28 там, 2018 сағат 12:27

Стратегиялық картаның барлық индикаторлары бойынша оң өсім қарқыны байқалады - Сүлейменов

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында елдің 2025 жылға дейінгі стартегиялық даму жоспары қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов 2025 жылға дейінгі басты мақсат — адамдардың өмір сүру деңгейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне сәйкес келетін деңгейге дейін көтеруге әкелетін экономиканың сапалы және тұрақты дамуына қол жеткізу екенін айтты. Бұл үшін экономиканың орта есеппен жылына 4,5-5,0% кем емес деңгейдегі өсімі жоспарлануда. Бұл Қазақстанға 2025 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің деңгейін $46 100 дейін өсіруге мүмкіндік береді.

«Жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз ету қойылған мақсаттарға қол жеткізудің қажетті шарты болып табылады. ЖІӨ азаматтардың өмір сүру сапасы мен қоршаған ортаға тигізген зардабын толық көрсетпейді. Осыған байланысты, 30 дамыған елдің қатарына кіру жолындағы прогресті бағамдау үшін және қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін халықтың өмір сапасын және экономиканың өсу сапасын көрсететін басты ұлттық индикаторлар қарастырылған», — деді Т. Сүлейменов.  

Басты ұлттық индикаторлар салаларға бөлінген және халықаралық рейтингтерді қоса алғандағы индикаторларды қамтиды. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының басты ұлттық индикаторларына қол жеткізу мақсатында Стратегиялық карта әзірленді. Онда басты ұлттық индикаторлар, салалар және өңірлер бойынша жыл сайынғы мәндерді көрсете отырып бөлінген.

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов басты ұлттық индикаторларды бөлгенде олардың нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органның үлесі анықталғанын айтты. Салалар және өңірлер бойынша «еңбек өнімділігінің өсуі», «негізгі капиталға инвестициялар» «бақыланбайтын экономика үлесі» сынды үш кешенді индикатор бөлінді.

Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, Стратегиялық картаның барлық индикаторлары бойынша қандай да бір саладағы жағдайды жақсартуға бағытталған оң өсім динамикасы байқалады.

«Жалпы, қабылданған Стратегиялық карта Стратегиялық жоспардың көрсеткіштеріне қол жеткізуге бақылау жүргізуге және жоспарлардан ауытқу кезінде тиісті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Түйінді ұлттық индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін Стратегиялық картаның жоспарлы мәндері тек Стратегиялық жоспарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда түзетілетін болады», — деді ұлттық экономика министрі.

Стратегиялық картаның индикаторларын іске асыру және оларға қол жеткізу барысын мониторингілеу жылына бір рет Стратегиялық даму жоспарын мониторингілеу аясында жүзеге асырылатын болады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Досаев Президент тапсырмасына сәйкес, орталық және жергілікті органдар Стратегиялық даму жоспарының басты индикаторларына қол жеткізу бойынша ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын айтты. Барлық 37 индикатор пысықталуда. Белгілі бір келісімдер жасалды.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев 2025 ж. дейін Стратегиялық даму жоспарының ұлттық индикаторларына қол жеткізу негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.  

Аталған жұмыс орталық және жергілікті деңгейде де орындалуы тиіс. Осыған орай барлық мемлекеттік органдарға және өңірлердің әкімдіктеріне Стратегиялық картаға сәйкес Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын түзету жөніндегі жұмыстарды жылдамдатып, оны іске асыру бойынша шараларды қабылдау тапсырылды.