17 қаң, 2018 сағат 09:38

Сұраған Рахметұлы. Уақыт, тағы да поэзия хақында

Бір минөт бір кісінің өміріне ұқсас...

                                                                                                        Абай

Поэзия өміршең, тірегі - саналы халық. Поэзия туралы жөнсіздеу болса да ой айтқанның бәрі жанашыр. Біздің дәуірдің ақындары сіреңкенің шырпысындай біркелкі  ойлайды демейміз. Олардың ішкі зердесі, пайымы әрқилы болуы заңдылық. Кеңестік  үрдіс, көнерген тәсілмен «митыңдағысы» келетіндер де бар. Бұрынғы ескі арбаның  жолында терілген ойлар – бүгінгі оқ дәуірінде де өз кебін жоя алмайды деген қағидадан аулақ болуға жөн сілтейді. Себебі, бүгінгілердің жан дүниесіне қарай оңай жолмен жету мүмкін де емес. Өзгеше пайымдау, өзіндік үлгілерге із салу, тіптен өзгеше әуез табу жолындамыз. Уақыт тозаңы қандай, қай жағымыздан жұғысады - о жағы беймағлұм. Уақыт өңі өзгеріп «осы заманауилана» береді. Біздің құлақ кереңдіктің аз-ақ алдындағы күйде. Көз де бұлдыр, көңіл де мәз емес. Қайталанбайтын мәңгілік сұлбаға түсіп нақты соқпақты көріп, тани алмай келеміз бе? Шала естіген, шала көрінген елес - сағым дүниеден қол созымда ғана айрылып қалып жатырмыз. Шала сауаттылық өткен шақты да, келер шақты да нақтылауға қолбайлау кедергі болады. Мұрат Мөңкеұлының (1843 ж.т) «Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз, Қайран, Саланың жатқан аңғары-ай-ын...» еске алсаң болды – ескі қазақтың еңселі құбаторы өңі ап-айқын көріне бастайды. Өшпейтін рухани санадағы нәзиралық мөртаңбалар бізді кейінгілермен осылай қапсыра түседі. Маңыздысы – бізді толықтыратын әлемдік өлшемдегі поэзияны тануға ышқынысымыз болғанымен   рухани өрлеу жағымыз әлі қалыс. Тіптен кемелдікке емес, кембағалдыққа кетіп бара жатқан бізге, - жол айырығын айқын көру жағы мүлдемге кемшін. Біздің алдымызда бұрын соңды болмаған ұлы өзгерістер мен бір керемет сұлбаның сұлбасы анық байқалады. Сол жағынан қарасаң саналы поэзияда ілгерілеушіліктер көрініс беруі мүмкін. Бұл әрине есек дәме.

Бүгінгі дәуір – саналы қауымның өз өнімі. Ендеше әлемдік руханиятқа қажет жаңа хаһи идеялар тууы керек. Жаңа туған нәрестенің іңгәсындай жағымды дауыстар, жаңашыл ақындар жүрегінен талып - талып естілуін қалайды – сәл саналы ел-жұрт. Өркениет жаңалықтары бір қауыздан қылтиып көрінуі мүмкін емес, әрине. Осы заманғы ең болмашы әрекеттерден, ең қарапайым кездейсоқтықтардан да өлең құрылымы өрілетін болды. Бірақ қауқарсыз, ебдейсіз, олақ санадан - оңды поэзиялық өнім шыға қоймайтынын сездік.

Адамзаттық шым тереңдіктен, азаматтық әділ хаһилықтан жаңа идеялар тоғысы өріп, өрбитін секілді. Ішкі тайталас «соғыстардың» игі нәтижесі – осы замандық өлеңдер өрнегінен анық көрінетініне сенуге «тура келмейді». Терезеге жұққан қырау іздері секілді аса құпиялы  нәзік өрнектердей із –поэзияда ғана кездеседі. Егер біз өлеңдегі алдамшы көріністерден құтыла алатын болсақ қана осы заманғы поэзия сүрлеуіне жолыға аламыз. Аса тапшылықтан сана құдіретіне ұялаған қуатқа қарай, аянышты, мылқау тірліктен енді-енді ояна бастаған орамды парасаттылыққа, құр сөзділіктен құрамдас бөліктерге тұратын ұлы мазмұндарға қарай аяқ басудан жүрексінбесек-ті.

Поэзияның сындарлы ақиқаттан сыртқары қалған тұстары болған. Біздің дәуірдегі сыңаржақ рухани өмірдің дәміне құнығу үшін оның шетінде ғана қара көрсетіп жүру аздық етеді. Осы замандық поэзияның іргетасын қалап жүрміз дейтіндердің сол іргетастың бір сынығы ретінде ғана көрінуі қанағаттандырмайды. Поэзияның ұлы мақсаты - санасыз тобырдың рухани езгісін, егелігін сезінуге көнбейтін ақындарының бақытымен жүзеге асады. Ақынның ақыны қаншама қат-қабат шөгінділер арасынан өзін іздеп табуы – поэзияның мұраты.

