 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы жұмысын бастады. Ол «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде жаңартылды.

– Бірнеше жыл бұрын 800 басқа дейін сауын сиыр болатын, сарып ауруының кесірінен мал басы қысқарды. Бірақ біз еңсемізді түсірген жоқпыз, жұмысты жалғастырып жатырмыз, – дейді «Выдрихинское» ЖШС-нің басшысы Александр Белкин. – Қазір бір сиырдан сауылатын сүт мөлшері жылына 3600 литрді құрайды, бұл көрсеткішті бес мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Даниал АХМЕТОВ ағымдағы жылға арналған сүтті мал шаруашылығын дамыту жоспарлары туралы айтып берді. Осы жылы Шығыс Қазақстанда облыстық бюджеттен жоғары көрсеткіштері бар фермалар қосымша көмек ала бастайды.

– Заманауи құрал-жабдықтар сатып алатындарға біз мемлекет бөлетін көлемде, яғни, сүттің бір литріне 25 теңгеден қосымша субсидия төлейтін боламыз. Бұл қаржы өндірушілер құрал-жабдықтардың бағасын өтеп болған кезең бойы бөлінеді. Сүт фермалары үшін арнайы субсидиялау енгізілетін болады, бұл оларға өз шығындарын тез жабуға мүмкіндік бермек. Аталмыш төлемдер бір бас сиырдан сауылатын сүт мөлшері жылына төрт мың литрден кем емес құрылымдарға арналған.

Шаруа қожалықтарының жетекшілері мұның қисынды шарт екенін және мұндай шешім тауарлы-сүт фермаларын дамытуға көмектесетінін атап көрсетті. 
Шемонайхада аудан әкімі Амангелді Тоқтаровтың тұрғындармен есепті кездесуі болып өтті. Аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап қайтарды. Жиынға қатысушыларды қаладағы жылу желілерінің тағдыры, сонымен қатар, Үбі өзені арқылы жаңа көпір, айналма жол, амбулатория салына ма, санитарлық мақсатта ағаш кесуге берілетін рұқсатты ұзартуға бола ма деген сияқты сауалдар алаңдататын болып шықты.

– Дәрігерлік амбулаторияның жобасы бар, қазір ол жоғарыда тұрған органдармен келісіліп жатыр, – деп жауап берді Амангелді Тоқтаров.

Облыс әкімі барлық мәселелер шешілетінін хабарлады. Алғашқы жартыжылдықтың соңына дейін жылу желілері мемлекет балансына ауысып, одан соң оларды қайта құру басталады.

– Азаматтарымыздың немқұрайлы еместігі қуантады, – деп атап өтті Даниал АХМЕТОВ. – Аудан, облыс және бүкіл ел қарқынды дамып келеді. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ белгілеген міндеттердің бәрі де бүгінде орындалуда. Қаңтардағы басты оқиға – Мемлекет басшысы өзінің кейбір өкілеттіктерін Үкімет пен Парламентке беру туралы мәлімдеді. Біздің қоғам осы шешімді қабылдауға пісіп-жетілді. Жаңа кезеңде экономиканы жеделдете технологиялық жаңғырту көзделуде. Осы ретте біз АҚШ-тан алты есе, Еуропа елдерінен төрт есе артта қалып барамыз. Яғни, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттігі төмен. Мұны түзету үшін біздің аймақ он ғылыми-зерттеу жобасын ұсынып отыр, оларды кәсіпорындар университеттермен бірлесе іске асыратын болады.

Ғылыми қайраткерлер мен өнеркәсіп алыптарының бірлескен жұмысы арқасында Шығыс Қазақстанда қолда бар өндірістік алаңдар базаларында жаңа салалар дамитын болады, мәселен, титан мен танталдан медицинада қажет бұйымдар, магнитті-резонансты томографқа арналған сымдар және басқалар шығарылмақ. Сондай-ақ, өнімнің өзіндік құнын төмендететін жаңа технологияларды қолдану жоспарлануда.

– Көршілес мемлекеттердегі – Ресей және Қытайдағы әріптестермен жұмыс – негізгі бағыт, – деп жалғастырды облыс әкімі. – Біздің өңірде өнім сапасына жан-жақты терең талдау жасай алатын зертхана құрылатын болады. Бұл оларды басқа елдерге экспорттауға мүмкіндік береді. Қосалқы шаруашылықтарға көңіл бөлу керек. Алдымызда сүтті тиімді жинауды ұйымдастыру міндеті тұр. Сонда әр тұрғын өз шаруашылығынан пайда алу мүмкіндігіне ие болмақ. Өткен жылдың ішінде біз сүт зауыттарындағы өндеу деңгейін 12 пайызға дерлік көтере алдық, бірақ бұл әлі аз. Тек Алматы шаһары ғана шетелден бір миллиард доллардың сүт өнімдерін сатып алады. Міне, нағыз тұтыну нарығы. Біз барлық ауылдар әлемдік тәжірибеге сай кооперативтерге бірігуі үшін жұмыс істейтін боламыз. Бірақ бұл ірі тауарлы шаруашылықтар ұмыт қалады деген сөз емес. Олардың дамуы да жалғасады.

Аймақ басшысы бірінші шілдеден бастап сатылып алынатын құрал-жабдықтар қысқа мерзімде өзін ақтауы үшін өңірдегі сүт өндіруі жоғары шаруашылықтарға сүттің әр литрі үшін облыстық бюджеттен қосымша төлем жүргізілетінін еске салды. Сонымен қатар, облыс әкімі ел Президентінің үштілділікті дамыту, денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын жақсарту және басқа мәселелер бойынша жуырда жасаған баяндамасында айтылған бағыттар аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Алға қойылған мақсаттарға жету үшін әр ел азаматының үлесі қажет.


Ержан Әбіш,

"Дидар" газеті