17 сәу, 2017 сағат 10:08

Солтүстік Қазақстан облысында ондаған үйді су басты

Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданында бірнеше өзен арнасынан тасып, үш ауылда ондаған үйді су басты, - деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына қарағанда, кеше ауданда Жембарақ өзені тасып, салдарынан кешке қарай Рузаев ауылында 185 үйді су басты. Ауылдан 578 адам, оның ішінде 110 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Рузаев ауылында барлығы 14 көшені су алған. 92 бас мал қырылып, 2000-ға жуық бас мал қауіпсіз жерге көшірілді.

Аққанбұрлық өзені тасып, Чистополье ауылында 19 үй су астында қалды. 54 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Сонымен қатар осы аудандағы Шарық өзені де арнасынан шығып, Раисовка ауылында 30 үй су астына кетті. Бұл ауылдан 70 адам мен 110 мал үй жануары қауіпсіз жерге көшірілді.

Рузаев ауылында 1389 үйде 3904 адам, Чистополье ауылында 814 үйде 2329 жан тұрады. Раисовка ауылында 220 үйде 775 адам тұрады.

Су басқан ауылдарда төтенше жағдайлар қызметінің оперативті штабы жұмыс істеп жатыр. Су тасу салдарынан Көкшетау-Рузаев тас жолы жабылған.