Осы заманғы поэзия өмірі өз ышқынысының ішінде жанайқайлар мен жалтақатсыз бұлқыныстардың арқасында өтсе ғана жөн секілді. Әлемдік өлшем бойынша ұлт поэзиясының жетуге мүмкін межелерін арифметикалық долбармен өлшей салу орынды емес. Ұшы-қиырсыз мазмұндармен «зариядталған» құбылыстарды жүйесіз өлшемге салуға келмейтіндігін айтамыз. Логика да қажет болмайды оған.

Әлемдік деңгейде өшпес алаудай жанып тұрған күйінде өткен өрт тілді ақындар көп болған. Солардың ұшқыны шексіз кеңістікке тарап кетіп жатады. Үздіксіз, тылсым, һәм құпия бір  қуат күш, сол ақындардың жырларымен жалғасып адамзаттың кіршіксіз  жан дүниесіне қан тамырлары арқылы сіңеді.

Қайталанбас ішкі тіл – осы жырларда көрінеді. Яғни аянды кие – поэзия, пәлсафалы діл. Ойлау жүйесіндегі кіді жайсыздық, ішкі тіндегі кереғар қатаң үкімдер поэзия атты құдыретті киені оң иыққа қондырмайды.

Жаңалықтар жырдың өң бетін ашады, өзгеше сезініс – оның келбетін айшықтай түседі. Сосын тосын әуез, тосын мақамдар поэзияны түр-түрге бөлейді. Тыңнан тартылған түрендерді әркездегі «төрт құбыласы тең дәстүрге» қарсы санап жатырқайтындар көп кездеседі. Дәл осынау сыңар дәстүршілдік – сан ғасыр бойы ұласып жеткен ұлы нәзираны бір қалыпты дүрегей тәртіпке бағындырумен келді. Санадағы жабықтық, қоғамдағы жарықшақ сәуленің білтесін бітей түсетінін көрдік.

Өз жырларына деген бойкүйез тойымпаздық – әлемдік өлшемге қарай беттеуге даяр тұрған поэзия түреніне ықтиярсыз бөгесін болды. Жаңа мазмұнды өлеңдерді өз тұтамымен өлшейтін, өмірі өзгере алмайтын ақындардың жазғанынан жазбағаны абұйыр. Бүгінгі өлеңдер типі өзгеше күймен өніп,өсіп келеді. Бір арнаға бағынғысы келмейтін жаңа ағымдар сарыны келді. Қысқасы, өлең төңірегіндегі ойлау кеңдігі мен еркін пішімдер ХХ ғасыр берген қасаң үрдістерге бағына қоймайтындығын көрсетті. Бұнымыз - көне дәстүршілдіктің бәрі түбегейлі жойылып кететін құбылыс дегеніміз емес. Поэзия алаңында тамаша бәсекелестік көбейсе біздің ойлау жүйеміздегі еркін жеріктікке жол ашылады. Көне әуездерден жаңа іздер ұлы дүниеге келеді. Артқа қарап жалтақтаушылық, ізденістен қашқақтаушылықтың бәрі осы заманғы поэзия өрісін кеңіте алмайды. Поэзиядағы ең сәтті теңеулер махаббат жерігінен табылады. Өкініштісі – махаббат күллі уақытқа «төре» емес.

Махаббат тақырыбында жазылған, сызылған ұлы құндылықтар өте көп. Поэзияның өзі – суреткерлік ғұмырдың нақты көрінісі яки музасы. Айталық ХХ ғ. Испанияның әйгілі сүгіретшісі Пабло Пикассо (1881-1973) музасы - «мәңгілік махаббат» желісіне құрылды. Жуықта ғана Нью-Иоркте өткен «Sothedy’s» биржасы шақыру саудасында оның 1932 жылғы  «Алтын шырақты бәйшешек натюрморты» атты суреті 41,5 млн долларға бағаланды. Пикассоның жан дүниесін тербеген «нағыз күйіті келген хайуандық махаббатының» нәтижесі – көрікті Фернандо Оливеден басталып, Марсель Гумберт (Ева), Мари-Тереза Вальтер, Дора Маар, Франсуа Жило, Жаклин Роктармен аяқталады. Бір ғасыр яғни 91 жасына дейін 20 мың сүгіретті өмірге әкелген Пикассоның жүрегі 1973 жылы тамызда тоқтады. Пикассоның отбасында 50 жыл бойы бірге болған жары Мари-Тереза Вальтер ұлы кескінші туралы естелігінде: «...Пикассо әйелді кім екеніне қарамастан ең әуелі зорлап, соңынан сүгірет жайлап салуға кірісетін...» деп келтіреді.

Ұлы суретшінің осы бір ерсілеу, қырсық ғұмырының куәгері Мари-Тереза Вальтер 1975 жылы асылып өлген жерінен табылса, Пикассоның  күллі кескіндемесінде 160 мәрте пір ретінде сомдалған соңғы қосағы Жаклин Рок 1986 жылы өзін-өзі атумен тәмамдалғаны бар.

Ал, екінші жағынан қарасақ, Алманиялық әйгілі ақын, философ, тарихшы Иоханн Кристоф Фон Шиллердің  (Иога́нн Кри́стоф Фри́дрих фон Ши́ллер (нем. Johann Christoph Friedrich von Schiller; 10 ноября 1759, Марбах-на-Неккаре — 9 мая 1805, Веймар)

 «Қаскөйлік пен махаббат» (1784) атты ірі туындысы бар. Оның алдына түсетін құндылық аз болуы да мүмкін.

Ендеше мәңгілік махаббат турасында қалам тербеу – нағыз қиямет-майдан. Осы Шиллердің туындысындағы кейіпкер Вурмның «...Сен мені есімнен адастырып құтырттың, сенімен бірге тозаққа кетем...» дейтін аяни ішкі дерті есіңізде болар. Сол секілді махаббат тәңірісі ақынды да, кескіншіні де «тозақ отына шыжғыртады», есесіне құндылық сарыны Хафиз жауһарларындай мәңгі жалғасады.

И.А.Буниннің (Ива́н Алексе́евич Бу́нин (10 (22) октября 1870, Воронеж, Российская империя — 8 ноября 1953, Париж, Франция)

 «Арсеньевтің өмірі» (1927-1929, 1933) атты керемет туындысында: «...Арман мен болмыс аралық мәңгілік майдан...» үшін махаббатты сақтап қалу қателік...» дейді де - «...қайсыбір сүюде, әсіресе әйелге ғашық болу сәтінде іштей мүжіліп, таусылуды ғана аса жақсы көретін, аянышты сүйіспеншіліктің сезінісіне ұшырайтын ішкі жан-дүниенің заңдылығына...» мойынұсынудан басқа лаж қалмайтынын меңзейді. Шығарманың соңғы тынысында «...онсыз өткен күндерімнің соңында мен оны алғаш рет түсімде көрдім...» деп тәмамдайды. Біздің айтайын дегеніміз Буниннің «...Арман мен болмысаралық мәңгілік майдан...» қайшылықтарын көркемдіктің өлшемі аса шеберлікпен ашып беруін тілге тиек ету еді. «Арсеньевтің өміріндегі» жеке адамның тақсыретін оқи отырып ырықсыз кеше, бүгін, ертең атты уақыт өрнегінің философиялық мәнін түйсінуге болатындай. Егер саналы оқырман дәл осы туындыны нақты өз зейінімен шамалай, саралай алса – оның құны Пикассоның «Алтын шырақты бәйшешек натюрмортынан» да бағалы «сүгіретті» көрсете алуы ғажап емес еді.

Табиғаттың таңғажайып суреттері немесе ешкімнің санасынан тыс тылсым көркемдігімен көз тартатын ғажайыптар И.А.Бунин туындыларының өзегінде өрілетінін айтамыз. Тек Таң дәуіріндегі Қытай поэзиясында ғана көрінетін табиғаттың тылсым айшықтары Бунин жан дүниесінің жауһарларында жамырай түседі. Бұны ғарыштық поэзиядан ғана көрінетін үйлесім ізі деуге болатындай. Қалайда әлемдік поэзияның жауһарларының түпнегіздері бір арнаның бастауынан шымырлап қайнайтыны хаһ.

Поэзияның соры – ауыл арасындағы болмашы ғана оқиғаны «көріске қосып» ұсақтап бара жатқан ақындардың адасуында. Кішігірім оқиғаны кең кеңістікке қарай сүйрелеуге талпыныс жасау – адамзат дәуіріндегі барлық ақындарға енші болған тұстары бар. Өткендегі көшпелі өркениеттің ғажайып суреттерін салу – бүгінгі көп ақша өндіретін шошқа зауытының кескін-келбетіне ода арнаудан мүлдемге бөлек харакет. Ертеректе алпысыншы жылдардың орта шенінде КСРО тұсында Ленин атымен берілетін марапатқа ие болған әйгілі ақын Эдуардс Межейлайтистің (Эдуа́рдас Межела́йтис (Эдуардас Беньяминович Межелайтис, лит. Eduardas Mieželaitis; 3 октября 1919, деревня Карейвишкяй, ныне Пакруойского района — 6 июня 1997, Вильнюс) бір керемет мақаласы жарық көрген. Ол -  Кеңестік поэзияның осы заманауи кескін келбетін асты-үстіне шығарып көсеп бергені бар. Тәжірибе бола тұра тәсілдің жетіспейтіні, көпсөзділік һәм шатпақ, сәл алысты болжай алмайтын зағиптік турасындағы оның сол сәттегі кесек ойлары бүгінгі «ұсақтарға» сабақ болары сөзсіз еді. «Кім тәуір жаза алмайды, сол барлығын жоққа шығарады» - бұл Э.Межейлайтистің сөзі. Әйтеуір Кеңестік дәуірді жырлаушылардың к...не бұрыш қыстырылған. Өкініштісі біздің «лениншілдер» сол мақаланы әлі бір рет болса да әдебиет оқулықтарына бере алмай жүр. Әрине Эдуардс Межейлайтис тағлымдары секілді одан да қисынды көптеген құндылықтардың болуына таласпаймын. Э.Межейлайтис көседі екен деп Кеңестік поэзия өрттей лаулап жалындап кете қоймаса керек. Оны енді осылай доғара тұрайық. Хош.

 Біздің оқырмандар, саналы қауым қасындағы жебірей мен орыстың да, шығыстағы қытайдың да жауһарларымен танысуға құқығы бар. Өкініштісі қайыңның қабығына басқа бір күштер әсерімен өрнектелгендей ғарыштық поэзияға біз әлі жетпей жүрміз. Біз артқа жалтақтаумен жүргенде өз қасиетіміз бен ерекшеліктерімізден көз жазып қалдық. Өз бағытынан көз жазып қалудың кесапатын ұлы Қытай әдебиеті һәм поэзиясы басынан кешірді.

Менің пайымдауымша осынау ұлы Қытай поэзиясы Таң дәуірінде құтырына дәуірледі. Қытай поэзиясының алтын дәуірі - осы кезден бастау алады әрі осы кезден кейін аяқталған болуы да мүмкін!? Таң дәуірінде рухани дамудың шарықтау шегіне жеткен. Оның бір белгісі – біздің оқырмандар жақсы білетін шайыр Ли Бай (701-762). Ли Бай  өлеңдерін ғарыштық өлшеммен (санамыздың жеткен шегіне дейін - Р.С) пайымдау, сіңіру қажет. Ли Бай жырлары құдды тірі (жаны бар – Р.С.) поэзия секілді. Табиғаттың сан мың айшықты реңімен боялған құдыретті сүгіреттер елесі – Ли Бай өлеңдерінде қисапсыз. Егер қос жанарыңызбен гүлдің, дала гүлінің сиқырлы түрлерін оқып, жан дүниеңізбен сезіне алатын болсаңыз - Ли Байды оқып бір көріңіз.  «...Төсегімнің алдына айдың ізі төгілді...» деген жолдарға қараңыз. Яки бұл өлеңді әр елдің әрқилы аудармашылары әрқилы тәсілмен тәржімалады. Жеткізді, һәм сәтсіздеу жеткізсе - оқа емес. Өлең – өзі жанды ағза. Жадыңызға жақын. Жандүниеңе жақын деп туындының бәрін осылай тәптіштей беруге болмас. Біртүрлі ыңғайсыз шығармалар да кездесуі мүмкін. Латин Америкасының әйгілі ақыны Хорхе Луис Борхестің (Хо́рхе Луи́с Бо́рхес (исп. Jorge Luis Borges; 24 августа 1899 года, Буэнос-Айрес — 14 июня 1986 года, Женева)   «Төс белгі» атты бір шағын әңгімесі бар. «...Мен кезбемін...» деп басталады. Барлығы уақыттың аясында өтетін өтпелі ғұмырдың бір сәттік көрінісін сипаттайды. Хан мен қайыршының, өмір мен өлімнің аражігін жалғап немесе ажыратып тұрған уақыт... Қызықтысы – кезбелер жан жүрегінде өткен кездегі патшалық биліктің «түп нұсқасы» мәңгі сақталған?!

