28 қар, 2017 сағат 12:55

Сұлтан Жанболатов сұхбат

 

«Үлес» және халқаралық «Алаш» әдеби сыйлығы иегері, жазушы, профессор Сұлтан Жанболатовпен сұқбат.

- Сіз Дүниежүзі қазақтарының 4 құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, латынға көшу туралы алқалы кеңестің ішінде болғаныңызды естіген едік. Қазақстаннан хабарлы шығарсыз. Мұнда Латынға көшу - ұлттық тарихи бетбұрыс ретінде қабылданып жатыр. Бұл жазудың сіз тұрған елдегі жағдайы қалай?

- Сұрауың өте орынды. Қазақстандық ағайындардың іргелес елдер ішіндегі ең хабарсызы Қытай елі еді. Өткен ғасырда отаршылдар бұл елді сүйкімсіз, тіпті құбыжық етіп көрсетуге де жанын салды ғой. Ол қылығы әлі де тыйылған жоқ. Шүкір, тәуелсіздік алғалы бері таныса, түсіне бастадыңыздар. Дегенмен, Қытайды қазірде де тап Ресейдей қанық біледі дей алмаймын. Соның бір ғана мысалы, таяуда бір бауырым, Латын қарпіне көшуге қарсылық білдіре келіп, «Талай ел, соның ішінде мына Қытай латынша жазусыз-ақ дамып барады ғой» деп қалды. Іс жүзінде, қытайдың латынша жазуға сүйеніп отырғанын да, оның себебі мен тарихын да білмейді екен. Әрине оған, ол емес, тағы да отаршылдар кінәлі.

Қытайдағы «хәнзі» (қытай иегро) деп аталатын қытайша жазу – шақпақ пішінді, идеограммалық морфемдік жазу. 3300 жылдық тарихы бар, шақпақ әріптерінің ұзын саны 100 мыңға таяйды, күнделікті байланыс пен әдебиеттік қолданысты 3000 таңбасы қанағаттандырады. Бұл қытай жазуын ел ішіндегі барлық халық, Жапония,Корея,Ветьнам сықылды бірқыдыру ел пайдаланатынын білесің. Қытай тілінің байлығын, бұл жазудың сол жүкті арқалай алғанын, халықаралық барша атауларды негізінен өздерінше аударып қолданатынын да білетін шығарсың.

Бұл арада екі нәрсені мойындаған жөн. Бірі – халықаралық барша атауларды негізінен өздерінше аударуы амалсыздықтан. Ана шақпақ әріптердің оқылуы халықаралық атаулардың оқылуын сол бетінше беруге келмейді, ептеп келтірсе де мағыналық былығу туылады. Қазақша бұл тараптан өте икемді тіл ғой. Енді бірі – қытайша жазуда, әріп саны сонша көп бола тұра, бір шақпақ әріпінің өзі талай сызықтан құралады. Демек, күрделі, қиын, ауыр жазу.

Ұша даму үшін уақыттан ұту керек, озықтардың артықшылығын пайдалану қажет, дәстүри дүниелеріңнің қол бөгейтінін ғана емес, озықтарға жетуіңе тұсау болатындарынан да арылу лазым. Әйтпесе ұлттың өзінің өміршеңдігіне нұқсан тіпті қатер туады! Көреген елбасылар мен нағыз зиялылар мұны ерте сезеді. Қазақстандағы  Латын қарпіне көшу – осының белгісі. Ертеде қытайларда жазу роформалауда да екі айрық жолға түскен. Бір айрығы осы шақпақ әріптерді оңайластыру мен заманауиластыруға беттеген. Бұл негізінен атқарылды. Тағы бір айрығы батыстың жазуын пайдалануға кіріскен. Бұл да көп пайда әкелді.

Миң әулеті (1368-1644 жж) тұсында, миссионерлердің ықпалында, шақпақ әріптерді батыс жазуының пиңиңі арқылы өрнектеу пайда бола бастаған-ды. Чиң әулеті 1911-жылы аударылған соң, шақпақ әріптерді латынша әріптермен таңбалауға ұмтылу өріс алды. Тіпті дәстүри шақпақ әріптерді тастап, біржолата латынша жазуға көшуді дәріптеушілер де шықты. Бұған қоса 13 түрлі диалектіні латын жазуымен бірлікке келтіруге де ұмтылды. Бірақ, хән тілінде омофондардың өте көп болуы шақпақ әріптерді мүлде тастап, латынша жазуға бір-ақ көшуге мүмкіндік бермеді. Мысалы, бір уаң дегеннің 14 омофоны, шя дегеннің 22 омофоны бар-ды. Оларды қалай айырасың? Сөйтіп, біржолата латыншаға көшудің мүмкін емесіне көздері әбден жетті. Бірақ латынша жазудан пайдаланудан қайтпады.

