14 жел, 2017 сағат 14:42

Соғыста өлген қазақстандықтардың балалары сириялық лагерьлерде босып жүр

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызметі Сирияда қалған қазақстандық балаларды анықтау шараларын жүргізіп жатыр. Олардың ата-аналары әскери қақтығыстарда қайтыс болған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қазіргі кезде Сирияда қалған қазақстандық балалар туралы нақты мәліметті ешкім бере алмайды. Ұлттық қауіпсіздік қызметінде де ондай дерек жоқ. Себебі шетелге шығу - Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығы. Олардың қалай және қай мемлекет арқылы әскери аймақтарға барып жатқанын ешкім бақылап жатқан жоқ. Ондай азаматтар консулдық тіркеуге тұрмаса, оларды елге қайтару қиын. Ал әскери қақтығыстарда қайтыс болған қазақстандықтар аз емес. Олардың балалары босқындар лагерьлерінде қалды. Қазіргі кезде біз сол балаларды анықтау бойынша тиісті шараларды атқарып жатырмыз", - деді ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мадиев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, қазақстандық балаларды табу оңай шаруа емес. Себебі олардың ішінде кішкентай балалар да бар.

"Олар қайдан және қашан келгенін айта алмайды. Себебі әскери қақтығыстар аймағында жүргендеріне үш-төрт жыл болды. Сол жерде туған да шығар. Қазіргі кезде біз құзіретті органдармен бірлесе отырып, ол балаларды қайтару бойынша арнайы жоспарды даярлап жатырмыз. Әрине, оларды дерадикализациялау жағын да ойластыруымыз қажет. Өйткені ондай азаматтарды бейбіт өмірге бейімдеу керек. Негізгі мәселе - сол жақта қалып қойған балаларды идентификациялау. Бәлкім, телеарналардың біреуі ондай лагерьлерге барып, екі-үш жақсы репортаж түсіріп көрсетсе, осы жақтағы туған туыстары танып қалатын шығар. Сонда тиісті құжаттарды рәсімдеп, эвакуациялау шараларына кірісуге болады", - деп атап А.Мадиев.