02 жел, 2017 сағат 07:57

Созақта «Тербетілген Теріскейдің құшағында» атты мерекелік шара өтті

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында Созақ ауданының орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Тербетілген Теріскейдің құшағында» атты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Мерекелік шараның басты кейіпкерлері - Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Абай ғылыми зерттеу институтының директоры, абайтанушы ғалым Жабал Шойынбетов пен Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің филология факультетінінң деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақтан Журналистер одағының мүшесі Нариман Нұрпейісовтің аудан жұртшылығымен кездесуі өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған өлкесіне ат басын тіреген ғалымдар рухани жаңғыру, латын әліпбиі, туған жер тарихы, оның даңқты перзенттері хақында өздерінің естіп білген есті пікірлерін терең толғаныспен әңгімелеп берді. Мәдениет сарайында өткен шараға қатысушылардың дені жастар болғандықтан, туған тіл, жер мен ел тарихы жайлы айтқан ғалымдардың ойлы әңгімелері оларға мол ғибрат бергендей болды.

Мерекелік шараны аудан әкімінің орынбасары Бағдат Айдарбеков ашып, келген қонақтар мен аудан жұртшылығын 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, арнайы келген қонақтардың иығына шапан жауып, ғибратты қонақжайлық танытты.

Сонымен қатар, аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының шағын концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Шарада Құлыншақ Кемелұлы атындағы шығармашылық бірлестіктің төрағасы, ақын Мыңжасар Асқаров, ақын Байділда Айдарбеков құттықтау тілектерін білдірді.

Мерекелік шараның соңында кеш иелері ғалымдар Жабал Шойынбетов пен Нариман Нұрпейісовтер осынау игі шараны ұйымдастырып, күтіп алып, зор құрмет көрсетіп жатқан аудан басшылығына, шараға белсенді түрде қатысып отырған аудан тұрғындарына шынайы ізгі тілегін білдіріп алғыстарын айтты.

- Біз үшін кешегі тарих жылнамасында «Созаққа барсаң, күйшімін деме!» деп мол анықтауыш беріп кеткен Мұхтар Әуезвтің тілімен айтқанда Созақтың өзін "ұлттық код" деп айтсақ болады. Мұнда қаншама қастерлі орындар, киелі жерлер, тарихи ескерткіштер, әулие-әмбиелер жатыр. Бұл тарихи ғибраттарды бойға сіңіре білсек, оның өзі біз үшін ұлттық рухани азық  екені даусыз, - деді ғалым Нариман Нұрпейіс.