15 ақп, 2019 сағат 10:59

Сұлтанов: "Әр отбасының жай-күйі қаралатын болады. Уәде беремін!.."

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов көп балалы аналармен кездесуге олардың мәселесін шешу үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Елбасы нақты тапсырма беріп, үкіметтің жанынан тиісті жұмыс тобы құрылды. Оның нәтижесін күтпей Астанада әр аудандық әкімдіктердің жанынан тиісті жұмыс топтары құрылып, сіздерден ұсыныстар жинап, үкіметтің жанындағы жұмыс тобына дайындаймыз. Сіздерді қабылдау үшін әр әкімдікте холда арнайы столдар қойдық, есіктердің бәрі ашық. Бірақ осылай жиналып, шулап, қатты айтқандарыңыз дұрыс емес. Диалог конструктивті түрде болу керек. Әр отбасының жай-күйі қаралатын болады. Мен уәде беріп отырмын. Қазақстанның түкпір-түкпірінде айтқан сөздеріңіз естілді, барлық жақта шаралар қабылданып жатыр", - деді Бақыт Сұлтанов.

Әкімнің айтуынша, баспана мәселесін бір күнде шешу мүмкін емес.

"Көп жылдан бергі мәселе. Бұл жағынан да тиісті тапсырмалар бар. Жұмыс тобында бұл мәселе ең үлкен проблема ретінде қаралып жатыр. Оны шешудің бірнеше құралы бар. Астанада "Елорда даму" деген ұйымдастырушы компания құрылған. Оған республикалық бюджеттен ақша бөлініп, бірнеше проблема шешіліп жатыр. Апаттық үйлердің бәрі бұзылып, жаңа үйлер салынуда. Отбасыларға жаңа пәтерлер беріліп, қалғандары нарыққа жіберілді. Соның арқасында Астанада кезекте тұрған біраз адамның мәселесі шешіліп жатыр", - деді әкім.

Бұдан бөлек, ол үлескерлердің мәселесі қалай шешіліп жатқанын да айтып өтті.

"15 мың пәтер салып, оларды нарықта сатып, 10 мың үлескердің мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз. Осы құралдарды көпбалалы отбасылардың мәселесін шешу үшін де пайдалана аламыз", - деді ол.

Сұлтанов  қазір Астанада 45 мың адам кезекте тұрғанын айтып өтті. Олардың бәрін баспанамен қамтамасыз ету үшін 1 триллион теңгедей қаражат керек.

"Сондықтан бір күнде шешілетін мәселе емес, біртіндеп жасау керек. Екінші мәселе – жәрдемақы. Бұл мәселе үкіметтің құзырында, ол жұмыс тобында қаралып жатыр. Шешімді күтейік", - деді Астана әкімі.

Айта кетейік, Астана әкімі Бақыт Сұлтанов бүгін көп балалы аналармен кездесуге мәжбүр болды.

Көп балалы әйелдер 15 ақпан күні таңертең елордалық әкімдік ғимаратының алдына жиналып, қала басшылығымен кездесуді талап етті.

Бұдан бұрын әкімдік көп балалы аналардың Сұлтановпен кездесуі болмайтынын жариялап, отбасылардың бүкіл мәселесі аудандық әкімдіктерде қаралады деп мәлімдеген еді.