25 мам, 2017 сағат 10:57

Сұлтанов: Салық есебінен бюджетке жоспардан тыс 46 млрд теңге түсті

Бүгiн ҚР Парламентінің Сенатында Үкіметтiң 2016 жылғы республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есебi таныстырылды. Жиында баяндама жасаған ҚР Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов салықтардың жоспардан артық түскенiн айтты, деп хабаралайды Baq.kz тiлшiсi.

«Бюджеттің негізгі параметрлеріне келсек, түсімдер 100,2%-ке орындалып, 7 трлн 760 млрд теңгені құрады. Шығыстар 8 трлн 501 млрд теңгеге атқарылып, 98,3%-ке игерілді. Бюджет тапшылығы 741 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы жоспардағы көрсеткіштен 161,5 млрд теңгеге төмен. Жұмыстарымыздың негізгі жетістіктерінің бірі – ол бюджет кірістерінің 2015 жылмен салыстырғанда 1 078 млрд теңгеге көп жиналуы, өсуі 30,8%. Шығыстар 2015 жылға қарағанда 18,6%-ке, яғни 1 338 млрд теңгеге артық игерілді. Бюджет тапшылығының мөлшері бюджеттің тұрақтылығын сипаттайды. Оның көлемі Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда жоспардағы 2%-тің орнына 1,6%-ті құрады. Тапшылық сомасы 2015 жылдың көрсеткішінен 171 млрд теңгеге азайды», - дедi баяндамасында Қаржы министрi.

Сұлтановтың айтуынша, кірістерді артығымен орындау нәтижесінде 158,4 млрд. теңге сомасында кассалық қалдық қалыптасты. Бұл қаражат биыл ақпан айында бюджетті нақтылау үшін негіз болды. 2016 жылы бюджетке 7 662,2 млрд. теңге кірістер түсті. Кірістердің құрамында салықтардың көлемі 2015 жылға қарағанда 2%-ке ұлғайып, 56%-ті құрады. Кірістер 382 млрд теңгеге асыра орындалды.

«Салықтардың жоспардан артық түсуі кепілдендірілген трансфертті 370 млрд теңгеге Ұлттық қорда сақтап қалуға мүмкіндік берді. Кірістердің бұндай атқарылуының негізгі себебі - макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы. Мысалы, жалпы ішкі өнімнің өсуі жоспарланған 0,5% -тің орнына 1%-ті құрады. Теңгемен көрсетілетін импорт көлемі жоспарға қарағанда 4,3%-ке және металл құнының орташа бағасы 5,2%-ке өсті. Бұдан басқа, кірістердің асыра орындалуына мұнайға салынатын экспорттық кеден бажының прогрессивтік мөлшерін енгізу мен басқа да факторлар әсер етті. Салықтық әкімшілендірудің жақсаруы есебінен бюджетке жоспардан тыс 46 млрд теңге түсті», - дедi Сұлтанов.

Министрдiң айтуынша, жоспардың осындай асыра атқарылуына негізгі салықтар ықпал етті. Корпоративтік табыс салығы – 143 млрд. теңге, табиғи және басқа да ресурстарды пайдаланғаны үшін түсімдер – 82 млрд. теңге, мұнайға салынатын экспорттық кеден баж салығы – 52 млрд теңге және ішкі тауарларға салынатын қосылған құн салығы – 38 млрд. теңге.

«Кірістердің Жалпы ішкі өнімдегі үлесі де жақсарды. Олар 2015 жылмен салыстырылғанда 1,5%-тік пунктке жақсарып, 10,1%-ті құрады. Салықтардың үлесі 9,4%-ті құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,2 проценттік пунктке ұлғайды.

Барлық салықтардың үлесі 2015 жылмен салыстырғанда көбейді. Тек, мұнайға салынатын экспорттық кеден бажының үлесі 0,2%-тік пунктке азайды. Бұл мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы ставкасының азаюынан болды», - дедi Қаржы министрi.