Қысқа әңгіменің қара сөзбен кестеленген өлең үлгісін осы туындыдан көруге болады. Ли Бай өлеңдері қаншалықты қысқа, нұсқа болса – Борхес қиялы да соншалықты шұбалаңқы емес. Мүмкін бұл тәсілді әдеби өнімдердің өмірге келетін қай бір тұсында қолдануға болатындай. Ли Бай дәуірі бір басқа, ал Борхес өз дәуірінде Нобель сыйлығына қол жеткізе алмады. Ләйім әлемдік поэзияны Ли Бай мен Борхестің қыш өзекті туындыларынсыз елестету қиын. Борхестің «Сципионның түсі»  (Somnium Scipionis) атты қысқа әңгімесінде: «өлмейтін рух» туралы жолдар бар. Автор бір жағынан - астральдық  діни позициясы жағында нық тұрады да, екінші жағынан - «сезімде мәңгілік өлмейтін» рух бар деген өсиетке жүгінеді. Ал, үшіншіде - ол ғарышты тек хаһи жандар ғана аяқ баса алатын ең тұңғиық ғибадатхана деп көрсетуге тырысады. Солай, Ли Байды көне қытайлықтар «Тәңір елшісі», «Көктен жерге түскен өлмес рух иесі» санайды, табынады. Расында көне Таң дәуірінде, қазіргі Сычуань өлкесі Зиньжоу елдімекенінде дүниеге келген ежелгі батыс Лян елінің патшасы Ли Хаоның тоғызыншы ұрпағы – ақын Ли Бай осы болса керек. Бір аңызда Ли Байдың анасы түс көреді. Түсінде көктен жұлдыз ағып келіп ана құрсағына түнейді. Содан соң ана жүкті болыпты-мыс. Нәресте дүниеге келгенде оның есімін көк жұлдызының аты – «Тайбэй» деп атайды. Әлемдік поэзияда өлмес жарық жұлдыз саналатын сол Ли Байдың рухы қолдады ма, кім білсін, - әйтеуір Швецияның Стокгольм, Норвегияның Осло қалаларында 111 реткі Нобель сыйлығы «үлестірілгенде» Швецияның патшасы Карл ХҮІ Густавтың қолымен 870-ші үміткер Қытай ақыны Мо Янға диплом, Нобелдің сүгіреті мөрленген төсбелгі 1,2 млн доллары ұсынылды. Сөйтіп 2012 жылғы Нобель сыйлығы Қытай қаламгері Мо Янға (Мо Гуан) берілді. Сол сәттен кейін у-шу басталды. Еуро-Азия аумағы түгелдей дырдуға үн қосты. Бұл сенсация 1978 жылы 264-ші кезекте Рим әкейіне Ион Паул екіншіге яғни Польшаның Краков шіркеуінің дінбасы бискуп Карл Войтилла сайланған кездегі у-шудан кем болмаса керек. Нобель сыйлығына аты ұсынылатын 350 шамасындағы жазушылар жайында қалды. Сыйлық Қытайдың еншісіне бұйырды. Бұйырғанда баяғы Маоның «сарай жыршысына».

Мо Янның «Red Sorghum» (Қызыл гаолян) кітабы Еуропа оқырмандарына жылдам жеткендігі  - бұған оң жол ашқан секілді. Қызыл гаолян – сояулы жүгері тектес өсімдік. Көбінде сыпыртқы жасауға ғана жарайтын бір нәрсе болса керек.  Мо Ян 1987 жылы Берлинде «Алтын аю»-ды жеңіп алған т.т.

 Сол кезден бастап ұлы неміс оқырмандарына етене Мо Янның «Ағаш шәркей тозағы» т.с.с «Бақа» туындылары арқылы батысқа таныла бастаған. Үнемі ізденістерде жүретін бір кездегі қатардағы жаяу әскер Мо Ян  бұдан соң «Шарап елі», «Пияздар үні», «Өр кеуде, өктем құйрық» секілді  шығармаларын ұсынды. Шығармашылығы айтарлықтай, ауыз толымды болуы, һәм болмауы мүмкін - әйтеуір қытай жазушысы Мо Ян (Мо Гуан)-ға «Нобель» бұйырды. Меніңше тәржімалануы керек пе еді. Көрші елдерге мүлдемге бейтаныс - «Нобельдік марапат егесі» болуы қажет пе? Кім білсін? Бір қызықтысы - Қытай әдебиетін әлемдік деңгейге сүйрелеп жарнамалап  жатқан осынау талантты «бурлактары» ғана. Бізде де осылай болса ғой?!

Нобель сыйлығына ие болған барлық туындылар теңдессіз десек мүлде қателесеміз. «Нобель комитетінде» кезекте тұрған 300-400 туындының 10-20 пайызы ғана әлемдік құндылық ретінде мойындалуы да ғажап емес. Дүние - әлем ақ пен қызыл шеңгелдің уысында тұрған кезде «коммунизмнің қашқындары» - бүгінгі орыс әдебиетін құрлықтан-құрлыққа тасымалдап, таныстырған, мүмкін сол кездегі әдебиеттегі құрлықаралық «балластикалық зымыранның» міндетін атқарған да солар.

Солардың бірі – И.А.Бродский (Ио́сиф Алекса́ндрович Бро́дский (24 мая 1940, Ленинград - 28 января 1996, Нью-Йорк) еді. Иосиф Александрович Бродскийді Ресейдің орыс ұлтының ақыны дегеннен гөрі Американдық шайыр деп түсіну дұрыс па?  ХХ ғасыр Бродскийді ұлы поэзия әлеміне ұсынды. Менің ойымша оның шығармашылығы - өткен бір дәстүрлі кереметтердің, аса таланттылардың жалғасы ретінде қала берер еді. Бірақ, реформатор өткен шақтағы дәстүрлі қалыпты сақтап  біржола қала алмады. Оны бұзды. Керемет бір жаңа үлгілер оның қолтумасында сол сәттен бастап көрінеді. Оның үні поляктарда да, британдық поэзияда да жүр. Бейбақ, кезінде барынша қудаланды да. Демек оның қудалануы – Бродский поэзиясының әлемдік құндылық болып танылуына мүмкіндіктер жасады. Кеңестік темір шымылдықтың арғы жағында өрбіген өртті жабық әңгімелер - Бродскийді аңызға айналдырып жіберді. Оның поэзия әлеміндегі қажырлы тұсы да тағдырдың осынау қитұрқы келекелі сәтіне дөп келді. Идеологиялық өткір кездіктер кез-келген сәттің бәрінде оның жүрек, қан тамырларын мылжалап тілгілеумен болды. Бірақ, ақынның әрқилы өлеңдеріндегі қан аралас тер тамшылары оны әлем биігіне қарай лақтырып жіберді. Жас таланттар арасында өткен түрлі кездесулер мен дидарғайып сұхбаттары да Еуразиялық рухани кеңістігінде оның беделін тәңірлете түскені бар. Әсіресе «Мейман» атты әйгілі поэмасы 1961 жылы мамырда Санкт-Петербургте аяқталған. Бұны Бродскийдің «жұмбақ әлемі» деп сәл үстемірек бағалауға болатындай.

«...Өз жүрегің өзіңде емес,

Басқа тұрмыс, басқа Күн...» немесе

«...Қасыңызда жылап тұрған жас шағың,

Зулап өткен тегершіктер – қас-қағым...» деп.

Иә, небәрі үш бөліктен тұратын поэма әлқиссасындай.

«...Жақындаңдар маған қарай,

Күз жақұтты көшелер...» деп басталып,

«...Қош болыңыз...

Мейман досым - Мен кеттім.

Көшіп келе жатқан уақыт,

Сен деп біл...» деген жолдармен  оның «ғұмыры» бітеді.

Әбден жауыр болған дәуірдегі ақын жанының ең ауыр үні, ағыл, тегіл жан дауысы да осы болуы мүмкін. Бірақ әдебиет танушылар оның «Зофья» поэмасындағы:

«...Көгіңде тәңір қаһарланса,

Төріңде уақыт үрейлі...» немесе «...біздің заман құлыпқа да сенбейді...» дейтін астарлы жолдарынан аттап өте алмасы хаһ. Ақынның «Петербург романы» (1961), «Сап» (1961) атты поэмаларының қай-қайсысын алсаңыз да құдіретті - «уақыт» туралы  толғанысына көз жеткізуге болады. Сонау бір құрлықтағы  Бельгияның кескіншісі  Masereh Frans (1869-1972) арналған болуы мүмкін, әйтеуір сол

«Петербург романында» мынадай жолдар бар.

«...Шарбақтың тар арасынан еңбектеп,

Шарасыздау Көкек айы сығалап.

Масерелдің мәйітімен еңіреп кеп,

Мәңгілікке ағады өзен төңіректе...» Шынында керемет...

Өлеңді тәржімалау аса қиын іс. Алайда, қазақ тілінің аса шұрайлы қорының нәтижелеріне сүйене отырып  ақын өлеңдерін нақты тәржімалауға талпыну тіптен абырой. Алайда кейінгі кезде бізде тілдік қуат кемшін тартып барады. Ой өрістей алмаса, өлең қалай поэзиялық аударма бола алады? Ой өрістей алмаса, өркениеттік, жалпыадамзаттық поэзиялық құндылықтар көкжиегіне жету мүмкін бе?

Әдеттегі кеудемен әлемдегі тосын тұрған түренді «игере алмаспыз» деген күмән тұманына тұншыға, қыстыға тіл қатуға ғана дәрменіміз болса қайтеміз?! Өкінішті! Біз өз қолданысымыздағы тілдік құндылықтың орбитасында емес секілдіміз. Қинала-қинала уақыт аясына сіңісіп ұсақтап барады екенбіз. И.Бродский соны меңзесе керек.

«Уақыт» - деген не? Ақынның өлген кезі ме? Т.С.Элиот дүниеден озған кезінде сол Иосиф Бродский 1965 жылы қаңтардың 12-сі күні бір өлең арнады. Өлеңнің өн бойынан уақыттың нәрі сезіледі.

Құдай емес, уақыт-

Уақыт оны шақырған.

Тулаған толқындар балаң ғұмырдай,

Биікке шапшып ақырғы ән.

Ажырасады түрен санамды қырнай,

Жер тепкілейді батырлар.

Біз түскен жердің топырағында,

Сұлайды шыңдар сұлбасын

Құмға батырған.

