#
#
Сейсенбі 20/02/2018

Сүндет Байғожин Дж.Вердидің «Травиата» жауһарында дебют жасайды

  • 14.02.2018
  • 0
  • 225

Танымал опера әншісі, «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Сүндет Байғожин Джузеппе Вердидің әйгілі «Травиата» операсында Жорж Жермон партиясында дебют жасайды. Әлемдік классика жауһары театрдың Үлкен залында 17 ақпан күні көрермен назарына ұсынылады.

Атақты қазақстандық баритон Сүндет Байғожин Отанында ғана емес, сондай-ақ шетелде де ерекше талап етіледі. Оның ауқымды репертуарында ұлттық және әлемдік классиканың опералық қойылымдарындағы жетекші партиялар бар: Абай («Абай», А.Жұбанов пен Л.Хамиди), Бекежан («Қыз Жібек», Е.Брусиловский), Марсель («Богема», Дж.Пуччини), Шарплес («Мадам Баттерфляй», Дж.Пуччини), Фигаро («Севильдік шаштараз», Дж.Россини), Эскамильо («Кармен», Ж.Бизе), Онегин («Евгений Онегин», П.Чайковский) және т.б. Әртіс АҚШ, Италия, Франция, Австрия, Ресей, Беларусь, Оңтүстік Корея, Түркия, Иордания және өзге елдердің беделді сахналарында үлкен жетістікпен өнер көрсетуде.

«Травиата» операсында вокалист мәртебелі отбасының құрметті отағасы, байсалды, зиялы қауымның қадірлі өкілі Жорж Жермонның бейнесін сомдайды. Сүюші әрі адал әке мінезі Жермонның әуезді ариясы кезінде ерекше тебіреніспен ашыла бастайды. Ал кейіпкердің Виолеттамен кең өрістеген дуэтінде рухани жекпе-жек сынды қос мықты мінездің айқасы орын алады, осы кезде Жермон оның керемет саналы қасиеттерін аңғарады.

- Осы бір қызықты әрі музыкалық тұрғыдан күрделі партияны орындау жұмсақ дыбысталуды, «бельканто» үлгісіндегі ән айту техникасын игеруді талап етеді. Жермон рөлі біршама «жас ерекшелігіне» байланысты болғандықтан, көптеген жылдар бойы осы қойылымда өнер көрсетпедім. Жорж Жермон бейнесіндегі дебютім өзімнің туған «Астана Опера» театрының сахнасында орын алатыны мен үшін айрықша маңызды, - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин.

Сүндет Байғожинмен бірге осы кеште сахна төріне оның әріптестері – «Астана Опера» театрының жетекші солистері шығады. Көрікті Виолетта Валери рөлінде Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, оның сүйіктісі Альфред Жермон партиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев өнер көрсетеді.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры, дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Франческо Мария Пиаве либреттосының негізіне Александр Дюманың (кіші) «Камелия ұстаған ханым» романы алынған. Қоюшы режиссер - Хеннинг Брокгауз (Италия). Режиссер – Наталья Кагадий.

Спектакльдің басталуы сағат 18.00-де.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар