25 қар, 2017 сағат 14:02

«Социалистік сыра тұрғанда феодалдық қымызды неге ішесің?!»

Әрбір адам сияқты әр туындының туу немесе жазылу тарихы бар. Бұған да өз творчествомнан мысал келтірейін. Қазақстан Жазушылар одағы 1957 жылдың ортасына дейін Алматыдағы пролетар көшесі, 11-үйде болатын. Сол үйдің подвалында жаз айларында қымыз сатылушы еді. Бір келгенімде (1950 жыл болар) есік алдында қадірмен қаламгерлер, сыйлы ағалар Ғали Орманов пен Ғабдол Сланов тұр екен. 

– Сусаған шығарсыздар, сусын ішелік, – деп екі ағайды қымызханаға ертіп кірдім. Салқын да таза қымызды тартып отыр едік, үстімізге біреуі маған тете, екіншісі өрімдей өрен жас ұлан – екі жас ақын кіріп келді. Тетелесім маған тиісе кірді: 
– Социалистік сыра тұрғанда феодалдық қымызды неге ішесің?! – деп қуырып барады. Мен де есемді жібергім келмеді білем: 
– Әрине, – дедім онша іркілмей, – Нашаға үйренгеннің насыбайға айызы қанбайды... 
Қашаннан қасиетті сөзге, тың тіркеске, лепті түйіндерге құмар Ғалекең қалтасынан қалам іздеп, құнжыңдап қалды. 
– Айналайын-ай, мынау қандай жақсы мақал еді! Естімеген сөзім. Тегі, Арқа жақтыкі-ау, өзі, – деп ақын ағамыз жазып алғалы жатыр. 
– Бұл ешкімдікі де емес. Мына Т.-ға қарсы айтып жатқаным ғой...
Мен де әлгі сөзімді қызғыштай қорып, қойын дәптеріме түртіп алып едім. 
Сөйтіп шалдуар мінезді Т.-ның бір нақылдың тууына себепші болғаны бар.

***

– Халтура мен дарынсыздыққа қарсы күресудің ең әсерлі, ең пәрменді тәсілі, амалы – шығарманы үздік өнерлілікпен өзгеше үлгіде жазу ғой, – деп жүреді менің досым, қырғыздың философ ақыны Сооронбай Жусуев. Рас сөз!

Қыранның шырқау биікте самғағанын көріп, құзғын-қарға өзінен-өзі қаймығады, қыран тұрғанда әуеге көтеріліп, аспанды көлегейлей алмайды да!

Халтураға қарсы шыққысы келген қаламгердің жауапкершілігі де арта бермек, шеберлігі де шыңдала түспек.

***

Біреулер тонналап елге алтын береді. Ол жайында өзі де үндемейді, өзгелер де ләм демейді. Біреулер өліп-өшіп тиын-сиын тереді, елге бергені теңгеге жетпес темір бақырға тең келеді. Сол жайында өле-өлгенше бақырып өтеді! О, тоба! 

***

Қасиетті қарапайымдылыққа бөлеген шығарма сөздері жалтылдақ та емес, жарқылдақ та емес – өз орнында, адамның көзі, мұрны, иегі, қолы сияқты – бәрі де өз орнында. Тайыз пікірді, татымсыз сезімді жалтылдақ сөздермен бүркегісі келетіндердің жамағатқа жақпайтыны осыдан. Себебі: бұның шын аты – жалған сұлулық, әшейін әшекейшілдік.

***

Бір жігіт ауырып, төсек тартып қалыпты. Жұрт көңілін сұрап келгенде теріс қарап, жатып алыпты.
Келушілерге:
– Шүкір, тәуір, әйтеуір, – деп әйелі жауап беріпті. Ауруы жанына батқан, әрі әйелінің «шүкіріне» шыдай алмаған күйеуі:
– Атаңа нәлет, тәуір болсам, тұрып кетпес пе едім?! – деп кейіген екен дейді бірде.
Беу, шіркін, деймін-ау, өзін өтірік мақтаған сыншыларға:
– Уа, ағайын, сенің қолпаштағаныңнан мен көп төмен жатырмын, мынауыңды қойсаңшы, – деген бірде-бір ақынды не жазушыны көрмей-ақ бұ дүниеден өтер ме екенбіз, ә?!

