21 қыр, 2017 сағат 10:25

Соңғы 7,5 жылда елімізде бір ғана бағдарлама бойынша 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

Елімізде соңғы 7,5 жылдың ішінде Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 5,1 трлн. теңге болатын 1060 жоба қолға алынып, 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылған. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өткен партиялық тыңдауда белгілі болды.

Индустриалды-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы жөнінде баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек тек осы жылдың өткен 8 айында ғана 489,8 млрд. теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылып, 3,9 мың жұмыс орны ашылғанын айтты.

Мұның бәрі Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі екенін айтқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Мемлекет басшысының әлемнің ең дамыған алпауыт елдеріне жасаған ресми сапарларының нәтижесінде елімізге бүкіл дүниежүзіне танымал аса ірі компаниялар келіп, экономикамызға миллиардтаған доллар инвестиция салды және ең озық технологияларды әкелді. Сондықтан партия Елбасы тапсырмаларының уақытында орындалуын ерекше бақылауда ұстайды», – деді.

Жалпы Сайлауалды бағдарламаның барлық 12 бағытын, соның ішінде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру барысын партиялық комиссия орталық және жергілікті деңгейде үнемі бақылап, тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Іс-шарада Партиялық мониторингтің нәтижелері жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов баяндап берді.

Партиялық тыңдауға «Нұр Отан» партиясы Парламент Мәжілісіндегі фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко, Мәжіліс депутаттары, «Индустриалды даму» бағытындағы партиялық комиссия мүшелері, бірқатар вице-министрлер және бейнебайланыс арқылы барлық облыс әкімдіктерінің өкілдері қатысты.