27 ақп, 2019 сағат 15:38

Сөздерді бірге не бөлек жазудың мәселелері

Жаңа мазмұнды Қазақ емлесінің негізгі ережелерін дайындау барысында  біртуар ғалымдар А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбановтың, латын графикасына ауысу идеясының көшбасында болған академик Ә.Қайдар, қазіргі қазақ жазуының ғылыми ортологиялық негізін қалаған аса көрнекті ғалым академик Р. Сыздық, т.б. ғалымдардың ғылыми тұжырым-пікірлері басшылыққа алынып отырғаны құптарлық жай.

Сонымен қатар қазақ жазуының тарихындағы  ғылыми қисындары мен  жазу практикасы, латыннегізді әліпбиді қолданған және қолдана бастаған түркітектес халықтардың тәжірибесі, қазақстандық қоғамдағы қазіргі жазуға қатысты шешімін күткен мәселелер жан-жақты зерделенген. Ережелер жобасында емле ұлттық тіліміздің ерекшеліктері мен заңдылықтарына сәйкес болуына, тіліміздің дыбыстық қорының мүмкіншілігін толық қамтуға,тілдің ұлттық сипатының сақталуына және қазіргі таңдағы қолданыс  ерекшеліктерін ескеруге  ерекше назар аударылған. Осы орайда, жазу емлесіндегі қиын мәселелердің бірі  ретінде сөздерді бірге не бөлек жазу, оның  ғылыми  ұстанымдарын айқындау деп білеміз. 

Қазақ тіл білімінде күрделі сөз сыңарларының әртүрлі мағыналық жағына қатысты мәселелері А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, А.Ысқақов, К.Аханов, М.Балақаев, т.б. ғалымдардың еңбектерінде  сөз етілген болса, сөздердің бірге, бөлек  тұлғалану жайы,  яғни күрделі сөздердің тұрпат межесі туралы Р.Сыздықова, Б.Қалиев, Н.Уәлиұлы  зерттеулерінде талданған екен. Күрделi сөздердiң жазылу емлесi туралы алғашқы  айтылған пікірлерге назар аударсақ,  кезінде Қ.Жұбанов «кiрiккен сөздер»деген атпен «қарақұс», «сармай», «қолғап» сияқты бiрiккен сөздерді мысал ете отырып, оның  өзіндік белгісі туралы  жан-жақты талдау жасағанын білеміз. Ол  қiрiккен сөз болудың  төрт шартын, семантикалық, морфологиялық, синтетикалық, фонетикалық, анықтағанына көз жеткіземіз. Сөздерді біріктіріп,   тұтас тұлғалану үшін, алдымен екі компоненттің байланысына назар аудару керек. Кейде ғылымның әр саласындағы сөздердің мағынасын  түсіну үшін де сол сала мамандарына жүгініп, содан кейіе ғана екі компонент бір-бірімен қандай мағыналық қатынаста тұрғанын дәл анықтауға мүмкіндік болады. Орыс тілінде сыңарлар сабақтасып тұрса сөздер бірігеді, салаласып тұрса компоненттер қосаралық арқылы бөлінеді. Басқаша айтқанда, композиттің бір сыңары жартылай мағыналы сөз болса сөздер бірігеді. БС жасалуының соңғы стадиясы ретінде орыс әдебиеттерінде БС-дің бір екпінге байлаулы болуы көрсетіледі екен.

Жазу емлесіндегі қиын мәселелердің бірі сөздерді бірге не бөлек жазудың басты ұстанымдарын айқындау десек, Қ.Күдеринованың  «Бірге  және  бөлек жазылатын сөздердің орфографиясы» деген монографиясында қазіргі таңдағы құрама сөздердің жазылу емлесі жайындағы  әртүрлі мәселелер  жан-жақты  талданған. Қ.Күдеринова  сөздердің бірге, бөлек таңбалануын анықтау мақсатында әуелі құрама сөздерді тұрпат межесі тұрғысынан босаралықсыз, босарлықпен және қосаралықпен тұлғаланатындар деп үш топқа  бөліп, босаралықпен тұлғаланатын кұрама сөздердің өз ішіндегі ерекшеліктерін таныту мақсатында  лексикаланған тіркес  пен синтаксистік тіркестің айырмашылығы, синтаксистік сөз тіркесі мен  күрделі сөзді  бір-бірінен ажырататын өлшемдер,  олардың  атаулық мәнде  қолданылу белсенділігі туралы мәселелерге талдау жасап, күрделі сөзге анықтама беріп, күрделі сөз бен біріккен сөздің айырым белгілерін көрсетеді. Бөлек таңбалауды қажет ететін тілдік бірліктердің дербес сөз екенін білдіретін синтаксистік кұрылымның ерекшеліктерін бес сатыға бөліп көрсетеді: 1) сөйлем мүшелерінің бөлек тұлғалануы; 2) синтаксистік сөз тіркесі деңгейіндегілердің бөлек; 3) түйдекті тіркестердің бөлек тұлғалануы); 4) фразеологиялық тіркестердің бөлек тұлғалануы; 5) лексикалық синтагмалардың, яғни КС-дердің бөлек тұлғалануы;  Күрделі сөздер табиғаты, орфографиялық создіктердегі жазылуы туралы  әртүрлі пікірлер, олардың  біріккен сөздер сатысының алдында тұрғандығы туралы мәселелерге  ғылыми  тұрғыда  анықтама түсінік берілген.

