27 сәу, 2017 сағат 15:21

"Сталинизмнен кейінгі сталинизм"

Сталин дәуірі – қанды дәуір. Әсіресе, қазақ үшін. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатып, тышқақ лақ қалдырмай қазақтың малын тартып алып, ашаршылыққа ұшыратты. Ұлт қайраткерлерін қынадай қырып, оқтан аман қалғанын айдауға жіберіп қуғындады. Тіпті олардың отбасы, бала-шағасына дейін «халық жауы» атандырып, сағын сындырып, қоғамнан аластады. Екінші дүниежүзілік соғыста талай боздақ жер құшты. Ұлттың жұлынын зақымдады. Ұлттық психологияға орны толмас зор апат әкелді. Сол апаттан қазақ әлі арыла алмай келеді. Сталинизм салған жара жазылған жоқ. Шошынған ұлт санасы күні бүгінге дейін өз-өзіне келе алмай жүр. Жараның жазылуына мүмкіндік жоқ. Неге десеңіз, Қазақстан ширек ғасырдан астам уақыттан бері Ресейдің ақпараттық кеңістігіне бағынышты күйде өмір сүріп келеді. 

Ал Ресейде Сталин рухы қайта оянып, оны тарихи тұлға, кемеңгер басшы есебінде ұнататын адамдардың саны үш есеге өсіп, Ресей халқының 4 пайызына жеткен. Мұндай жағдайда Ресейге ақпараттық тұтқын болып отырған Қазақстан сталинизм дәуірінен қалған ұлт жарасын жаза ма? Әрине, жоқ. Жазылғаны былай тұрсын, билік ақпараттық кеңістікті қорғауға қабілетсіз болғандықтан, ел азаматтарының белгілі бір бөлігінде Сталинді әлі де жақтайтын топтың барын жоққа шығаруға болмайды. Оның бір дәлелі – мәжіліс депутаты, Қазақстан халық коммунистері партиясының мүшесі Владислав Косаревтің «Лениннің сүйегін Қазақстанға әкеліп жерлейік» деген сөзі. Заң шығарушы жоғарғы орган – мәжілісте отырып осылай айтады. Осыдан кейін қазақ дейтін ұлттың ұлттық халін елестетіп көріңіз енді. Қайта тіріліп жатқан көсемдер, құламаған коммунизм – бүгінгі Қазақстанның бір бейнесі. 

«Сорос» қоры «Сталинизмнен кейінгі сталинизм» тақырыбында бірнеше қоғамдық лекция өткізіп, онда ғалымдар, заңгерлер, тарихшылар сталинизмге жан-жақты тоқталып, тұтас дәуірдің қылмысты хроникасын, психологиясын ашып көрсетуге тырысты. Сол арқылы Совет өкіметінің шеңгелінен шыққанымен, санасы отарсызданбай жатқан Қазақстан сынды елдердің қоғамында серпіліс тудырып, тарихи шындыққа тура қарауды, бағасын беруді үйрету. Соңғы лекциялардың біріне тарихшы Берік Әбдіғали қатысып, ұлт санасының сырқаттану, тарихи шындықтың қоғам санасынан аластатылу жолдары туралы кеңінен әңгімеледі.

Берік ӘБДІҒАЛИ, тарихшы, саясаттанушы:

– Саясаттану мен тарихты бірлікте негізге ала отырып, өткен шақтың тарихи психологиялық астарына үңіліп, жады саясаты туралы айтқым келеді. Яғни халық білмеуі тиіс тарихи оқиғаларды санадан ығыстыру психологиялық феномені жайлы сөз еткелі отырмын. Қандай да бір дүниені санадан ығыстыру үш түрлі жолмен: адамның өз еркімен, мәжбүрлікпен, күшпен жүргізіледі. Мәселен, санадан шындықты ығыстырғанда адамдар айтылған нәрселерді ғана білетін күйге түседі. Ал бүгінгі «Сталинизмнен кейінгі сталинизм» – біз шындықты, шынайы тарихымызды білгіміз келмейді. Мұны өз еркімізбен санамыздан ығыстырып тастадық. Біздің тарихымыздың ерлікке толы және қайғылы беттері санамыздан ығыстырылған. Бейнелеп айтқанда, Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы мәңгүрт образын айтуға болады. Қазақ публицистикасында мәңгүрт тілін, тарихын білмейтін адамға қатысты қолданылады. Мәңгүрт дегеніміз – өзінің ұлттық тарихи тамырынан ажыраған адам. Адамды жадынан айырған жерде ол өзінің қожайынын ғана білетін халге жетеді. Мұндай жағдайды қазақ халқы және Совет өкіметінің отарында болған халықтар басынан өткізді.

Жад басқарылады екен. Біз мұны кейін білдік. Біздің жадымызды Совет өкіметі қолдан құрастырған. Сөйтіп, Совет өкіметі құлағаннан соң, мұрағаттар ашылғанда шындықты, шынайы тарихымыздың қайғылы әрі қызықты кезеңдерін біртіндеп біліп, рухани тұрғыда жаңғыра бастадық. Ұмытылған тарихи тұлғалар қайта оралып, олардың атына аудан, ауыл, мектеп, көше атауы берілді. Мемлекет ұлттық біртектілік үшін және тарихтың халық санасын жаңғыртудағы рөлін ескеріп, бірнеше қадамға барды. 1997 жыл – саяси қуғын-сүргін құрбандарының жылы болып жарияланды. Сол жылы сталинизмнің қасіретін барынша ашып, ашық көрсету үшін үкімет зерттеу жұмыстарына, фильм түсіруге, баспасөзде сталинизмнің ұлтқа әкелген апатын жазуға қаржы бөлді. Кейін «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалды. Яғни мемлекет халық жадын жаңғыртуға, өткеннің шынайы болмысын, шын бейнесін тануға талпынды.

Бір таңғалатыным, бізде ашық тарихи тақырыптың өзіне ешкім қызықпайды. Мәселен, Алаш, Алашорда, Алаш әскері тақырыптарын зерттеуге қызығушылық жоқ. Өйткені бұл дүниелер біздің санамыздан ығыстырылған. Мысалы, мұрағат құжаттары зерттеймін деген ғалымдарға ашық. Әлі де ашуға рұқсат берілмеген НКВД, ОГПУ-ге қатысты құпия құжаттар бар. Басқа тарихи құжаттардың бәрі ашық. Бірақ біздің тарихшыларымыздың өзі жоғарыда айтқан және өзге де тақырыптарды зерттеуге құлықсыз. Осыдан келіп тарихты зерттеуде бірізділік жоқ. Тарихқа қатысты түрлі көзқарастар, пікірлер, таусылмас даулар туындайды. Мысалы, Совет өкіметін біреулер қайғылы, қасіретті кезең десе, енді біреулер оны мақтайды, жақсы болды дейді. Совет өкіметінің құлағаны жақсы ма, жаман ба деген сауал төңірегінде қоғам ойы әлі күнге екі түрлі, екі бөлек. Нақты жауабы жоқ. Ресейді біреулер отарлаушы ел десе, келесі біреулер олай емес дегенді алға тартады. Бұған да қоғамның нақты көзқарасы, ұстанымы жоқ. Күні бүгінге дейін зерттеушілердің ғана емес, қоғамның ішінде де дискуссия жүріп жатыр. Бізде жендет те, жапа шегуші де құрметті орында.