Жалпы адамзаттық тақырыпты осылай қозғау керек-ті. Қазақ ақындарына, адамзаттық  тақырыпқа еркін бойлап еніп кетуіне - «қандай бір күштен...» жол берілмей тұр. Иосиф Бродскийлердің өлеңдерін оқып отырған кезде біздің құлағымызда Құрманғазының «Көбік шашқаны» кісінеп тұрады. Мінеки осы «Көбік шашқандай» психологиялық ашулы, ішкі кегі қайнаған қуатты поэзияны біз - батыс әлеміне қарай қуып шығуымыз тура. Мен теңізді көрген жоқпын. Бірақ, теңіздің дәл түбінен тесіп шығатын таңертеңгі күннің кескіні құдды домбыраға ұқсайды екен. Ал, түнгі айдың теңізге құлаған сүгіреті – қобыз.  «Көбік шашқанды» психологиялық поэзия деуіміздің себебі – адам жан дүниесіндегі сан өрнекті қаңқалар мен таңғажайып сәулеттер осы туындыдан «көрінеді», «оқисың». Ешқашан қайта өңдеуді қажет етпейтін осы «Көбік шашқан» секілді адамзаттық өрнекті құбылыстарды поэзияға, осы замандық музыкалық түрге айналдырып жіберсек...

Қазақ поэзиясының әлемдік деңгейге жетпей тұруының тағы бір себебі – «Көбік шашқандардың» көр-қапаста көміліп ұзағырақ жатып қалғандығына байланысты. Ендеше қазақ поэзиясының Мұхтар Мағауин түрендеген  ғасырлық «кісен ашары» әлемге жол тартуы тура. Иранғайыптың «Күшігінен таланған», «Батқан кеменің бейбақтары» атты драмалық туындылары бар (1990). Сол «Күшігінен таланғанды» біз әлі жете көре алмай келеміз. Өкінішті! Иранғайып жұлдызнамашының сөзімен:

Ажалың – Ғайып,

Дидарың – Ғайып,

Дәм – Ғайып...

Нәпсіміз – Ғайып,

және де

Ғайыптық тылсым –

Ататын алғы таң байып... - деп мына әлемнен алыстап кеткісі келеді. Уақыт...Сол сөзінің түйіні драманың соңында беріледі. Мысалы,

«...Жер – тозады!

Көк – азады –

Терек ғұмырын қысқартып,

Өз тамырына өзі балта шапқан

Бұ қылығын Адам қоймаса –

Екі дүниесі бірдей қабынып,

Төрт құбыласы түгелдей тарылып –

Тәңіріне тірі жазады!

Адамзатқа ортақ қасыретті сезіну – ең күрделі саназат азаттығына әкеле алатындай. Ал, «Батқан кеменің бейбақтарында» - өлген Көн шарыққа тіл бітетін тұсы бар. Біртүрлі күйге енесің. Сонымен Иранғайып қиялында - «егеуқұйрықтар» дәуірі бастала, жалғаса береді. Сенесіз бе қымбаттым...

Біздің пайым - кең даладағы сайғақтай еді. Бара-бара  соқыр аңдай күйде қалмаса керек-ті. Көз алдымызды көрмейміз, көргіміз келмейді. Лениншіл зағип ілімге бой үйретудің салдарынан әлі арыла алмай келеміз. Мүмкін қазақ рухы келесі толқудан кейін осы тақылеттес туындылардың бір парасы - «теңіз деңгейінен» сәл жоғары шығып кететініне көз жеткізуге болады.

У.Шекспирдің «Гамлеті», Лондонның «Глобус» театрында 1601 жылы қойылған. Сол Ричерд Бёргеж сомдаған өткір, барынша қуатты, табанды ханзада «сахналық өмірге» келген жоқ. Гамлетке әр қырынан шұқшиып қарап жүрміз. Біздің санамыздағы - Гамлет мұң, жалғыздық. Демек оған - «әлемдік жалқылық...» жарасады десе де келетіндей. Мысалы, орыстың В.Г.Белинскийі - «Ұлы ақындар, жалпы адамгершілікке ортақ ақиқатты жырлайды...» деді. Алайда В.Г.Белинскийдің «Гамлеті» сәл әлсіздеу сүзілген. Бүгінгі әдебиетте үрейлі шөгінді көп, шөккен түйетастардың сызатында тізіле тұнған жауһар тастай ғажайып гамлеттер аз һәм қажет. Кемелдіктен аса туған талант - әлемдегі барлық жат қылықтарды жою үшін тәңірден жіберілген рухани елші – Гамлет. Өз анасына «ғашық болған» алақұс деп те сандырақтар таңылды оған. Күмән, күмән т.с.с. Бірақ, Гамлетке Офелияның көзінен ешкім қарай алмағаны хаһ. «Гамлет» - бүгінгі поэзияның құпия түйінін шешетін құбылыс - рухани тұнба. Гамлеттің - «жындануы арқылы» дүние-әлемдегі барлық әділетсіздікті күллі рухани күндес күрестердің кейіпі ретінде танимыз.

