05 жел, 2017 сағат 09:09

Сұраған Рахметұлы. Поэзия туралы түсінік

немесе Метафизикалық кеңістікті аңсау 

Поэзия дегеніміз не? Бұл сұрақ онша күрделі де емес. Поэзия ода да, пәлсафа да емес. Руханият азығы. Төлеген Айбергенов: 

...Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым, 
Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның... ("Аманат" Алматы, 1975). Шынында шынайы әдебиет дегеніміз не? Нағыз әдебиет жасау Ж.Верн, Александр Дюмалардың мұрасынан сәл өзгешелеу болуға тиіс. Бұл - заңдылық. Бүгінгі поэзия теңірегінде айтылып жүрген жалпыға тән өлшемнен сәл жоғары өлең жазу үрдісі - "қазақ ақындарында мүмкін емес, уақыты бола қойған жоқ" деуге болмайды. 

Қар... 
Түрі жоқ толастар 
Сол ем сияқты 
Алланың шимайындай ағаштар 
Өлең сияқты... 
(Гүлнәр Салықбай) 

Өлеңдегі терең пайым, толғаныс, козғалыс, ішкі сезім арпалыстарын түсіну қиын. Ауыр. Сондығымен бұл өлең бүгінгі жалпылама (норма) долбарлы өлшеуден жоғары тұр. Өлең - поэзия, өлшемнің ең жоғарғы шегіне талпынған бүгінгі уақыт тынысы сияқты. Ескі үрдіс, қалыпты үлгі, әбден сілікпесі шыққан соцреализм концепцияларын /соцреализм деген атаудың өзі күмәнді, тіптен болмауы да тиіс – Р.С / қорғаштау - келешектегі рухани тірлікке қисапсыз қиянатын тигізуінен кейінгі ғажайып елес. 

О.Мендельштам, Нелли Закс қатарлылардың туындыларындағы тосын, күрделі ойларды, байламдарды бүгінгі қазақ ақындарының кейбір өлеңдерінен кездестірсек - "қазақ қалайша бұлай жаза алады" деп байбалам салуға болмайтындай. Айтпақшы біз тілге тиек етіп отыған Нелли Закс /1891-1970/ немістің ақын қызы. Тегі еврейден, бір кездері Германиядан қуылған. Жөйіттердің трагедиялық ғұмырының жоқтаушысы. Әйтеуір соңыра текті оқырмандар арқылы бағаланғаны бар. Ал, бізде әйел ақынды албасты көргендей болатынымыз жоқ емес. 

Поэзияда басқа өнер салаларымен салыстыруға келмейтін бір ерекшелік бар. Ол - поэзияны жоспармен, тапсырыспен, құлдық саналы - "парасаттылықпен" әдейі науқаншылап жасауға келмейтіндігі. Дәлдүріштің өміріне кездескен бір ғана оқиғадан сабақталып, одаланған өлең, өлең бола алса да поэзия бола алмайтынын ескерсек. Кейбір ақынды біз: "Өлеңін ешкім оқымайды, түсінбейді" дейміз. Бұл өте дұрыс пайым емес. Бірақ, күрделі ақынды өте аз оқырман ғана тандап оқиды десек келіңкірейді. «...Жақсы өлеңді түйсінетіндер бар, бірақ, неге олай екенін олардың өздері де біле бермейді...» деген Элиот пайымы нені меңзейді? 

...Жасыма. 
Ұлы көктің үлпілдеген жасына 
жең шылармын. 
Бәлкім, қонып-еріп жатқан басыңа 
Мен шығармын. 
(Гүлнәр Салықбай) 

Ешбір қасаң қалыпқа байланып қалмаған өлең. Поэзияда белгілі бір "үлгі" болады деп стандарт-жоспар белгіленіп, соған әбден бой үйретіп келіппіз. Демек бүгінгі еркін ойдың түптағаны, осы заманғы поэзияға ғана тән мәнермен орныға бастады. Адами құлықсана да, мән де тек поэзиядан табылатын болды. Поэзия - жүйеленбеген азаматтық соны білімнен туатын секілді. Мысалы: Тыныштықбек Әбдікәкімұлының "Қассақ аңқымасын" алайық. «...жұдырықтай жүрегіммен мықшия, бас орнына күн көтеріп келемін...». Бұл - жәйбір ермек үшін «түртінуден» туындай салған дүние ме? Неге біз - Э.Дикинсон, Константин Бальмонт, Валерий Брюсовтарды әлемдік, адамзат ойшылдары дейміз. Неге Тыныштықбектің өлеңі "хаос"!? Өкінішті корытынды. Кеңестік дәуірде қазақ тілі, әдебиет пәнінің мұғалімдерінің барлығын кез-келген өлеңді жете түсінуге тиісті деген сыңаржақ «түрмелік» талапты қоюға әбден дағдылануымыздың кесірі осы. Өлеңді жақсы түсіну – сауаттылықты талап етеді. Қазіргі сыншымыз деп жүрген қазақ әліпбиінің қырық екі белгісінің үштен бірін де меңгере алмағандарға оңай шаруа емес. 

Поэзия жаппай сауаттандыруға арналған версификатор немесе бір жүйеге түсірілген, уағыздардың бәріне көнетін бірсарын науқанды іс тағы емес - ті. Поэзия- құбылыс. Айсберг секілді. Поэзияны жалпылама «массаның» деңгейімен өлшейтін фактор мығым болған соң ба, кім білсін - әйтеуір қазақ поэзиясы онша тез қарқынмен дами алмай келген жайы бар. Поэзияны көпшілік қалың бұқараның бәрі бірдей түсінбеуі дұрыс. Түсіндірем деп кұқай көрсетіп, қайран кеудені үшкір таспен ұрғыласақ һәм науқаншыласақ опық жейміз. Себебі, адам рухани өмірі бір үлгіге сыйған емес. Поэзия да солай. Қара өлеңдегі мынадай бір жол есіңізде ме? 

...Кеше құлын, бүгін тай, 
Диірменнің тасындай 
Дөңгеленген дүние-ай... 

Поэзияның негізгі мақсаты белгісіз бір бейкеңістіктің атрибутын көз алдыңа айқын көрсету, сомдау. Бүгінгі ғаламтор секілді қызықты дәурен өзі. Адамды нағыз адам ететін ерекшелігі аса маңызды тіл-саналы өнер - поэзия ғана. Тіл - саналы деп отырғанымызда ескеруге тиіс зор мән-мағына бар. Тіл дегеніміз - адам санасының белгілі айқындамасын қағаз бетіне таңбалайтын құбылыс. Тіл десек жазба әдебиетінің (ауыз әдебиеті деген ұғым да екіұшты - Р.С.) дамысы жөніндегі түсінік алдымен ойға оралады. 

Жалпы тіл - саналы өнер - тек поэзия (өлең, қара өлең, айтыс т.б.) арқылы ғана айқындалып келді. Адамзаттың рухани тірлігінің асқары да (сан қилы деңгейі жағынан... — Р.С.) құдыретті, киелісі де осы поэзия. Бұл құбылысты ел көп тұтынатын, қол жетімді «халыққолды тауар ретінде» қолдануға болмайды. 

Поэзия! 
Менімен егіз бе едің? 
Сен мені сезесің бе? 
Неге іздедім? 
Алауыртқан таңдардан сені іздедім. 
Қарауытқан таулардан сені іздедім. 
(Мұқағали Мақатаев) 

Жалпыға белгілі: поэзияда төменгі, жоғарғы деңгей деген ұғымдар бар. «Соцреализм кезінде» ешкімге онша бағынбаған тентек, өз кезеңінде күрделі өлеңдер жазған Олжас, Жұмекен, Қадыр, Өтежан, Иранғайып, Жұматайлардың бүгінгі тұрағын біз тек зау биіктен ғана іздеуімізге тура келеді. 

Фариза Оңғарсынованың "...Шың Қадыр, бір жағымда, шоң Тұманбай..." дейтін жыр жолдары осыны меңзейді. 

Сана жағынан ең жоғарғы деңгейдегі поэзия дамысының тарихына бір сәт оралайық. Бұл әлемдегі ең алғашқы ақын Гомер (б.э.б ҮІІ ғ.) дейік. 

Әрине одан бұрындарды өлең шығаратын, екі сөздің басын қосып эпостық жыр, дастандарды жатқа айтатындар көп болғанына талас жоқ. Бірақ, солардың бәрі шын ақын бола алды ма? Гомерді поэзия тарихындағы алғашқы және ең соңғы ақын дейтін қорытындыға жүгінетін, оны дәлелдейтін дана-данышпандар көптеп кездеседі. Неге? Бұның ең негізгі себебі: поэзия тарихында өлеңдегі жасандылық пен еліктеудің шектен тыс көп болуы - нағыз шын шайырдың өсіп, жетілуіне оның мойындалуына кесірін тигізеді деп көрілуден болса керек. Сонымен қатар классикалық эстетика ілімі бойынша біздің санамызға сіңісті болған поэзия деген ұғым осы Гомердің жазған тигінен аса ұзай алмағандығы. Соның айналасыңда калды десе де болар. Адамзат әу бастан тек қана жаңа пайым, жаңашыл санадан туылған рухани берекетке ғана үйір- ді. Біз бұған бұрын онша мән бермейтінбіз. Қысқасы - адамзаттың санасына далдаланып жасырын жатқан сол игі сұраныстар нәтижесінде ұлы жаңалықтар өмірге келеді, рухани дамыс пайда болады, һәм сол жаңалықтарды кез – кездің реформаторлары әкеледі т.с.с. Жаңашылардың саны онша көп болмайды дейтін сәуегейлікке жүгінуге болады. Бірнеше тұлғаны тізбелейік: Вергилий, Данте, Шекспир, Гёте, Фирдоуси, Башё, Бодлер, Пушкин, Абай, Хафиз, Дикинсон, Хай Зы /1964 24-ші наурызда туылған, 1989 26-шы наурызда 25 – ке қараған қыршын жасында темір жолға қыршылып өлген. Хай Зы – Теңіздің ұлы деген мағынадағы жанама есім. – Р.С / т.с. Қалай десеңіз де поэзия жағдай осы төңіректе күшті айтылмақ. Дүдәмалдануға кұқымыз болса да таласуға ғұмырымыз аз, өреміз де жетпейді. Поэзияның өзіндік тағы бір ерекшелігін айта кетуге тура келеді. Әр адамда тек өзіне тән ақындық өнері болады. Бір кезде ұлы Уильям Фолкнер де /1897-1962/ осылай деген. Иә, адамның трагедиясы – өз сонысын өзі тани білмеуінде. Өз ішкі әлемінде ғана қанат жаятын ғайып құсындай кие, басқаға еш қатысы жоқ бұл қасиет - сол әр адамның өзіне ғана «тән поэзиясы» деуге болады. Мысалы: 