Совет өкіметі қазақ тарихын 1917 жылдан бастады. Солай сендірді. 1917 жылдан бұрынғы күрескер тұлғалар туралы, хандар жайлы айтылмады. Айтуға тыйым салды. Тыйым бұзғандарды соттады, айдады. Оның мысалы – тарихшы Бекмаханов. Кейін Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин қатарлы жазушылардың шығармаларында 1917 жылға дейінгі қазақ тарихы көрініс тапты. Халықтың бойындағы этникалық энергия жарыққа шығудың жолын іздеді. Ал зерттеуге жол жабық болды. Жазушы қаламынан туған дүние көркем шығарма болғандықтан, ол нақты тарихи факт ретінде қабылданбайтыны түсінікті. 2016 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық, фильм түсірдік. Яғни санамыздан әдейі ығыстырылған тарихқа енді оралып жатырмыз. Қазақстан – Қазақ хандығының жалғасы, мұрагері ғой. Алайда бұл жағы бізде толық зерттеліп, айтылмай келеді. Себебі ол санамыздан ығыстырылған.

Қазақ хандығы – Шыңғыс империясының жалғасы. Бұл – факт. Керек десеңіз, дауласпайтын ақиқат. Бірақ біз бұл тақырыпта әлі дауласып келеміз. Қазақ хандығы – Шыңғыс империясының бір сынығы. Мұны айтсаң, кейбіреулер күле қарайды. Мемлекет бұл тарихи тақырыптарды зерттеуге шек қойып отырған жоқ. Бірақ бізге ол тарих қызықсыз. Өйткені ол санадан ығыстырылған тарих.

«Біз немен мақтанамыз?» деген сұраққа тарихшылар бірден жауап бере алмайды. Бізде өз тарихыңмен мақтану жоқ. Ата-анаң, ата-бабаңмен мақтану сияқты әр халық өз тарихымен мақтанады. Біз өз тарихымыздан несіне ұяламыз? Тарихқа зерделі әрі кешенді көзқарас болмағандықтан, «біз кімбіз, қайдан келдік, кім болдық?» деген сауалдар Қазақстанда әлі де басы ашық күйінде тұр. 

Бұл әлі күнге өзекті сауал. «Біз Шыңғыс империясынан шықтық па? Ресей империясынан бөліндік пе?» дейтін сауалдардың төңірегіндегі дау тоқтаған емес. Оған әркім өзінше жауап береді. Осы тұста Алашорданы айта кетейін. Алашорданың негізгі мақсаты Ресейдің құрамындағы автономия жариялау болды. Алашорда қазақтың және Алаш автономиясының аумағында тұратын халықтардың мүддесін қорғауды көздеді. Олар біртектіліктің жаңа атауын тарих сахнасына алып шықты. Ол – Алаш атауы. Бұл – қазақ, қырғыз, башқұрт, қарақалпақ сынды халықтарды біріктіретін атау. Алаш ұраны Қасым ханның тұсында көтерілген. Яғни бауырлас халықтардың бәрін қамтитын атауды Алаш зиялылары алып шықты. Алаш зиялылары Қазан төңкерісіне, большевиктерге қарсы болды. Революциядан кейінгі жылдары олар астыртын іске көшіп, қорғаныс мақсатында өз армиясын жасақтай бастады. Колчактың Сібір уақытша өкіметінің көмегімен Семей, Шығыс Қазақстан, Жетісу жерінде 400 адамдық алты Алаш полкі құрылды. Инструкторлардың бәрі орыс офицерлері болды. Олар большевиктерге қарсы соғысты. Бұл әскери полктар туралы әлі де жарытып ештеңе білмейміз. Совет өкіметі кезінде олардың атын атаудың өзіне тыйым салынды. Ұрпақ алмасқан сайын бұл тарих ұмытыла бастады. Офицерлердің көбі репрессияға ұшырады. Қазақстан тәуелсіздігін алып, Алаш тақырыбы ашылса да, Алаш әскері тақырыбының зерттелуі өте төмен. Тарихтың осындай кезеңдерін санамыздан ығыстырып тастағандықтан, біз тіпті оны зерттегіміз де келмейді. Тарихымызды кешенді зерттеуге қызықпаймыз. Бұл саяси емес, психологиялық нәрсе. Совет өкіметі санамыздан ығыстырған тарихты қазірге дейін қалпына келтіре алмай жатырмыз.

Дайындаған Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ 

"Жас Алаш" газеті