***

Жалаң, бірыңғай жазушылықпен шұғылданатындарға өз басым атымен қызықпаймын. Журналист әрі жазушы тобында болғандардың артықшылығын ашып айтқан абзал. Өз басым Юрий Смоличтың Константин Паустовский турасында айтқанына ден қоям. «Өткен күн мен бүгінгі күн фактыларын журналистің қырағы көзі шалса, оларды шебердің – суреткердің қолы оқушы үшін қайта жаңғыртып береді», – дейді украин жазушысы. Газет пен журналда қызмет істейтін жазушы басқару пунктінде отырған диспечердей барша өмір құбылысынан хабардар.

***

Қазақ халқының XV ғасырда өткен Қазтуған деген атақты жырауы Еділ өзенін мақтағанда:
«Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас», – дейді.
Бұл әсірелеудің классикалық бір үлгісі болса керекті!

***

Абай ағам қызық өзі: қазақ тілінің қашанғы қалыбын ғажаби «бұзып» қолданады-ау, бірақ бұған қарсылық білдіріп кім долданады?! Ол «тірілтті» демей, «өмірімді тіргізген» дейді. Ал Абай ағамның құлағын кесіп көр!

***

Бір ақын «Абай – менің ең сүйікті ақыным», – деп айқайлап жүреді. Ал өз творчествосында Абай гүлінің иісі де жоқ. Міне, саған «шәкірттік».

***

Шығармаға ат қоюдың азабы да аз емес. Шығарманың өз тағдырындай аты да сәтті және сәтсізі болады, соның сәттісі саусақпен санарлықтай аз. Сәтті атты табу үшін сарылып, талай рет творчество тақсыретін шегуің керек. Машинкамен басылғанда бас-аяғы көлемі бес-ақ беттік очеркке Әуезов Мұхтар үш мәрте ат қойып, өзгертіпті. Әңгіме Қарағанды мен Балқаш жұмысшыларының жігерлі қимылы, жеңісті еңбегі жайында «Механиканы аттай айдап, мерзімді мінгіш етіп алған 20-шы сияқты шахталарда буын-буын машина, түйін-түйін тетіктер көп» деп басталған динамикалы жазба. Автор әуелі «Қарағанды мен Балқаш сөйлейді» деп атапты да, артынша өшіріпті. Одан кейін «Қайсар қайрат шахтада» деп ат қойыпты. О да ұнамаған соң, «Конвейерде күй басым» деп бір көріпті. Ақырында «басым» деген сөзді өшіріп, оның орнына одан гөрі салмақтылау, құлаққа жұмсақтау күйлірек «мығым» дегенді алады да, ең ақырында «Конвейерде күй мығымға» тоқтайды. Жалпы, Әуезов дыбыс үндестігіне (ассонансқа да, аллитерацияға да, ішкі ұйқасқа да) аса шебер, әрі құштар. Бұл әлбетте, қалайда осылай жасаймын деген зорлықтай емес, зергерліктен туған інжулер.

Ғалым, ақын Әбділда Тәжібаевтың куәлігі бойынша, У.Шекспирдің «Укрощение строптивой» комедиясын аударған Әуезов Мұхтар пьеса атын қазақ сахнасында премьерасы қойылғаннан кейін ғана тауып, «Асауға-тұсау» деп атаған. Міне, мұнда «асау, тұсау» деген екі сөз ұйқас-үйлесімін ғана емес, мән-мағынаны тереңнен аңғартады.

Толағай талантқа жанасып кеткен жеріңде бір тағылым аласың.

***

Ақын Қасым Аманжолов сияқты құдыреттілер кәдімгі ас қасықты сипатта десең қасиетті деп саналған хандардан да артық қып суреттей алар еді…

***

Лирикалық күнделік. Аманжолов Қасым творчествосы осындай сипатта. Бүгін өзіне не әсер етті, ол соны жазған. Автордың өлеңіне қарап, әр күнде не істегенін, кіммен жолыққанын анық тануға болғандай.

