10 там, 2018 сағат 16:40

Станимир Стоилов жанкүйерлерді «Астана» мен «Қайратқа» қолдау көрсетуге шақырды

Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов жанкүйерлерді еурокубок турнирлерінің жауапты матчтарында «Астана» мен «Қайрат» командаларына қолдау көрсетуге шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан футбол федерациясының сайтына сілтеме жасап.

«Еуропалық турнир үшінші біліктілік кезеңдерінің алғашқы матчтарының нәтижесі бойынша, «Астана» мен «Қайрат» қарсыластарынан жеңіліс тапты. Заманауи футболда барлығы  да мүмкін,  сондықтан «Астананың» да, «Қайраттың» да жауапты кездесулерде жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндіктері бар.

Келесі аптада екі клубымыз да бар күшін салып, соңына дейін беріспейтіндеріне сенімдімін. Алайда «Астана» мен «Қайраттың» қарсыластары осал емес екенін ұмытпау керек. Алғашқы матчтар бұған дәлел. Дегенмен, «Қайрат» пен «Астана» екі матчтың нәтижесі бойынша ары қарай өтеді деп сенемін. Қос клутың барлық жанкүйерін футболшыларымызға қолдау көрсетіп, сенімдерін жоғалтпауларын сұраймын!», - деді Стоилов.

Еске салайық, «Астана» командасы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде өз алаңында загребтік «Динамоға» жеңісті берген еді. Алматылық «Қайрат» Еуропа Лигасының дәл осындай кезеңінде чехиялық «Сигмадан» жеңіліп қалды. Жауап матчтар келесі аптада өтеді.