...Көзім - көкте, өзім - жерде, 
Екі жаққа бөлініп, 
Ең бір қызық сезімдерге 
Жүреміз біз жолығып... 

Менің айтқан дәйегіме Гүлнәр ақынның осы төрт жол шумағы дәлел болуы мүмкін. Өз «ішкі поэзиясын» шын тапқан, немесе оған төте жолыққан ақын аса бақытты, әм мәңгі. Өкініштісі барлық ақын-пенделер бүгінге дейін /стиль емес – Р.С/ өз поэзиясына жолыға алмай өмір бойы пұшайман болып өтетіндігі. Нағыз шың поэзия құдіреттеріне тең келетін ақындық та, ондай рухани әлем де әркімнің пешенесіне жазыла бермейтіндігі – мәселенің тіні. Бірақ, әр ақын адам тек өзінше ғана, өз ішкі поэтикалық қасиетін оята алады-мыс. Оған талас жоқ. Кейде басқаның көңілін онша көп тарта бермейтін бір елеусіздеу ақынның өлеңі біреулерге аса қадірлі, тамаша дәмді, тұщымды сезім сыйлайған болып сезілуі де мүмкін. Бұған Гегель де, Камю, Генри Жеймстің де «арманы» һәм Кеңес дәуірі әдебиетінің тұғырнамасын тұжырымдаған Г.Н. Поспелов /1899-1992/, Л.Н. Тимофеев те /1904-1984/ ештеңе дей алмаған. Сол екі көсемнің «Теория литературы» тақырыбындағы /1940,1948,1966,1971,1978/ шаң басқан концепциялары да жауап бере алмайды. 

Кейбір оқырманға Абай, Мұқағали, Жұмекен, енді біреулерге Александр Блок, Мэтью Арнольд, ал, тіптен бәз біреулерге Тыныштықбектің мүмкін бір сондай жөнпәс біреудің өлеңі, жырлары тендессіз сезім сыйлауы ғажап емес. 

Бұл рухани өмір заңдылығы. Менің бірнеше достарымның поэзияға деген көзқарасы - Эмили Дикинсондарды /1830-1886/ оқығаннан кейін танылмастай өзгерген - ді. Ал, бірнешеуі Оралхан, Асқар Сүлейменовпен "сырқаттанса", бір-екеуі Мұхтар Мағауин, Мишель де Монтень /1553-1592/, Артюр Рэмбо /1854-1891/, Мейірхан Ақдәулет, Ұлықбек Есдәулет, Иранғайып... дейді. Өткен тарихта қазақ ақындарынан кім қандай деңгейде болды десе оларды жіктеу аса күрделі емес. Озық ойлы дана бабаларымыз олардың әрқайсысының өз орынын айқындап кеткен, жіктеп үлгерген. Мысалы: Шалкиіз, Махамбет, Бұқар, Доспамбет деп шұбырта беруге болады. 

Ал бүгін біздің заманымыздағы ақындардан кім алдыңғы, һәм жоғарғы қатарда жүргендігін айқындау тіптен оңай емес. Бұларды жіліктейтін, сүзгіден еткізетін әдеби сауатымыз кемшін, оның үстіне іштарлық деген дерт-дербезге шалдыққан дімкәстігіміз мол. "Поэзияда мен білетін бір сілем бар, ол - қалыпты таптаурын жол, "жүрсең осымен жүр, жүрмесең еркің..." - дейтін қитұрқы күш тағы бар екен? Әдебиеттегі осы құтырынды қиянаттың қашан аяқталары беймәлім. Барлық адамды бір асқа жерік ету, бір кеседен су ішкізу, бір сарын "ертегіні" күшпен тыңдатуды талап ету мүмкін бе? 

