27 мау, 2017 сағат 14:51

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" жұмысшылары экологиялық төлем талап етті

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының жұмысшылары жалақыларына қосылатын экологиялық төлемнің тоқтатылғанына наразылық білдіріп тұр. Ақтөбе, 27 маусым 2017 жыл.

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының Арал экологиялық апат аймағында тұратын ондаған жұмысшысы 27 маусым күні Ақтөбеге жиналып, наразылықтарын білдірді. Мұнайшылардың айтуынша, биыл ақпан айында қытайлық инвесторлар экологиялық апат аймағында тұратын жұмысшылардың жалақысына қосымша берілетін 50 пайыздық төлемді тоқтатып тастаған.

- Бізге төлемнің тоқтатылатыны туралы алдын ала ескертілді. Бес күннің ішінде жаңа келісім шартқа қол қоймасаңдар, жұмыстан кете беріңдер деді. Мойнымызда несиеміз бен бала-шағамыз болғандықтан лажсыздан қол қойғанбыз. Бірақ жалақымыздың азайғанынан әбден қиналып кеттік. Ақпан айынан бері шағым айтып бармаған жеріміз жоқ, - дейді осы компанияға қарасты "Октябрь" мұнай газ басқармасының жұмысшысы Ерлан Әбдіғалымов.

- 1997 жылы "Ақтөбемұнайгазды" қытайлық инвесторлар алған кезде жағдайымыз жақсарады деп үміттенгенбіз. Бірақ күткеніміздей болмады. Сол жылдары біздің жалақымыз долларға шаққанда 600 АҚШ долларына тең болатын, қазір – 300 доллар. Сол жылдары баррелі 12 доллар болған мұнай қазір 50 доллар. Бірақ біз оның игілігін көріп жатқан жоқпыз, - дейді Арал экологиялық апат аймағына жататын Шалқар қаласының тұрғыны, мұнайшы Шамиль Тухватуллин.

Ақтөбенің Шалқар ауданы, Қызылорда облысының Арал, Сексеуіл елді мекендерінен мұнай кенішеріне қатынап, вахталық әдіспен жұмыс істейтін бұл азаматтар "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Заңның 13-бабына сәйкес 2017 жылдың ақпан айына дейін жалақыларына қосымша төлем алып келген. Жұмысшылардың айтуынша, "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының басшылары компания табысы азайып кеткенін айтып, жүздеген жұмысшыға берілетін қосымша төлемді тоқтатқан.

Азаттық тілшісі "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының баспасөз қызметінен осыған орай түсініктеме беруін сұраған болатын. Компания бұл мәселеге комментарий беру үшін ресми сауал жолдауды талап етті.

Азаттық