05 қар, 2018 сағат 09:54

«Startup Genome» компаниясы өзінің тәжірибесін Қазақстанмен бөліспек

Инновациялық технологиялар саласында Қазақстанды АҚШ-пен және Еуропамен байланыстырғымыз келеді. Бұл туралы бүгін «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Startup Genome» бас директоры Жан-Француа Готье білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанға ІТ-технологиялар саласын дамытуға жәрдем беру мақсатында келіп отырмыз. Біз Қазақстанды АҚШ-пен және Еуропамен байланыстыра аламыз. Сонымен қатар, біз барынша кооперативті болуымыз қажет», - деді ол.

Оның айтуынша, «Startup Genome» компаниясы өзінің ІТ-технологиялар саласында жинақтаған тәжірибесін Қазақстанмен бөлісіп, көмек көрсетуге дайын.

«Жалпы, Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуеті өте жақсы. Бұған қоса, елдеріңізде инженерлік және ақпараттық көптеген жоба бар екен. Олар болашақта Қазақстанның инновациялық технологиялар саласының гүлденуіне септігін тигізе алады», - деді Жан-Француа Готье.

Айта кетейік, форумының ашылуында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстан Азия мен Еуропа технологиялық орталықтарының арасында алтын көпірге айналатындығын айтты.

Digital Bridge - Қазақстандағы биылғы жылы өтіп отырған басты инновациялық оқиға

Қатысушылар форумның диалогтік алаңында цифрландыру саласындағы соңғы әлемдік трендтерді талқылап, алдыңғы қатарлы тәжірибелермен және бизнес-модельдермен бөліседі. Форумға халықаралық ІТ-қоғамдастығының негізгі өкілдері, технология саласындағы танылған сарапшылар, кәсіпорын басшылары, технологиялық кәсіпкерлер, сондай-ақ бірқатар елдің мемлекеттік секторларының өкілдері, ғалымдар, цифрлық әзірлемелер саласының мамандары, венчурлық инвесторлар қатысуда.

Форум аясында «Цифрлық экономика дамуының жаһандық тренді жөнінде диалогы» атты пленарлық сессиясы өтеді. Сонымен қатар сессия жұмысына ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Ресей Федерациясының цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Константин Носков қатысады деп күтілуде.