Бұндай нәумез кезең, кесапаттар жиі ұшырасатын. Қай кез дейсіз бе? Ұлы Британия жазушысы Жорж Оруэллдің /1903-1950/ "1984 жыл" атты романыңда көрінетін - "адамның ой-санасын бақылайтын орын" немесе күн көсемнің күш қолдану теориясы күшіне енген жабық, қасаң идеологиялық тұста солай болған. Демек, кемел поэзияны өркендету оны болашаққа жеткізу үшінші мемлекеттік құлшыныс неге болмасын? Болған... 

Өткен дәуірдегідей бір партиялық көзқарастан тыс, бүгінгі тәуелсіз мемлекеттің саясатымен жүргізілуге тиіс - "әдеби пән" болса, ол - принциптік жағынан мүлде бөлек текті ұғымды білдіретін әрекетке тән емес пе еді? Таңдамалы, озық өнер мен құнды мәдениетті игеруге елді, өнер адамдарын шақыру, оқыту, үйрету үшін игілікті істер басталса риза болар да едік. Жалпы адамзаттық дүниетанымды кейінгі жұртқа таныту бағзыдан келе жатқан үрдіс. 

Біз "нағыз" - поэзия жөнінде біршама жерге бардық - ау. "Нағыз" деген сөзді белгілі бір үлгімен шатастыруға болмайды. Нағыз жоғарғы сатылы деңгейі биік ақындар тізбесін жасар болсақ, бір - біріне әсте ұқсамайтын тұлғалар, олардың туындылары ойға оралады. Мысалы: Эзра Паунд /1885-1972/, Томос Стренз Элиоттардың /1888-1965/ әдеби – зерттеулерін жоғарыда біз тілге тиек еткен классикалық поэзияның көрнекті өкілдерінің қай-қайсысымен де тіке теңестіріп көруге келмейтіндей. Әр қайсысының өз қиындықтары бар күрделі ақындарға тереңірек қарап, түсінсек жеткілікті. Поэзия дегеніміз, тамыры бір, жапырағы сан салалы бәйтерек секілді тірі ағза. Сондықтан нағыз поэзияны тану, тұтыну аясында - табиғи заңдылық, жазылмаған заң деп те көруге жарайтын күрделі сыр бар секілді. Бұлай қарасаң - заңдылық та, ереже де емес ересен бір құпия!? Поэзиядағы сол тылсым құпияны біреуге тәптештеп айтқызып, ұғып, біліп алуға немесе даяр тұрған бір нұсқадан қарап көшіріп жазып айта салуға келе бермейтіндігін білесіз бе? 

Иохан Вольфганг Гёте: «...нағыз уақыттан тыс тұратын әлемдік үлгі, сөз айшығы...» - осы поэзия. 

...Жүрек қана мекен етер сараймыз. 
һәм бақытты болуға жараймыз. 
Өкінбейміз. 
Өрмек тоқып отырып, 
Өзге емес, терезеге қараймыз, 
Пенелопа екеуіміз. 
(Гүлнәр Салықбай) 

Гомердің жазған 15169 шумақ "Илиада", 12110 шумақ "Одиссей"-інен Пенелопа құпиясы ақынның осы өлеңінде "тірі" жүруінің өзін қалай жоққа шығаруға болмақ? 

Мұндай поэзия атты кұпияның түбіне жету үшін біз нағыз патша жүректі оқырман бола алуымыз мүмкін бе деп ойлаймыз кейде. Поэзияны тереңірек шұқшиып оқу үшін оның дүмбілез һәм жасандысынан бастамауымыз игі тәрізді. Еліктеу, жасанды түрде жазылған өлең секілді бірдемені оқып үйреніп, әдеттеніп алсақ, нағыз поэзияны сана көзімізбен іріктеп көре алмаймыз. Ішкі сезім - көзімізді шел басып зағиптыққа айналуымыз да кәдік. Жак Деррида деконструктивизмі /deconstruction, deconstructive crinism/ арқылы осыны көздесе керек. 

Әдебиетші ғалымдар поэзияны оқығанда сол өлеңнің әуелгі жазылған төл нұсқасын, қала берсе өте шебер аудармасы арқылы окып түсінуге кеңес береді. Шынын айтсақ, бізде шебер аудармашылар өте аз, оның үстіне өлеңді басқа тілге аудару тіптен машақат. 

