16 ақп, 2017 сағат 08:40

Сөреде отандық баспа өнімдері неге аз?

ХХІ ғасыр адамзат алдына үлкен таңдау мүмкіндіктерін туғызып отыр. Солардың бірі – оқып, ізденуді қажеттілік деп тапқан азаматтарға, оқушылар мен студенттерге, жалпы кітапқұмар жандарға арналған кітап түрлері.

Бүгінгі күні техника мен технологияның шарықтап дамуы, кітапты аудио­нұс­қада тыңдап, электронды нұс­қада және қағаз бетінен оқу­ға арнап шығару дәстүрін қа­лыптастырған. Мұндағы аудио­кі­таптың көптеп шығуы үнемі қо­лы босамайтын, әсіресе көлік жүр­гізушілер мен зағип жандар үшін ерекше игілікті бас­та­ма болғаны баршаға аян. Бір ға­на мысал, әлемге әйгілі тенор Андреа Бочелли өзінің ноут­бугіне үш мыңнан астам ау­дио­кітап көшіріп алып, үнемі кі­тап «оқып» ұйықтайтынын айт­қан екен.

Электронды кітап түрлерінің пайда болуы да неше түрлі гаджет қолданатын, кітапхана мен кітап дүкендеріне бас сұғып, кітап алуға мүмкіндігі бола бер­мейтін азаматтарға үлкен мүм­кіндік болғаны айтпаса да тү­сінікті. Кітаптардың цифрлық жүйе­ге көшірілуі арқасында бү­гінгі күні оқырмандарға бір пай­дасы – іздегенін қолындағы смар­т­фон мен компьютерден-ақ тауып алып, кез келген жерден сүйікті шығармасын экраннан оқып, рухани азық алады. Десе де, кітап, баспа өнімдері заман кө­шінен қалмақ емес.

Осы орайда, 2013 жылы Жапония астанасы Токиода өт­кен Халықаралық кітап жәр­мең­ке­сінде жария болған мына бір қоғамдық сараптама нәтижесі мән беріп ойлануды қажет етеді. The Japan Times қоғамдық газеті жариялағандай, Жапонияның «ВookLive» компаниясы көр­ме қарсаңында сауалнама жүр­гі­зіп, көпшіліктің кітаптың қан­дай түрін құп көретінін бі­луге талпынған. Сауалнама нә­ти­жесі бойынша, 20 мен 30 жас ара­лығындағы жапондардың 70 пайызы кітаптың қағаз тү­рін­дегі нұсқасын оқығанды жақ­сы кө­ретінін айтқан. Ал зерт­теу­ші­лерді таң қалдырғаны, 70-тен асқан адамдардың қағаз-кітапқа құ­марлығы жастарға қарағанда анағұрлым төмен болыпты. Яғни, жасы 70-тен ас­қан жапондардың 50 пайызы ға­на баяғыша қағазға басылған кі­тапты артық санайтынын айтқан. Демек, кітап мәселесінде қарт адамдардан гөрі жастар кон­­сер­ва­тизмге жақын, яғни кі­­тап­тың сан ғасырлық дәс­түр­лі тәсілмен таралған түрін қол­дай­ты­нын білдіріп, тағы бір үл­кен зертт­еу жұмысына негіз бо­лар­лық сұрақ тудырған.

Сонымен, техникасы мықты дамыған, роботтың неше түрін шығарып, электронды-цифрлық құралдардың қиял жетпес жаңа түрлерін қолданысқа енгізіп жатқан Жапония жастарының өзі кітаптың қағаз түріндегі нұсқасын оқығанды артық санайды. Ал бізде ше? Біз дақпыртқа еріп, көптеген газет-журналдарды жауып, баспа, кітап басу ісіне де тым немқұрайлы қарап кеткен жоқпыз ба?

Бұлай сұрақ қоюымызға не­гіз бар. Біздің елімізде кі­тап саудасымен айналысатын мекемелердің жылдан-жыл­ға қысқаруы осы сөзіміздің ал­ғаш­қы дәлелі болып табыла­ды. Ай­талық, 2014 жылы елі­міз­де кіт­ап сататын мекемелер са­ны 169 болса, 2015 жылы ол көр­сет­кіш 160-қа түсіпті. Ал 2016 жы­лы экономикалық дағ­да­рыс та­ғы біраз кітап сату ме­ке­ме­ле­рінің жұмысының тоқ­тауы­на түр­ткі болды. Ал ең өрескелі, елі­­міздегі әртүрлі кітап сату ме­ке­мелеріндегі тауарлардың, яғни кітаптардың 65-90 пайызы Ресей басылымдары. Бұл, әлбетте, кітап басу ісі шабандап, кітап тиражы кеміген елде бос кеңістікті басқа елдің өнімдері толтырып жатқанын көрсетеді.

