09 там, 2019 сағат 14:59

Сот "800 мың теңгеге әскери билет сатқан" аға сержантқа айыппұл салды

Семей гарнизонының әскери соты Екібастұз қорғаныс істері бөлімінің инспекторы Қасымбаевты алаяқтық бабымен айыпты деп танып, 7,6 миллион теңге (19 500 доллар) айыппұл салды және аға сержант шенінен айырды. Бұл туралы 9 тамызда жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Айыптау актісіне сай, Қасымбеков қызметін пайдаланып әскерге шақырылған тұрғыннан «әскери билет әперемін» деп 800 мың теңге (шамамен 2 мың доллар) пара алған.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Айыпталушы апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар. Егер сот үкімі күшіне енсе, ол айыппұлды үш айда төлеуі тиіс. Қазақстан заңнамасына сай, айыппұл үш ай мерзімде төленбесе, сотталушы бас бостандығынан айырылады.

Қасымбеков мамыр айының соңында ұсталып, оның үстінен Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен іс қозғалған.

Қазақстан Қылмыстық кодексінің 366-бабында пара алғандарға мүлкін тәркілеу, өмір-бақи мемлекеттік қызметтен шеттету, 7-12 жыл түрме жазасына кесу жазасы қарастырылған. Немесе парамен ұсталғандар, ақша жымқырғандар шығынды 60-70 есе көп көлемде қайтаруы тиіс.