Бір жақсысы: бүгінгі жаһандану дәуіріндегі, осы заманғы поэзия бағыты бұрынғыдай емес менталитет, ұлттық үрдістің шекара, шебіне шектеліп қамалып қала қоймайтыны болды. Сондықтан жаңа заманауи поэзияны талдап оқу үшін тілдік үстемдік көп кедергі болудан қалып бара жатыр. Эмили Дикинсоннан кейінгі Полъ Валери, Уоллес Стивенс, Осип Мендельштам, Эзра Паунд, Уильям Батлер Иейтс, Т.С.Элиот, Яннис Ричос, Октавиа Паз, Иосиф Бродский, Аллен Гинзберг, Эрнст Яндель, Олжас... қатарлыларды кай тілде де оқитын болдық. Әлемдік жаңа ой, поэзия дамысын айқындап жүрген осы ақындарға зер салып қарау аса маңызды. Бұлардың өлендерінің түбін қазбалап оқып-тоқу үшін оқырманның санасы бұзылмаған пәк, "сәби" қалпында болуы шарт. Философияда танымның ең төте жолы тек поэзияда, ақындық санада ғана орын алады. Әйгілі Камю кейінгілерге өнер тереңіне «сүңгуді» нұсқайды. 

Бұдан кейінгі санамызда қалатын тағы бір ерсілеу ойлар бар, ол - біз жаһандану барысында қалыптасқан әлемдік ортақ тілді өлең жазу дәрежесіне дейін оқып үйрену, не болмаса ең жоғарғы деңгейдегі поэзияны қазақ тіліне шебер тәржімалауға машықтануымыз керек. Біз қазір поэзияны жете тұтыну немесе онымен біржолата қоштасатын екі жолдың айыр түйілісінде тұрмыз. Қандай бір тілді поэзияны түсіне алатын дәрежеге дейінгі мөлшерде үйрену дегеніміз өте күрделі мәселе, әрі мүмкін емес іс. Оның үстіне біз қазір ана тілімізде де өлең түсінетін деңгейде жетісіп тұрған жоқпыз. 

Аудармашылар жағы жетіспейді дедік. Қазіргі біздің аудармашы деп жүргендеріміздің көбі кезінде әдебиеттен "жарамсыз" делініп ығыстырылғандар. Поэзияның ең жоғарғы шебінде жүрген нағыз ақындарды тәржімалауға олардың қуаты да, деңгейі де жетпейді. Екі тілде бірдей "жазамыз" дейтіндерге де күмән келтіруге болады. Екі тілде де еркін сөйлеп, жазба әдебиетін оңды-солды пайдалана алатын дәрежеге жеткендер сирек. Әдеби тіліміздің қолданыс аясы кемшін, жүйелі емес, сөздік қорымыздың бірсыпырасынан айырылдық. Оның үстіне ұлттық лингвистерінің лексика, фонетика, диалектологиялық еңбектері заман талабына жарамсыз, жарымжан. Өз ана тілін жақсы игеріп білмейтін, сөйте тұра шет тілін жаңадан үйреніп жүрген "кірме сүт коректілер шұбарлап тәржіма жасайды". Бұдан тәржіма емес, кем-қор, шалажансар бірдемелер өмірге келеді. Біздің бұл уәжіміз қазақ әдебиетінде "тығырықтан шығатын жол қалмады" деп беталды шерленуімізге себеп болмақ емес. Алайда тосын әрі жаңа жүлге қажет ендігіде. Ендеше «жаңа сын – new criticism» турасына көшейік. Зигмунд Фрейдтің «Поэзия және қиялы» секілді. 

Поэзиямызда келешек бар, үміт үзбейміз, ләйім. Неге біз бүгінгі ақындарымыз арасынан авангардизмнің (фанц, avan-gardisme) өресі биік, кемелдерін іріктеп көре алмаймыз? Поэзия адамзаттың ең текті өнері болғасын оның кемеңгері қайтсе де болатыны даусыз емес пе? Бұл үшін санадағы еркіндік, рухани дамысты қолдайтын мемлекеттік тұтас идеологиялық саясат қажет. Тіптен поэзияны үкілеуші Меценаттар да табылуы тиіс. /Гораций Меценат – «Поэзия өнері» атты еңбек жазған Рим жомарты – Р.С / 

Әдебиетті өлшейтін өлшем тұрғысынан алғанда бір халықтың поэзиясы екінші халық поэзиясынан сәл биік деңгейде бола беретін кездейсоқтықты жоққа шығаруға да асықпайық та. Өкініштісі біздің әдебиетшілерде өз деңгейін мүлде төменшіктету, әлсіретіп көрсету, басқаны асқақтатып әсіре мойындаушылық басым. 

Тұрсынжан Шапайдың «Қазақтың жаны» /2001/ кітабында: «...Абайда шөкім нұр бар, ...яғни кітап оқитын қазақтың, бүкіл дүние білетін әлемдерден қашанда бір әлемім артық – Абай... Мен кімнің алдында төменшектеуім керек! Мен – әлемге емес, әлем – маған келсіні...» нені меңзейді? 

Қош, ендеше Американың жазушысы Херман Мелвиллдің айтуындай, біз үшін "әдебиетімізде жаңа ізденістер өте мол" болуы жөн емес пе? 