Республика құрылып, коммунистік партия билікке келгесін, 10 неше диалектіні бірлікке келтіру латынша жазуға сүйенген қытай тілінің пиңиң әріптері арқылы жүзеге асты. Бұдан соң, компютердің, интернеттің, т.б. ІТ дің жалпыласа бастауы қытайша шақпақ (сызықтары да, омофондары да көп) әріптерді компютерге енгізудің қиыншылығын тудырды. Ғалымдар мұны да латынша жазуға сүйеніп шешті. Қазір қытайша шақпақ әріптердің кейбірі, жай диграф (қос әріп) емес, әлде неше латынша әріппен шығады, жазылады. Мұны көпсініп, әуресініп отырған олар жоқ. Демек, латынша жазу қытай елінде екінші мемлекеттік жазу деуге лайық. Ағылшын тілі – қытайдағы бірінші орындағы шетел тілі.

- Қытайдағы қазақтар жөнінен айтқанда ше? Естуімізше, сіз ондағы қазақтардың Латынға көшуіне бір кісідей еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың бірісіз. Солай ғой?

- Ахмет Байтұрсынұлы атамыз ғасыр бұрын төте жазуды жасап зор еңбек сіңірді. Қазақстанға қарата отаршылдар жүргізген репрессия, зорлап ұжымдастыру, ашаршылық жылдарында, барлық малы мен байлығы тәркіленіп құр басы ғана қалған қазақтар ауыр заманды басынан кешті. Аяғы өз басына да қатер төнді. Не қырылатынын, не ассимилияцияланатынын сезді. Сондықтан, шакара жақтағылары және амалын тапқандары, жиюлы дастарқанына да қарамай, ұрпағын аман сақтап қалу үшін өзге елге ауды. Сол кезде қытайға қоныс аударғандарды Аалаш арыстары – ағайынды Марсековтар, Құдайбергенов Шәкәрімнің ұлы Зият, Күшіков Жәкула болыс, Қалбан қажының Әніуәр Көкеев, Ғазез Қалбанов сықылды ұрпақтары, талай ақын-жазушылар, т.б. бастап барды. Шинжяң қазақтарының мәдени өрлеуі үшін көп еңбек сіңірді. Мектеп ашты, басылымдар шығарды, қолдарынан келгенінше елді оятатын істің бәрін істеді. Соның бірі 96 жасында Алматыда дүниеден өткен Қалбан қажының шөбересі Әнуәр Көкеев ақсақал еді. Әнуәр ақсақал Байтұрсыновтың әліппесін реформалап, бүгінгі қытай қазақтары қолданып жүрген төте жазу нұсқасын дайындады. Мұндағы жұрт бүгінгі мәдениетке осы жазу арқылы жетті.

Алайда, зымыраған заман талабы ұша көтерілген жағдайда төте жазу өз олқылығын (Мұны мен басқа еңбектермде жазғамын) көрсете бастады. Сонымен, Шинжяңдағы ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар латынша жазуға көшкен болатын. Бірақ,1982-жылы тарихи қателік салдарынан әбден жалпыласып болған ол жазуымыздан айрылып қалдық. Қайтадан төте жазуға шегіндік. Ол латынша жазу нұсқасының, заман талабына салыстырғанда, өзіндік олқылықтары да бар-ды. Шегініске ол да аздап себеп болды.

Менің бұл шегініске қарсы шығып, бастан аяқ латынша жазуды дәріптеп келгенім рас. Өткен ғасырдың соңғы жиырма шақты  жылында латынша жазуды қолдап мақалалр да жаздым, орталыққа хат та жеткіздім, арнайы әліппелік нұсқа да ұсындым, марқұм Асқар Жәкулин бастағн Әсет Әрінұлы, Айқын Әбиденұлы, Батыр сықылды жастар қостаған топтың қытай астанасы Бейжінде латын жазуымен дүниеге әкелген «Ауыл» атты тұңғыш қазақ сайтына да аралстым. ... Қолдаушы жастар көп болды. Бірақ, сонда да оның өнімін көре алғаным жоқ.

Кезінде латынша оқыған балалр қазір 60 жастың арғы-бергі жағында. Бір тобы билік басында. Қазір мәдени өре де көп өсті, мына заманды түсінетіндер тіпті көбейді. Алда біз де латыншаға өтерміз.

- Қазақстанда латынға көшу туралы Елбасының жарлығы шығып, алғашқы қызметтер басталып та кетті, бұл жаңалық сіздерге қалай әсер етіп жатыр?

