21 сәу, 2017 сағат 12:10

Сөз байрағы Қызылордада

Тұңғыш рет Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ҚР ЖОО арасында «Ең дарынды болашақ журналист» тақырыбында дәстүрлі пәндік олимпиада өтуде. Жыл сайынғы дәстүрлі олимпиаданың мақсаты – ең талантты және бәсекеге қабілетті әмбебап журналистерді даярлау.

Дарындыларды даралайтын, таланттыларды екшейтін білім бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен жалпы 13 команда бақ сынауға келген. Байқауда қатысушы команда мүшелері мен оқытушылары үшін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасымен танысу сапары өтті. Соның аясында «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жұмысы көрсетілді.

«Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ғылым мен жоғары білімді интеграциялау мақсатында аймақтарда осындай зертханаларды ашу туралы ұсынысын жүзеге асыру аясында 2009 жылы құрылды. Зертхана қызметінің негізгі бағыттары, мақсаты және міндеттері - техникалық және пайдалану сипаттамалары бойынша әлемдік стандарттарға сәйкес келетін заманауи зерттеу кешенін қолдану арқылы табиғи және техногенді шикізатты өңдеу аймағындағы ғылыми зерттеулердің деңгейін жоғарылату, заманауи ғылыми қондырғылармен жабдықталған зертхана негізінде біліктілігі жоғары кадрлар мен мамандар (студенттер, магистранттар, PhD докторанттар) дайындауға қатысу, сонымен қатар сараптамалық зерттеу жұмыстарын жүргізу, ғылыми қондырғыларды пайдалану арқылы мекемелерге басқа да ақылы қызмет түрлерін көрсету және білім мен технологияларды коммерциялизациялау мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Айта кетелік, бұл дода журналистика мамандығының сапасын арттыруды, талантты да білімді, үздік студенттерді анықтауды және студенттердің өзіндік ой-көзқарасын қалыптастыру мен креативті ойлау қабілетін арттыруды, журналистік шеберліктерін дамытуды, сондай-ақ, ақпарат ғасырына бейімделген болашақ журналистердің жаңа медианы меңгеру деңгейін байқауды және қоғамдық пікірге үн қоса білуге және өзекті мәселелерді талдауға үйретуді көздейді.

Аталмыш олимпиада 2 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін таныстырса, артынша берілген тақырып бойынша эссе жазды. Ал, 2 кезеңде алдымен журналистиканың негізгі пәндері бойынша тест тапсырып, «Жедел ақпарат» бөлімінде берілген тақырыпты тұщымды етіп жаза біліп, сайттарға орналастыруы тиіс.

«Кереку күні» тобы