Осы орайда, Қазақстанда бү­гі­нгі күні кітаптың орташа та­ралымы 3325 дана болып отыр­ғанын айта кету қажет. Олар­дың қатарында небәрі 300, 500, 1000, 2000 данамен шыққан кітаптар да бар. Ал тиражының көптігі бойынша статистикалық көрсеткіш былай дейді. Мәселен, 2015 жылы 1481 кітап 5 данадан бастап, 100 данаға дейінгі ти­ражбен шыққан. 1739 кітап 10 данадан бастап 500 данаға дейінгі таралыммен тараған. 631 кітап 501 данадан 1000 данаға дейінгі тиражбен, 1001 кітап 1001 дана мен 5000 дана тиражымен, 143 кітап 5001 данамен 10000 дана аралығындағы тиражбен, 303 кітап 10 001 дана мен 50000 дана аралығындағы ти­ражбен, 62 кітап 50 001 дана мен 100 000 дана аралығындағы ти­ражбен және 4 кітап 100 000 да­надан жоғары тиражбен шық­қан. Бұлардың арасында ең көп ти­­ражбен шыққан кітаптар, әри­­не, білім мекемелерінің оқу құ­рал­дары мен жоғары оқу орын­да­рының салалық баспа өнім­дері…

Сексен жылдан бері Қазақстан Республикасының Ұлт­тық мем­­лекеттік кітап пала­та­сы елі­міздегі кітап басу ісі мен кі­тап таралымы мәселесін қа­д­а­ғалап, қазақстандық бас­па өні­мдерінің мұрағат қорын қа­лып­тастырумен жұмыс жасап ке­леді. 2015 жылы біздің ме­кемемізге еліміздегі баспа мен баспа ісімен айналысатын 394 ұйымнан 5508 жаңа кітап ке­ліп түскен. Алайда, жарыққа ш­ық­қан кітап тираждарының аз­дығы, олардың еліміздің бар­лық аймағына жетпейтіні, барлық кітап сату мекемелеріне түс­пейтіні ендігі ұрпақтың жат идеологияның шырмауына тү­сіп кету қаупін тудырады. Бұ­лай деу себебіміз, елі­міз­дегі оқыр­мандардың қандай кі­тап­тарға қызығушылық таны­тып жү­р­генін анықтау мақ­са­тын­да мамандар арнайы сау­ал­на­­ма жүргізген. Нә­ти­же­сінде, бі­­рінші орындағы оқыр­ман­дар қазақ әдебиетінің клас­сик­­­терін – Абай, М.Әуезов, М.Мақатаев, І.Есенберлин, т.б. шы­ғармаларын сүйіп оқитынын біл­діріпті. Екінші топтағылар ХХІ ғасырдағы қаламгерлер – Ә.Нұршайықов, М.Шаханов, О.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, т.б. тұлғалардың кі­таптарын ықыласпен оқиды. Ал «Сүйікті кітабыңыз қандай?» де­ген сұраққа көптеген оқу орын­дарының студенттері Д.Роулингтің «Гарри Поттер» ту­ра­лы кітап сериялары мен «Абай жолын» және «Көшп­ен­ді­лерді» атаған…

Төл әдебиетімізде небір бі­ре­гей туындылар бола тұра, жас­тар­дың басым көбінің «Гарри Поттерді» сүйіп оқимын деуі, әри­не, көңілге аздаған кірбің ұя­латады…
Біздің қаламгерлеріміз «Гарри Поттер» сынды бала­лар мен жасөспірімдерді қы­зық­тыратын дүниелер жазбай жүр ме? Әлде жазса да олар­дың таралымы, насихаты аз болып жатыр ма? Ал жас­тарымыз өз туған тіліндегі әде­биетпен сусындай алмаса, олар­ға үлгі-өнеге боларлық төл әде­биетіміздің кейіпкерлерін са­ралап бере алмасақ, біз ертең ұлт­тық тәрбие, ұлттық салт-сана жал­ғастығы тұрғысындағы өз мін­детімізді орындадық деп айта ала­мыз ба?..

Әрбір жас өзіне кітапты серік етіп, салмақты ой мен ұлт­тық сана қалыптастырып, ізгілікқұмар болып өсуі үшін ең алдымен кітап саудасымен айналысатын мекемелерді отандық өнімдермен толық қамтуды ойластыру қажет шығар?..

Толқын САЛМЕНБАЕВА,
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары

"Егемен Қазақстан" газеті