Поэзия дегеніміз біртекті, кешенді түсінік. Бүгін қазақ поэзиясы тарихи қайта өрлеу кезеңнің тағы бір белесі алдында тұр. Қазақ поэзиясы «соцреализм» кезіндегі дерт-дербездерден мұра боп қалған жаттанды үлгіден іргесін аулақ салатын түрі бар. Жаттанды үлгімен қоштасу дегеніміз біздің әдебиет әлемдік әдебиет дамысымен иық тіресу кезеңіне келді деген сөз. Қазақ поэзиясы дәл осындай өзгеру, жаңару сыпатындағы ішкі құбылыстарды жан дүниесіне қорландыра бастады. Бұл ұлттық нышандағы поэзиялық сана дамысының ілгері қадам басуын байқатады. 

Біз "ескішілміз" дейтін ағаларымыздың "патриоттығын" құрметтеуден басқа айтарымыз жоқ. Себебі, тағыда Тұрсынжан Шапайша айтам: «...патриотизм – тұмау секілді жұқпалы нәрсе!!!». Дұрыс,таза , нақты хаһи патриотизм ваксинасы ауадай қат. Иә, бұл, солай тұра тұрсын. 

Қазақ халқының қара өлеңінде, һәм "Аяз би" секілді ертегілерінде тосын саналық ерекшеліктер әрине мол кездеседі. 

Мұндай тосын саналы киелі ерекшеліктермен немесе жаңа пайым - психологиялық жағынан қайталанбайтын сол көне дүниелермен шыт жаңа аксиоматикалық /axio-matic method/ тәсілмен танысуымыз керек секілді. Қазақта поэтикалық пайым-қуаты, зор түйсігімен бүгінгі жазба әдебиетінің бие бауында қалдырылған тамаша инвариантты туындылар көп. Мысалы: Махмұд әл-Қашқари ("Диуани Лұғат ат-түрік" XI ғасыр) Жүсіп Баласағұни ("Құтадғұ білік" XI ғасыр), Италияның "cantata" тәсіліне ұқсас тәсілмен жазылған - "Алпамыс" дастаны, "Қозы Көрпеш - Баян сұлу", "Қыз Жібек", "Айман Шолпан" т.с.с. Ал, Абайдан соңғы ақындар жырларында қай ақынның өлеңі мен жырларын қай деңгейге лайықтауды оқырман қауым өте жақсы білуге тиісті. Демек, Абайдан кейінгі дәуірдегі аға, аталарымыздың шығармаларының көбі сол кездегі сарынға сақалының салауатымен үн қосқаны трагедия. Кейбір томдардың бүгінгі өлшемге жарамай қалғандығын да ескере жүрсек дейміз. "Бүгінгі өлшеммен алғанда" дегеніміз - Абайша айтсақ - "...көнбеді ешкім сөзіме, әдетіне қарысып..." деп кешегі өлшем, кешегі қалыптасқан таптауырын / стереотип / үрдіске бой үйреткен кісілерге үстірттеу, әрі өте ауыр тиетінін түсінеміз. Сөзге-сөз келгенде айтпауға болмады, жасырып қалу, көңіл жықпастық дегеніміз осы заманауи әдебиеттің өсіп-өнуіне кесірін тигізетінін ұғынатын болдық қой. Гүлнәрда: 

...Жауып жатыр соңғы қар, 
Енді менде сезім жоқ - сен омбылар. 

Бұл жолдардан поэзияның текті, түптамырының иісі аңқиды. Жапон ақыны Цүжи Сэцүко: 

...Көктемнің мұңлы 
жаңбыры, 
Көзімнен ағады, 
қолым дірілдеп. 
Ай сөнді жағада, 
толқынға сүрінген... 

«Поэзия дегеніміз сәт сайынғы жалғыздыққа үйрену, жаттығу...» - бұл, Моңғолиялық бірегей әдебиетші Г.Аюурзана айтқан сәтті лепес. 

Тағы да Гүлнәр Салықбай: 

...Соңғы қарда - соңғы сөзім 
Қалықтап, 
Ең соңғы рет қарар саған анықтап... 

Жалғыздықты танымаса ұлы Абай: "ойға түстім, толғандым..." демес еді. Мацуо Башё /1644-1694/ жазған жүз түрлі кайкудың он бірін әдебиет тарихындағы соңғы реформаторлар қырағы көзімен іріктеп көре алмағанда осы заманғы ең жоғарғы саналы өлең жөнінде әңгіме болмайтын да еді. 

Баше: 
...Көп төбенің тұманы, 
көлбірейді тұнады, 
көктеменің шуағы... 

Гүлнәр: 
...Көлеңкенің көзіндей, 
Көрінбейді ешкім. 
Жүрегімнің соңына ілестім... 

Гүлнәрдің бұл өлеңін поэтикалық ассонанс, нәзік рухпен тілдесу немесе сөз қиюын келтіріп, терең сезінуден туған тың дүние деуге болады. Жалпы көрініс, құбылысты образ етіп сомдау - ежелгі дағды. Демек, поэтикалық нәзіктікпен түйсіну, құдіретті рухтың ішкі жағына үңілу, сүңгу бүгінгі қажеттілік. Өлеңді аса анайылықпен, әдепсіздікпен жазалап оқуға, жазуға болмайтындығы да содан. Пәлсафадағы "қандай бір құбылыс, нәрсенің өз тұратын жері болады" дейтін қағида есіңізде ме? Ия, олай болса әр құбылыстың ішкі жаны, рухы болады деген қағида да рас. Мысалы: Корқытты тындаңыз. Қобыздағы сарын, бөрінің ұлығаны бір керемет әуенге айналады да тыңдаушының көңіліне жетіп, оның жан дүниесін оятады. Рух, ішкі әуені жоқ поэзияның поэзия бола алмауы да осы тақілеттес ұғыммен тіндес. Жалпығалымдық рухтың тамыры бір жерден. Мақұлықтардың да өзіндік сезінуі болады. Демек, һайуандарда тұрмыстық тұтыну, талас, ластану, иемдену һәм дүниеқоңыздық неге жоқ? Ләйім осындай пәлсафалық дүниелердің бар жаңалығын ойлап табатын періштеуи қасиет тек қана ақындардан ғана табылатыны неліктен? Философтар мен зерттеушілердің көз майын тауысып өмір бойы іздеп табатын танымдық дүниелерін ақындар қас-қағым сәтте ғана ішкі аянымен көреді және дөп басып айта алады. Өлеңдерде дәл мұндай жаңалықтар болмаса ол - поэзия емес. 

...Көзім көкте, өзім жерде 
Екі жаққа бөлініп. 
Ең бір қызық сезімдерге 
Жүреміз біз жолығып 
(Гүлнәр Салықбай) 

Жалпы әдебиет дегеніміздің барлығы ақиқат іздеудің  (ақиқаттанудың) - сара жолы. 

«...Сенсіз күннен - Жер бетіне таң қалған, Жалықтым, жаным түтіліп, Құрсаған құлыптардан құтылып, Сені көру, сосын өлу - мәңгі арман...». Гүлнәрдің бұлай жазуы - әуелгі поэзия атты киені ересен құрмет тұтуында. Осы заманғы жаңа қазақ әдебиетінде дәл осы ақындай таза пайымды ақындар сирек кездесуі де мүмкін. 

Түн. 
Терезенің ар жағы - түтін... 
Түн 
Терезенің ар жағы құм. 
Түн - 
Сүйікті жатым. 
...Кім еді атың? 

Расында өте бейнелі бояу. Осыны жазып отырған ақын мүмкін - "бақытты", мүмкін - "бақытсыз"... Демек, өлеңі бақыттылардікіндей - "жуас" та емес. Көңіл-күйінің алақұйын қозғалысы жоқ "әлжуаз" көңілден нағыз поэзия тумақ па!? 

...Құрсаған кұлыптардан құтылып, 
Сені көру, сосын өлу - мәңгі арман... 

О дүниенің қандай нәрсе екенін білетін бір де бір пенде жер бетінде жоқ шығар. Көп пенде өлімнен қорқады. Күнәһәрлық жасау, һарам болып тозақта қалам-ау дегеннен емес, әр пенде ажалдан үрейленеді де белгісіз бір күшке барынша мінәжат етеді, құдайға жалбырынады. Бір қызықтысы - поэзия мен пәлсафаға өлердей жерік болушылар пәнидің бас айналдырар бақ-дәулетінен һәм зейнетінен емес, бұл жалғанның мұңы мен сырынан, бейнетінен өз мұратын іздейді. Сондықтан дүниенің құпиясын ашуға ұмтылған ниет, жарық дүниеге деген мәңгілік махаббатты сезіне алатын патша көңіл, ұлы сөз құдіретіне шын берілген ақынның әдемі мұңына жетерлік осыдан үлкен не болады деп ойлайсың. Генрик Гейне өлетінін сезінген сәтте "өмірмен қоштасуға" өз ұйығы - Луврға аттанған. Ол кісіге өмір біздің түсінігіміздегіден мүлде басқаша һәм бір керемет өнер жүлгесіндей секілді болып сезілген де... Әлде... 

Өнер - әлемінен басқа еш нәрсе сол ақын үшін түкке татымайтын «ештеңедей» болып елестесе керек-ті. Керемет ғажайып эссе секілді осындай өлеңдерді көз жүгіртіп оқи алатын зерде бізде мардымсыз болуы мүмкін. Латын Америкасы әдебиетінде "сиқырлы реализм" ағымында сиқырлы аталатын эссе жанры бар. Мүмкін солардан бірдеңе тауып оқысаңыз "өлеңмен жазылған қара сөз" немесе Тыныштықбек пен Гүлнәрдің үлгілеріне ұқсас жаңалықтарды оңай қауыша алуыңызға да болады. 

