03 мау, 2020 сағат 16:21

Су тасқыны: мақтааралдықтар үшін 400-ге жуық үй салынып жатыр

Бүгін Мақтаарал ауданында әлеуметтік мәселелер жөніндегі жұмысшы топтың отырысы өтті, деп хабарлады өңірлік коммуникация қызметі.

Жиынға Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, Мақтаарал ауданындағы облыстық штабтың әлеуметтік мәселелер жөніндегі жетекшісі Ғани Рысбеков, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, аудандық партия өкілдері, су тасқынынан зардап шеккен ауыл округтерінің әкімдері, құқық қорғау органдары мен аудандық әкімдіктің идеология бөлімінің басшылары мен мамандары қатысты.

Отырыс барысында сөз алған облыстық штабтың әлеуметтік мәселелер жөніндегі жетекшісі Ғани Рысбеков су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың өтемақыларын тездетіп төлеу, бүгінгі жай-күйін жақсарту, тұрғын үй салу кезіндегі қиындықтарын еңсеру, Өргебас, Фирдауси ауылдарындағы қалыпқа келтіру жұмыстарына қолдау білдіру жөніндегі жұмыстарды ширату қажеттігіне тоқталды.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың өтемақысын төлеу жұмысына білікті мамандарды тартып, халықпен тығыз байланыс орнату, түсіндіру шараларын ұйымдастыру керектігін атап өтті.

Мұнан соң арнайы топ Мырзакент маңында бой көтеріп жатқан жаңа мөлтек аудандағы құрылыс жұмыстарымен танысты.

Айта кетейік, бүгінде мұнда 383 үйдің құрылыс жүріп жатыр. Оның 193-і - үкіметтің резерв қаржысына, 190-ы - қорлар есебінен бой көтеріп жатыр. Соның ішіндегі 20 үй «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» қорының қолдауымен салынуда.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев сондағы құрылысшылармен тілдесіп, олардың бүгінгі жай-күйімен танысты.

Қазіргі таңда жаңа мөлтекауданда 188 үйдің іргетасы құйылып, 73-інде қабырға көтеру жұмыстары жүріп жатыр. Тағы екі үйдің шатыры жабылуда.

Құрылыс жұмыстары екі кезеңде жүргізіліп жатыр. Үй салуға қажетті техника мен құрылыс материалдарынан тапшылық жоқ.