***

Бұл маған дейін жазылып қойған деп қорғаншақтау – таланттың тәжірибе­сіз­дігінен туатын нәрсе не өз күш-құдыретін бағалай алмаудан туатын нәрсе.

Сырбай Мәуленовтің сонау 1950-жылдарда әзіл ғып айтып жүретін бір сөзі бар еді. (Ал әр әзілде ақиқаттың ұшығы бар емес пе?) Сырағаң:

– Мен өлең жазып отырғанда өзімнен асқан ақын болған емес, болған да жоқ, болмайды да деген сенімдемін, – дей беретін. Осы сезім бәрімізге керек.

***

Әбікен Хасенов – біздің тұсымыздағы ұлы күйшілердің бірі – ауырып жатып қалғанда үйіне магнитофон апарып, әл-қуаты бар шағында тартатын барлық күйлері мен төл туындыларын қазақ радиосының музыка хабарлары бөлімінің бас редакторы композитор Өмірбек Байділдаев пленкаға түгелдей түсіріп алыпты. Бұл, міне, азаматтық! Бұл, міне, өнерпаз қадырын ұғынғандық. Болашақ ұрпақтар қамын ойлағандық!

***

«Жөн білетін кісі төл үстінде пышақ қайрамайды» (Бір әженің аузынан).

***

1970 жылы есімі ел жүрегінен мәңгі өшпес өнерпаз Естай Беркімбаевтың 100 жасқа толған тойына ақын Аманжол Шамкенов екеуміз Павлодар облысы Краснокут ауданына бардық. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сату Баймұхамбетов – менің бала күнгі іні-досым. Сатудың үйінен дәм таттық. Шешей әлі тың екен. Сол кісі бізге өткен-кеткеннен біраз әңгімелер айтты:

– Баяғыда біздің ауылда бір жас жігіт – ақын өзінен бір жастай үлкен қызға ғашық болып, қасіретке ұшырады, – деп бастады шешей әңгімесін.
– Өзінен үлкен қызға ғашық болғаны несі екен? – деп отырғандардың дегбірсіз біреуі сөз қосып еді. Үлкен кісі:
– Е, қарағым, оның несіне таңданасың? «Ақыл басқа қарамайды, ғашықтық жасқа қарамайды» деген ғой.
– Апа, мына сөзді өзіңіз айтып отырсыз ба? Кімнің нақылы? – дедім мен.
– Е, айналайын, бұл ертеден бар ескі сөз. Менің бала кезімде естігенім, – деді апамыз.
Міне, керемет сөз керек болса! А.Пушкиннің «Любви все возрасты покорны» деген аталы сөзін мен қазақшаға аудара алмай дал болып жүрсем…

***

Анау алпысыншы жылдары ауру­шаң боп жүргенімде бір дәрігер маған:
– Мамандығыңызды, қызметіңізді өзгерткіңіз келсе, біз куәлік берейік, жеңілдеу бір жұмыс тауып аларсыз, – дегені ғой.
Сонда мен:
– Қазіргі жұмысымнан қалған күні мен үшін тіршіліктің мәні арзандар еді, – дедім.
Дәрігердің көзі бақшиып кетті.
– Өйткені мен – ақынмын. Ақынды өлеңнен, өмірден ажал ғана айыра алады, – дедім қосымша.
Әркім елге ең көп пайда келтіретін орында еңбектенуі керек. Меніңше, менің сондай бірден-бір орным – поэзия, көркем әдебиет. Қолыма қалам алғаныма қаншама жылдар болды, қаламдастарыммен қатар тер төгіп келем, азды-көпті еңбек етіп келем.
Бүгінге дейінгімнің бәрі елдің көз алдында. Әділ төрелігін айтатын да – өз халқым.

***

Сексенге келген кейуана сүрініп кетіп, қайта оңалғанда:
– Кәріліктің алды деген осы, – депті. Жарықтықтың асыл жандылығы-ай, өршілдігі-ай!..

Ескі альбом. Ақын Мұзафар Әлімбаевтың қойындәптерінен,

жазушы Құлтөлеу Мұқаштың фэйсбуктағы парақшасынан алынды