Өлеңді әр ақын белгілі бір жоспармен, науқаншылап, «әуейішіл әдігерге» жағыну тұрғысындағы жазылатын одаға сүрінбей нағыз жүрек әмірімен таңбаласа. Әйгілі кемеңгер Гёте: "...поэзия, өлең әу баста бір жерде жазылып қойылған, соны тауып қағазға түсіруден басқа ақындарда онша көп жұмыс болмайды..." Сондықтан диуани поэзияны біздің түсінігіміздегідей аса тәжірибелі біреу тапсырыспен жазып бере салмайды, назым дүниеге нәрестеше іңгәлап келеді - міс. Поэзия бұдан кейін күнделікті күйкі тірлікпен матастырып, тұрмыспен шатастыруға да болмайтын дара оқиға екенін түсінуімізге жол ашады. Ол – шарт та. 

"...Дана үйінен көп ұзап шықпай - ақ әлемді кезе алады" - деген осыдан 3500 жыл бұрын өмір сүрген Лаоздың (Лао Цзы) дәлме-дәл сөзі ойға жиі оралады. Меніңше бұл сөз тек поэзияға, оны жасаушы ақынға ғана қатысты емес. Көне жыраулардың қасидалыққа жақын кестесінің бәрінен поэтикалық тамаша сарындар дәмі сезіледі. Құран аяттардың өзін Алланың өлеңі дейді. 

Ақынның саналы ойынан тамған әр пайым, әр пенденің жеке басының қамынан ғана туындаған «бірдеңелер» емес, ол зандылық қасиетке тән әлем. Қағазға түскен лағыл қағидаттар, хикметтер, руаяттар т.т... 

Омар Һәйям: 
Ей, надан баста жоқ боп туыпсың сен, 
Жел тапқан жалғыз ғана уыссың сен, 
Кептелген екі жоқтың арасына, 
Жап-жалғыз жап-жалаңаш қуыссың сен. 

Мінеки бұл поэзиядан сарсаң тұрмыс, қиялилық тағдыр, тіршілік, күнделікті жоқшылық зарын таба алмайсыз. Себебі, бұл нағыз туынды, уыз уағыз... Иранның жұлдызи лақса шағирилері солай дейді. 

Күнделікті жоқшылықты, немесе пәтерді, машинаны армандаудан жиналған жасанды түсіктей шала өлеңді, - өлең демес болар. Мұндай құнсыз, нәрсіз түйткілді кітипан, түрлі бәлекеттен аулақ болса ғана қазақ поэзиясының ілгерілеуіне пайдалы. 

Эмили Дикинсонның өлеңін оқыған сол кездегі бір әйгілі әдебиет сыншысы: "...өлеңіңнің әр жолдары мен, шумақтарыңның құрылымын дұрыс ұстан, адамдарға түсініксіз, әлемде болуы мүмкін емес кейбір ғажайыптар, шәһарлар тағысын-тағылар туралы жазуды қоя тұр. Егер олай істемесең сен ешқашан ақын бола алмайсың..." дейді. Дикинсон сол сыншының осы сөзіне көзсіз ерген болса, бүгін қандай ақын болар еді? Ол, өз алдына бір кеңес. 

...Сұрқай тірлік сүр үйлермен үндесті., 
Шешіп тастап тағы да бір күнді ескі... 

Гүлнәр Салықбай ұсынған бұл жолдарды оқығанда тандай қағып танданудың да, табынудың да қажеті де жоқ. Жалпы поэзия дегеніміз – осы. Поэзия әлемінде бұндай ірі құбылыстар кездесе береді. С. Гүлнәрдің де, Ә.Тыныштықбектің де архитиптік көзқарасын оқырманға күшпен таңып, оны ықтиярсыз оқытуды талап етуден аулақпыз. Сіз бұл секілді көптеген ірі ақындар өлеңі жөнінде өте көп, дүдәмалсыз кесім айта аласыз. 

Ирландияда әдебиет ағылшын тілділердің рухани әлеміне теңдессіз игі ықпал жасағанын білеміз. Иейтс, С.Беккет, Ш.Хинилерді батыста барынша сыйлайды. Алайда, XX ғасырда сөз өнерінің төлежуіне қабағат үлес қосқан Жеймс Жойста (James Jоусе 1882-1941) жоғарғы орында саналады. Егер біз батысты тек Мәскеумен ғана жөнсіз шатастырмай нағыз жоғарғы сатылы поэзия жасауға ниеттенсек, бүгінгі бір діңгекте байлаулы тұрған әдебиетіміздің " тұсаулы дәстүрі" жойылуға тиіс. 

Сұраған Рахметұлы

«Туған тіл» журналы №1 (01), 2005