Қазақ тіліндегі құрама сөздердің бірге, бөлек тұлғалану негіздерін арнайы зерттеу нысанына алған Қ.Күдеринова  тіркесті сөздердің құрамындағы сыңарлардың тұрпат межесі мен мазмұн межесін тұлғаланудың негізі ретінде қарастырады. Құрама сөз сыңарлары  арасындағы қатынасқа,  кемінде екі сөзден тұрып, бір ғана зат не құбылыстың   атау бірлігі болып жұмсалу ерекшеліктеріне қарай отырып, бірігуге сұранып тұрған сөздерді, автордың өз  сөзімен айтқанда, «босаралықсыз жазылатындарды екі белгісіне – формалды және семантикалық белгілеріне – қарай» топтастырады. Тіркесті сөздердің құрамындағы сыңарлардың жазба түрінің мазмұн межесі ретінде оның фонема, морфема  және  морфемалардың универб, предикаттық катынас  мазмұнын, ал  тұрпат межесі  әріп, олардың босаралықпен, қосаралықпен, босаралықсыз таңбалануын танытатынын айта келіп,  БС бен КС-ді тұрпат межесі тұрғысынан босаралықпен таңбаланатыңдар, босаралықсыз таңбаланатындар деп екіге бөліп қарастырады. Формалды белгі ретінде сөздерді біріктіруге жетелеу қызметі бар қосымшаларды «ұластыруыштар» деп, ал мағынасының дерексіздігі, дербес қолданысының сиректігі, талғап жалғануы, жұрнаққа тән сипаттың болуына қарай «аффиксоид құрастыруыш», ортақ стандарт мағына үстеуімен, сандық жағынан  өнімділігімен танылатын  «стандарт құрастыруыш», бүтіннің бөлшегі ретінде басқа көп сөздермен  ортақ байланысып, жалпы мағынада жұмсалатын ұғымды жинақтау қызметін атқаратын «жинақтаушы  құрастыруыш»  деп үш түрлі  «құрастыруыштарды» талдап көрсетеді.

Ғалым сөздің тұрпат межесі мен мазмұн межесін назарға ала отырып, құрама сөздің сыңарларының  тура мағынасы мен ауыспалы мағынадағы қолданыстары арқылы  оларды бірге не бөлек таңбалаудың тиімді жолдарын  ғылыми тұрғыда көрсетіп берді. Тіркесті сөздердің ішкі мазмұн межесі сөздің бірге немесе бөлек жазылуын айқындайды, яғни сөздің сыртқы тұлғасын (тұрпат межесін)  анықтайтынын айтады. Шындығында да, сөздің  мазмұн межесіне назар аударып, сөздің жасалуына түрткі болатын  мағына мен ұғымға бірінші кезекте көңіл бөлінуін дұрыс деп ойлаймыз. Ұғымсыз, мағынасыз ешқандай сөз жасалмайтыны аян.

Мәселен, «ақ аю» сөзінің орфографиялық сөздікте бөлек жазылып тұрған себебі – ондағы «ақ» тура мағынада тұр. Ал «ақбөкен» сөзіндегі «ақ» өзінің тура мағынасынан алшақтап, көмескіленіп кеткен. Сондықтан бұл сөздер бірігіп жазылады екен. Бірге немесе бөлек жазу үшін тіркесті сөздердің жалпылай алғандағы мағыналық ерекшеліктеріне, сыңарлар арасында синтаксистік қатынастың бар,  жоқтығына және сөздердің қолданылу қызметтеріне қарау керек екен.

Демек, сөздердің бірге, не бөлек жазылуын  айқындау  үшін ойлана әрекет жасау керек болады. Тіркес келген сөздер құрамындағы сыңарлар денотативті мағынада (тура мағына-Д) да, коннотативті мағынада (ауыспалы мағына-К)  да  қолданыла береді.  Қ.Күдеринова: «Кәрі жілік, мойын омыртқа дегендер К2К1 немесе К1К2 қатынасқа жетпеген сөздер. Сондықтан олар бөлек жазылады. Өйткені бұлардың екі сыңары да тура мағынада тұр» дейді.  Ал осы тіркестердегі «кәрі» сөзі  «жілік» сөзінің ыңғайымен жіңішке айтылып кеткенін, ол сөздің «қолым талды», «қарым талды», «қарынан егілу» деген қолданыстардағы «қол» мағынасындағы, яғни тура мағынада тұрған сөз екенін бүгінгі жастарымыз  байқауы керек. Мәселенің осы  түсіну жағын қиынсынып, сөздерді бірге не бөлек жазудың ұстанымдарына өкпе айту орынсыз болар еді.

Сондықтан латыннегізді жаңа емле жобасын талқылауда  сөздерді бірге не бөлек жазудың басты ұстанымдарын айқындау  жолындағы Қ.Күдеринованың зерттеулерінің маңызы зор екендігін атап көрсетпекпіз.

Сол сияқты, «беторамал», «қолорамал»  деген тіркестерде, біздің ойымызша,  «бет», «қол»  деген сөздер өзінің тура мағынасынан алшақтап, «кіші», «үлкен»  деген мағынада, яғни орамалдың көлемін анықтап, бірігіп жазылуға сұранып тұрғанын байқаймыз. Мысалы, «Мынауың беторамал емес, қолорамал ғой, қалтама қалай саламын, сыймайды ғой». Бұл «беторамал», «қолорамал»  деген  сөздер  лексикаланған тіркес пе, сөз тіркесі ме, күрделі сөз бен біріккен сөздің айырым белгісі, коммуникативтік бірлік пен  номинативтік бірліктің қай жағын танытады деген мәселелер мамандарды да ойлантып тастайды.

Жазу емлесi ғасырлар бойы бірте-бірте қалыптасқан жазу дәстүрi, жазу тәжiрибесi, жазу  дағдысын қамтитын  өте күрделi құрылым  болып есептеледі. Әр тілдің өзіндік ерекшеліктері мен қоғам дамуына сай тілдің ішкі-сыртқа жағдайларға  қарай дамуы, жаңа сөздермен толығуы сияқты мәселелер  жазу емлесінде дер кезінде ескеріліп отыруы керек. Тіліміздегі сөздік құрамның молаюы, сөздіктерімізде  қамтылатын  атаулардың көбеюі біріккен сөздерге де қатысты болып табылады.

Қорыта айтқанда, сөздердің бірге, бөлек жазылу жазылу мәселесін шешу, автордың өзі айтқандай, «БС, КС және сөз тіркесі тәрізді аса күрделі лингвистикалық ұғымдарының арасын айқындайтын теориялық мәселеге тәуелді». Қазақ жазуы үнемі өзгерiп, емлесi жаңару, толығу үстiнде. Соған қарамастан қазiргi қазақ орфографиясының  өз шешімін күткен қиындықтары да бар. Сөздің сыртқы және ішкі тұрпатының ықшамдылығына деген тілдегі үнемділік заңының нәтижесінде біріккен сөздердің көбейе түсуі қалыпты жағдай болып табылады. Сондықтан тілдің қоғаммен бірге  дамуы барысында, яғни лексикалық қорының толыға түсуінде  біріккен сөздердің үлесі арта түседі. 

Сондықтан, қазіргідей жаңа емле ережелерін негіздеп жатқан тұста, лексикалық қорымыздың толыға түсуі үшін өз үлесін қосып, бұрынғы қалыптасып қалған таптаурын көзқарастарды ысырып тастап, бірігуге сұранып тұрған күрделі сөздердің жолын ашып, сөздердің бірге не бөлек жазылуының теориялық мәселелерін негіздеген  Қ.Күдеринова  зерттеулерінің маңызы арта түседі деп есептейміз.

Садуақас Нұрбол