11 там, 2017 сағат 11:58

Сот «АрселорМиттал Теміртау» компаниясынан 36 млн теңгеден астам ақша өндірді

Көмір қорын өндіру және теміржол вагондарына тиеу түріндегі қызметтерді пайдаланған  «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы фирмаға 36 миллионнан астам ақшасын төлемеген.

Осыған орай сот қала түзуші кәсіпорынның келісімшарттарын орындауын талап етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Сот барысында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының тапсырысымен «ПромТехнология» фирмасы кен аршу жұмыстарын жүргізіп, көмір қорын өндіргендігі анықталды. Сонымен қатар, көмірді теміржол вагондарына тиеген.

Бұл жұмыстар келісімшартта көрсетілген. Алайда, «АрселорМиттал» АҚ өз міндеттерін орындамай, тиісті ақшаны төлеген жоқ. Осыған байланысты фирма оны сотқа беріп отыр.

«Компания келісімшарттарын бұзғандықтан, сот фирма талаптарын  толықтай қанағаттандырды.  «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ына 36 миллион 777 мың 327 теңге көлеміндегі қарызын өндіру үкімін шығарды», деп хабарлады Қарағанды облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты.