18 мам, 2017 сағат 09:12

Су тасқынынан зардап шеккен СҚО-дағы Рузаевка ауылының тұрғындары баспаналы болды (Фото)

Рузаевка ауылында су тасқынынан зардап шеккендерге алғашқы өтемақыларын төлей бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі өңірлік ОКҚ-ға сілтеме жасап.

Ғ.Мүсірепов атындағы аудан әкімі Владимир Дудовтың айтуынша, облыстық әкімдіктің қорынан табиғи апаттың залалын өтеу үшін 53,5 млн теңге бөлінді. Рузаевка ауылының көмек қорына 19 млн бюджеттен тыс қаржы түсті.


Су тасқыны Рузаевка ауылындағы 12 үйді қиратты. Бұл отбасыларға бюджеттік және бюджеттен тыс қаржы есебінен үйлер мен пәтерлер сатып алып берілді.

Сералиндер отбасы жаңа үйге көшкен алғашқы отбасылардың бірі. Су тасқыны кезінде Эльвира Сералина тек құжаттарын ғана алып үлгерген, олардың басқа дүниелері су астында қалған. Олар үйді ұзақ таңдағанын жасырмады.


«Бізге үш үй көрсетті. Біздің таңдаған үйіміз 2 млн теңге тұрады. Үлкен, кең әрі барлық жағдай жасалған - көлікжай, монша, бақша, бірнеше бөлмелері бар. Үйдің бұрынғы иесі бізге барлық жиһаздар мен техниканы қалдырып кетті. Бізге қолұшын созған барлық адамдарға алғыс айтқым келеді», - деді Рузаевка ауылының тұрғыны Эльвира Сералина.


Лилия Афанасьева да жаңа пәтерде қоныс тойын тойлады. Әйелге бір бөлмелі пәтер тиді. Ол өзінің ескі үйінен жиһаздары мен тұрмыстық техникаларын жаңа баспанасына жеткізіп алды.


Рузаевка ауылының тұрғындарына қолдау көрсету үшін қайырымдылық іс-шарасы өткізілді. Барлығы 9 миллион теңге жиналды. Бұл қаржыға азық-түлік, киім-кешек, аяқ-киім, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника сатып алынды. Рузаевка ауылдық округінің әкімі Игорь Кобялконың айтуынша, ауылда 88 отбасы қиын жағдайға тап болған.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда су тасқыны кезінде 120 үйді су алды, оның 108-і - Рузаевка ауылында, 8 үй Андреевка ауылында, қалғаны Чистополье ауылында орналасқан.