Осынау трагедиялық классикалық көріністен 1996 жылы Англияда Кеннед Брана (Kenneth Branagh) кино-фильм жасады. Мінеки сол В.Г.Белинский айтқан: «...Шекспир арқылы алдымен драма өркендеді, соңынан, ... Байрон, Томас Мор, Вордсворт және басқалар арқылы поэзия өзінің жоғарғы даму дәрежесіне...» жетті. Ал, Солтүстік Америкадағы эпикалық поэзия атасы Купер өз алдына бір әңгіменің арқауы бола алады. Ендеше  заманның бір кезегінде біздің Иранғайыпқа да сұраныстар түсері хаһ.

Осындай бір сәттерде  ойымызға - әлемдік поэзияда өз ізі бар жауһар жырлы алпауыт ақындардың өлмеген ғұмыры келеді. Әуел баста  талантты ақындардың әдеби сыншылыққа әуестігі барлары өз жазғандарына жауаптырақ қарайтынын айтқымыз келген-ді. Солардың бірі – өз кезінде трансцендентализм ағымы бойынша Америка әдебиетін толықтыра түскен - Ральф Валдо Эмерсон (Ralph Waldo Emerson) (1803-1882) есімді ақыны. Оның қаламынан көптеген сыни мақалалар мен әдеби танымдық лекциялар туды. Ақындығынан басқа эссе жанрындағы шығармашылығы елеулі орын алған -  Р.В.Эмерсонның тұңғыш жинағы - «Nature» (1836). Соңынан «Poems» - өлеңдер жинағы басылған. Сол ақынның «Тоғайлар жалғасы сонет» атты аса күрделі ақ өлеңі - текті оқырмандар назарын тартқан. «Неткен шежіре кәрі-кәрі емендер...» деп басталады да,

«...Сенің үнің тап-таза мұң, уайымдар

Уақытсың, махаббатсың қайыңдар...» деп бітеді. Мұқағалидың «Жас қайың»деген өлеңі бар еді ғой.

...Жапырақ жүрек жас қайың,

Жанымды айырбастайын.

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын.

Келісемісің жас қайың?

...Өмірге өмір жалғасып,

Аламыз жерге жармасып

Бірде адам, бірде қайың боп...

Мінеки, тура осы үндестік Р.В.Эмерсон өлеңдерінде де жүр.

Ал,  тағы да Американың бір ұлы ақынын мысалға алайық. Хэнри Уодсуорт Лонгфелло (Henry Wadsworth Longfellow) (1807-1882) Мейн өлкесінде Портландда дүниеге келген. «Мұхиттың арғы жағы» атты тұңғыш жинағы 1831 жылы, соңынан «Түн түрені» (1839) атты жинақтары жарық көрген сәттен кейін атақ-даңқы арта түскен. Америкадағы азамат соғысы жылдарынан сәл бұрын оның «Эвангелин» (1847), «Хиавтата» (1854) туындылары оқиғадан бұрынғы тұрмыс жағдаяттарын кестелейді. Х.У. Лонгфелло ұлы суреткердің бір сәтті одасы – ортағасырлық ағылшын шайыры  - әлем поэзиясының марапаты – «Алтын жапырақ тәжіне» ие болған Жеоффрей Чосердің (Chaucer) (1340-1400) туғанына 500 жыл толу құрметіне арналды.

Қарт ақынның үйі тұр

Қалың ағаш – арасы.

Жауһар сәні жиі тым,

Аңшы кейпі жарасым.

 

Дәліз іші – көгілжім,

Сәнді жаздың күніндей.

Шайыр Абыз көңілді

Аңыздың хаһ піріндей.

 

Қауырсынды қаламы,

Қағазына байланып.

Шабыт шегі жаңалық,

Жата алмады жайланып.

 

«Кентербердің аңызын»

Кестелеуге сәндеп бір.

Боз таңдарда абызың,

Боз торғайдай әндетті.

 

Бір керемет дыбыспен,

Жан сезімі шалқыған.

Дала көркі пүліштей -

Иісі жұпар аңқыған.

 

Әлдилеген бұлбұл үн,

Әнші құстың шырылы.

Тың деректің сыбыры,

Тынысындай тірінің.

Мінеки, поэзияның бізді апаратын күллі соқпақтары сайрап жатыр.

Дәл осылайша айқын және тіптен нақты жолмен біз де жүргіміз келеді. Алайда, саналы оқырмандарсыз ешқайда бара алмайсың. Көнеде мынадай бір тәмсіл бар: «Егер сен жерге жығылсаң, жерге сүйеніп тұрасың» - деген. Әлемдік шырқауға біз тек поэзия атты құдіретті кемемен ғана жете аламыз. Ләйім солай...

Сұраған Рахметұлы

2012 жылы 12-айдың 12-сі 12 сағат 12 минут

Ұқсас жазба: Сұраған Рахметұлы. Поэзия туралы түсінік