09 қаз, 2017 сағат 12:12

Соңғы бес жылда ең төменгі деңгейде еңбекақы алатындар 30 пайызға азайды - Дүйсенова

Экономиканың базалық салаларында жұмыс берушілер еңбек үшін үстеме жұмысқа екі есе жоғары көлемде төлеп жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжілістегі Үкімет сағатында  мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Бүгінде ең төменгі еңбекақыны белгілеу рәсімін құру туралы Қазақстан ратификациялаған Халықаралық еңбек ұйымы конвенциясының ережесін жүзеге асырудамыз. Жалақыны төмен мөлшерде алатын жұмысшылардың санына жүйелі түрде мониторинг жүргізілуде. Мониторинг нәтижесі бойынша соңғы бес жылда ең төменгі деңгейде еңбекақы алатын адамдардың саны 30 пайызға азайды. Еңбекті төлеудің ең төменгі стандарттары мөлшері бойынша түнгі уақыттағы, демалыс және мейрам күндердегі жұмыс аясында Еңбек кодексін әзірлеу мен талқылау барысында көп пікір айтылған болатын. Ұжымдық шарттар мен экономиканың базалық салаларындағы кәсіпорындарда еңбекті төлеу жүйесіне жасалған мониторинг әлеуметтік диалогтың қисындылығын көрсетті. Бүгінде олар аталған төлемді екі есе жоғары көлемде белгілеген. Ал жұмысшының айлық еңбекақысы мөлшеріне тоқталсақ, оны жұмыс берушілер қызметкерінің біліктілігіне қарай, сондай-ақ орындалатын жұмыстың қиындығын, көлемін әрі сапасын ескере отырып белгілейді. Осы талаптар аясында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қызметшілердің еңбегін төлеудің жаңа моделі енгізіліп, оның нәтижесінде олардың жалақысы орташа алғанда 30 пайызға жоғарылады»,-деді Т. Дүйсенова Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Бұдан бөлек, министр Еңбек кодексінің жаңа моделін іске асырудың негізгі қорытындыларын атады. Екі жылда еңбекті қорғау мен қауіпсіздік бойынша қолданыстағы 430 стандартқа инвентаризация жүргізіліп, оңтайландыруға жататын стандарттардың тізімі айқындалды. Қайта қарау нәтижесінде, 122 еңбек стандарты мен  11 еңбекті қорғау және қауіпсіздік стандарты жаңа нормаларға сәйкес келтірілді. Еңбек стандарттарын жаңарту бойынша жұмыс 2021 жылға қарай аяқталмақ.