12 жел, 2019 сағат 12:00

Сөз зергерлерінің салтанаты

Алматы төріндегі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына және «Қазақ әдебиеті» газетінің жарық көре бастағанына 85 жыл толуына орай алқалы пленум өтті.

Өмірдің өзін, заманның үнін, қоғамның бет-бейнесін сөзбен өрнектеп жүрген қазақ қаламгерлерінің басын қосқан халықаралық деңгейдегі салтанатты жиынға ҚР-ның Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысты.

Салтанатты жиын алдында қазақ сөз өнерінің, қазақ қаламгерлерінің қарашаңырағына айналған Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетілді.

– Қазақ елі қашанда жазушылар қауымдастығын жанына сүйеу, рухына тіреу санайды. Ежелден сөз өнерін кие тұтқан қазақ өткен ғасырдың басында бір ұйымға ұйысқан ақын-жазушылар қауымдастығына да дәл осындай үлкен үміт артқан болатын. 85 жылдық тарихында сөз зергерлері сол үмітті ел сенімінің темір қазығына айналдыра білді. Қазақстан Жазушылар одағының бір ғасырға жуық тарихын тарата зерттейтін болсақ, одан қазақтың қилы кезеңдерімен тұтасып жатқан жүздеген томға жүк болатын қызығынан қасіреті басым, тауқыметті тағдырлардың шежіресін көреміз, – деген Қырымбек Көшербаев елге, қазаққа өлшеусіз қызмет еткен қаламгер қайраткерлер туралы, олардың қоғамнан алған орны, бағасы жайында тереңінен сөз қозғады.

Мінберге көтерілген Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев еліміздің сөз ұстаған, ой толғаған 800-ден астам қаламгерінің басын біріктірген Қазақстан Жазушылар одағының мерейтойымен құттықтады.

– Бүгінгі күн қазақ руханияты үшін қайталанбас ерекше күн. Себебі, «Өнер алды – қызыл тіл» деп білген қазақ халқының ең дамыған, қадір тұтқан қасиетті өнері,  ол – әдебиеті. Өткен ғасырдың алмағайып жылдарында қазақ сөзі, қазақ рухы өз топырағында қиын дәуірді басынан кешірді. Тіліміз саясаттан, қаржы мен сот жүйесінен ығыстырылып, тұрмыстық деңгейде қолданылатын өгей тілге айнала бастады. Ұлтымыздың сан ғасырлық арман-мұратын бойына жиған қазақ сөзінің тап сондай қилы кезеңде барып пана тапқан киелі ордасы – осы Жазушылар одағы болатын. Одақтың ұйытқы болуымен осы жылдарда қазақтың ақын-жазушылары елімізде болған барлық тарихи оқиғалардың алдыңғы шебінен табыла білді. Шығармашылық ұйым бұл күндері де өз дәуірінің, өз қоғамының қозғаушы күші ретінде ұлттық идеяларды насихаттауда тиянақты істерді атқарып келеді.

Қазір Алматы қаласында Одақтың 360 мүшесі тұрады. Біз кең көлемде де, жеке де қаламгерлермен бірнеше мәрте жүздесіп, пікір алмастық. Сондай-ақ, биыл  зиялы қауым өкілдерімен жұмыс жүргізудің жаңа жүйесін енгіздік. Одақтың тікелей ұсынысы бойынша қаламгерлерге 150 грант тағайындалды. Оның 90-ы өз иелеріне жетсе, қалған 60-ын жылдың соңына дейін табыстайтын боламыз. Алдағы жылы іріктелген 20-ға жуық ақын-жазушының кітаптарының жарық көруіне қолдау көрсетеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар өз кезегінде ақын, жазушы, драматургтар мен сыншылардың қаламыздың, тұтастай еліміздің тыныс-тіршілігін көркем бейнелейтін әдеби шығармалар жазуына септігін тигізеді деп ойлаймын, – деді шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев.

Ал ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау лебізін оқып берді.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет ұлтқа қызмет еткен қазақ руханияты мен мәдениеті марқасқаларының ізі, үні қалған, 85 жылдық тарихы бар Жазушылар одағының кешегісі мен бүгіні туралы кең көлемде баяндама жасады.

Бүгінгі таңда Қазақстан Жазушылар одағының 810 мүшесі бар. Оның 360-ы Алматы қаласында, 125-і Нұр-Сұлтан қаласында. Одақтың елімізде қалалық және облыстық 18 филиалы жұмыс істейді.

Қазақстан жазушыларының ұлттық құрамы қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, күрд, кәріс, шешен, беларусь, татар, неміс қаламгерлерінен құралған.

Қазақстан Жазушылар одағының жанында 12 жанрлық кеңес пен бірнеше комиссиясы бар.

Былтыр  Қазақстан Жазушылар одағы Халықаралық деңгейдегі ірі екі іс-шара өткізді. Оның алғашқысы 26-30 тамыз күндері астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ақ ордалы Астанам» атты Халықаралық поэзия кеші. Бұл кешке әлемнің түкпір-түкпірінен белгілі ақындар келді. Бес күнге созылған Халықаралық поэзия кешінде әр ақынға өз өлеңдерін оқытып, телеарналарға бейнероликтер жасақталды. Екінші ауқымды шара – 20-21 қыркүйек күндері өткен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумы. Бұл форумға Ұлыбритания, Ресей, Иран, Әзербайжан, Түркия, Моңғолия, Тәжікстан, Латвия, Молдова, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды Еуразия құрлығының 30 мемлекетінен 40-қа жуық қаламгер қатысты. Сонымен қатар, Қазақстанның барлық аймағынан 100-ге жуық делегат келді. Нұр-Сұлтанда тұратын 150-ге тарта қаламгердің барлығы да Еуразиялық әдеби форумның төрінен табылды.

Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды үш бәйтерегіміздің 125 жылдығын да үндестірген бұл пленумға 8 елдің Жазушылар одағының басшылары, мүшелері келді. Олар да қазақ қаламгерлерінің мерейтойына ықыласын білдіріп, Халықаралық ТҮРСКОЙ ұйымының бастамасымен жарық көрген «Үш арыс» деп аталған кітап-альбомның лентасын қиды.

Сөз зергерлерінің пленумы ән-жырмен өрнектелді.

Нұржамал ӘЛІШЕВА, 

"Алматы ақшамы" газеті