17 сәу, 2017 сағат 17:10

Су тасқыны кезінде ұрлыққа жол берілмейді - ҚР ІІМ

ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильиннің айтуынша, бүгінде республика бойынша 1156 үй судың астында қалды. Соның ішінде саяжайлар да бар. Жалпы, 4715 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Ақмола облысында - 1340 адам, Шығыс Қазақстан облысында - 52, Жамбыл облысында - 55, Қарағанды облысында - 1850, Қостанай облысында - 200, Ақтөбе облысында - 1174, ал Солтүстік Қазақстан облысында 44 адам қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Ол адамдардың бір бөлігі эвакуациялық бекеттерде орналасса, қалғандары туған-туыстарында тұрып жатыр. Осы уақытқа дейін 900 адам өз үйлеріне оралды.

«Бүгінде Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында су тасқыны қатты болып тұр. Аталған аймақтарда жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері кезекшілік атқарып келеді. Төтенше жағдайлар комитеті өз тарапынан патруль жасауға қажетті арнайы жүзу құралдарын ұсынды. Сондықтан судың астында қалған үйлерде ешқандай ұрлық-қарлыққа жол берілмейді», - деді Ильин бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, бүгінгі баспасөз мәслиxатында вице-министр бір аптаның ішінде Жабай өзеніндегі судың деңгейі төмендейтінін жеткізді. Сондай-ақ ол министр Қалмұxамбет Қасымовтың Атбасар кентіндегі су тоғанының бұзылуына байланысты қылмыстық істі қозғауды тапсырғанын мәлімдеді. Ал Қарағанды облысында алдағы он күнде су тасқынының беті қайтады деген болжам бар. Вице-министрдің айтуынша, Қазгидромет биылғы су тасқынын дұрыс болжай алмады.