10 шіл, 2018 сағат 16:09

Сұранысқа ие 28 жаңа мамандық тегін оқытылады - вице-министр

Еңбек нарығында сұранысқа ие 28 жаңа мамандық мемлекеттік тапсырыс арқылы оқытылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» туралы баяндаған Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Кадрларды оқытудағы мемлекеттік тапсырыстың құрылымы өңірлердің сұранысына сәйкес өзгертілді. Мысалы қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және көлік салалары бойынша кадрларды оқыту 10 пайыздан аса өсті. Жұмыс берушілердің ұсынысымен еңбек нарығында сұранысқа ие 28 жаңа мамандық мемлекеттік тапсырысқа енгізілді», - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, оқу процесіне 246 модульдік оқу бағдарламасын енгізу арқылы кадрларды дайындау мазмұны және мемлекеттік жалпы білім беру стандарты өзгертілді. Бұл бизнеске дуальды оқытуда 80 пайызға дейін, дәстүрлі білім беруде 50 пайызға дейін өзгерістер енгізуге  мүмкіндік береді.

«Бағдарламаның барлық қатысушыларына шәкіртақы, ыстық тамақ және жолақы қарастырылған. Бағдарламаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен қосымша 17,2 млрд теңге бөлініп, жергілікті бюджеттерге жіберілді»,  - деді Бибігүл Асылова.