- Бұдан көп адамның хабары бар дей алмаймын. Жас белсенділердің дені хабарлы. Мен сықылдылар қатты қуануда. Бұл туралы әлеуметтік желілерде қызу талқы да бір сәт қызды. Мысалы, Шадыман Ахмет пен Тәліп Нүсіп деген жігіттер жоба жарияланудан бұрын өз ойларын ҚР газеттерінде білдірген. Ал, доктор Әрінұлы Әсет «Қазақтың латынша әліпбе жобасы тәжірибелерінің қоыртындысы» атты мақаланы өзге тілдерде жариялап та үлгерді. Доктор, профессорлардан Қасым Қабылхақұлы Қалбанов, Дәурен Қазымбек, Дубек Қазыкен, Манат Мәуленбайұлы, Әсет Әрінұлы  секілділер ақылдаса келіп, жарияланған жобаға ұсыныстарын ҚР БАҚ тарына жуықта жіберіпті. Әуелі өзге ұлт өкілдерінің белсенді тобы да қол соғып қуаттауда. Мысалы, Бейжінде тұратын ғалым, әйгілі аудармашы Шы Зоңшяу деген қытай қазақтарының да латынша жазуға көшуі тиістілігін айтып мақала да жариялады.

- Көптеген ғалымдар мен зиялылар «Латынға көшу шетелдегі тамырлас ағайындардың басын біріктіруге негіз болады» дейді. Сізше қалай?

Латынға көшу-дүниенің әр қирына тарыдай шашылған қазақтардың жазуын біріктіретініне, тілдік, лексикалық бірліктің артатынына, сол арқылы өзара байланысының тіпті күшейетініне, өздері тұрған елмен Қазақстанның мәдени ауыс-күйісін тығыздауға үлес қосарына кәміл сенемін.

- Тілден артық байлық бар деп ойлайсыз ба?

- Тілді байлықтан гөрі ұлттық жан дегім келеді. Кедей болса да, бойынан жан шықпасын деші! Ал бұл жанның мәңгілік болуы үшін мына үш фактордың бірі де кем болмауы тиіс. Тәуелсіздік, демографиялық басымдық,мемтілдік шынайы мәртебе,осы үшеуін нағыз қорғайтын, кепілдендіретін  білікті де батыл ұлтжанды көсемдік топ.

- Соңғы жариялаған нұсқа мен оның алды-артында ортаға қойылып жатқан пікірлер жайлы нендей ойдасыз?

Меніңше бұл жолғы жазу өзгерту қазақ үшін өз еркімен тұңғыш рет өзгерту болды. Елбасына күллі қазақ қатты разы. Бұл сондай-ақ ең соңғы өзгерту де болғалы тұр, егер сабырмен, парасатпен ең лайық және ең өміршең жобаны таба алар болса. Сондықтан,әлі де кемелдендіре түсу, әрі көшті жүре түзеу керек деп білемін.

Бұл мәселеге байланысты қызу талқыда болып жатқандардан мыналарды байқадым. Бір тобы жазу тілімізге мүлде бағынуы керек деседі. Енді бір тобы жазу заманға, ғылым мен технология райына бағынғаны жөн деп санасады. Меніңше, осы екі жақты ұштастыра қарау керек сықылды. Ғылым мен технология қарқынмен дамып барады. Заманға ілесем, ұлтымды өміршең етемін, мәңгілік ел болам деушілер атау-терминнен тартып, жазу мен оның ережелеріне дейін пайдалы реформалар жасауға міндетті. Дүниеде қатып семген ештеңе де жоқ. Бәрі де дамылсыз өзгерісте. Өзгеріс ұлт өміршеңдігіне пайдалы болуы керек. Мың жылдың алдына шейін қолданыстағы көне түркі тілі мен бүгінгі тілдерімізді лексикалық тараптан салыстырып көрсек алдыңғысындағы талай сөзді түсіне алу да қиын. Жазуды былай қойғанда.

Жаңа жобамен айналысқан бауырларымның, белсенділігі мен жауапкершілігінен сырт, пернетақтадағы (кейборд) әріптерді өз орнынша сол күйде пайдалануға ұмтылғанына разы болдым. Халқы көп емес елге қарата айтқанда, компьютерді де, оның пернетақтасын да елден бөлек өзінше жасап тіршілік ету үнемшілдікке де, заманауиласуға да үйлесе қоймас.  

Жоба дайындаушылардың дүниеге ортақтау терминдер мен шеттік және қазақтық ономастикондардың тым өзгеріссіз жазылуына мән бергені де құп аларлық. Жуықта таныстырылған екі жобаның алдыңғысында диграфтар қаптаған еді, соңғысында апострафтар қаптады. Мен бұл екі тәсілден бірдей лайықты пайдалану ескерілмегеніне таңмын. Дәйекшенің тым көп болуы талай әурешілік тудырады. Ал, ағылшын тілінде де бар диграфтардың кейінен біз де пайдалануға тиісті едік.

Х пен W әріптерінің сыртта қалғаны тіпті қызық. Мұның бірі Ш үшін, енді бірі У үшін дап дайын тұр емес пе?

Иә, көш жүре түзелсін, бірақ түзелу ұзаққа созылмасын деп тілейік!

 Сұқбаттасқан:  Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғылыми қызметкері