21 мам, 2019 сағат 07:25

Smart city: Ақылды қалалар адам өміріне қалай әсер етеді?

Бүгінде әлем халқының саны 7,6 млрд-қа жетіп жығылды. Соның 55 пайызы қалаларда тұрады. БҰҰ-ның болжамы бойынша, 2050 жылы жер бетіндегі қала халқының үлесі 68 пайызды құрайды. Мұның салдарынан қалалық қызметтерге деген сұраныс одан сайын артады, кедергілер мен қысымдар ұлғая түсетін болады. Экономистер болса қалаларда әлемдік экономиканың 70 пайызы шоғырланғанын айтып отыр. Бұл көрсеткіш неғұрлым артатын болса, ірі салаларды басқару соғұрлым қиындайды. Осы кезде ақылды қалалар дамыған елдерге әкімшілік істерін басқаруға жәрдемдеспек.

Smart қалаларға тоқталмас бұрын «ақылды қала деп нені айтамыз» деген сауалға тоқталып өтейік. Әдетте, ақылды қалалардың экономикасы жоғары, басқару жүйесі жүйеленген, инфрақұрылымы жетілген, барлық талаптарға сай болады. Тұрғындары да цифрлық тұрғыдан сауатты әрі жаңашылдыққа бейім келеді. Критерийлеріне келер болсақ, 4G мобильді байланысы, Wi-Fi-ға кіретін көп нүктелері, ақылды паркинг, жол қозғалысының оңтайландырылған жүйесі, мемлекеттік қызметтердің онлайн форматта қолжетімділігі, азаматтардың азаматтық позициясының белсенділігі, қоқыс қалдықтарын өңдейтін аппараттары және т.б. белгілері болады.

Интеллектуалды ғимараттардың пайда болуы кезеңіне көз жүгіртер болсақ, «smart city» түсінігі 1950 жылдан бастап қолданыла бастады. Оны қолданған америкалық экономист Питер Друкер деген азамат екен. Бұл ұғым қала құрылысын салар кезде жазылған еңбек көрінеді. «Менеджменттің тәжірибесі» деп аталатын туындысында экономист smart city-ге былай деп анықтама берген: specific – нақты,  measurable – өлшенетін, achievable – қолжетімді, realistiс – шынайы, timed – белгілі бір уақытта. Алайда, іс жүзінде бұл концепция бірнеше жылдан кейін ғана қолданылды. Яғни, 1984 жылы АҚШ-та «City Place» деген атаумен салынып шықты. Онда бейнебақылау жүйесі, қауіпсіздікті қадағалайтын жабдықтар, өздігінен жұмыс атқаратын аспаптар болған. Тек қазіргідей ақпараттық жүйелер болмаған. Одан кейін 1993 жылғы Силикон алқабында пайда болған smart city «ақылды өсу» концепциясына ықпал еткен. Ал қазір әлемнің 2500-дей қаласы ақылды қала концепциясын қолданады. Оның ішінде бұл жүйені басынан бастайтын қалалар мен кезең-кезеңімен орындап келе жатқан қалалар бар.

Әлемдік тәжірибе: Smart city бойынша көшбасшы қалалар

 Фото: robo-hunter.com

Сингапур: ұшқышсыз автомобильдерді күту үстінде

Азиядағы қала-мемлекет саналатын Сингапур – технологиялық тұрғыдан әлемдегі көшбасшы ел. Мұндағы «Smart Nation» бағдарламасы ресурстарды басқаруға көмектесуде. Бұл қаладағы ақылды қаланың ең негізгі элементі – ақылды көше қозғалысы. Сол себептен мұнда көлік кептелісі атымен жоқ. Өйткені, көшенің барлық қиылысында ақылды бағдаршамдар, транспорттық ағынның сыйымдылығын бақылап отыратын датчиктер орнатылған. Ал ақылды көлік тұрақтары бос орындар туралы ақпараттарды көлік иелеріне хабарлап отырады. Бұған қоса, бұл ел цифрландырудың арқасында электронды сауданы дамытты. Ашық және жариялы үкіметті қалыптастырды. 

Фото: robo-hunter.com  

Лондон: Транспорттық проблемалармен күрес

Бұрын Лондонда транспорттық мәселелер көп болатын. Көлік тұрақтары да тапшы еді. Содан 2002 жылы транспорттық реформа болып, көлік тұрақтары ақылы режимге көшіп, артынша смарт жүйеге өтті. Осылайша, аталған саладағы түйткілдер өз түйінін тапты.

Бүгінде Лондон қаржылық және техникалық хаб бойынша, Еуропа елдерінің арасында 2-ші орынға ие. Бұл көрсеткішке олар смарт-сити концепциясының арқасында қол жеткізді. Мұнда да Сингапурдағыдай ақылды көлік тұрақтары бар. Ол 2014 жылдан бері қолданыста. Ал 2002 жылдан бері төлем жүйесі толықтай цифрлық форматқа көшкен. Қазіргі таңда олар 5,4 млн долларды дәл осы транспорт саласын дамыту үшін бөліп отыр. Осылайша бұл қала тарихи қателіктерді жоюға талпынып, жаңа жүйеге толықтай өтіп жатыр.

Фото: robo-hunter.com

Нью-Йорк: қоқыстан бастап транспорттық ағынға дейін

Нью-Йорк өзінің қауіпсіздік жүйесіндегі жаңашылдықтарымен танымал. Қала тұтастай бейнекамералармен қамтылған. Көшелерінде құқық бұзушылық пен келеңсіздіктерді жазып алып, бірден полицияға хабар беретін арнайы сенсорлар орнатылған. Қала орталығы «BigBelly» зияткерлік қоқыс жинақтарымен қамтамасыз етілген. Олар қоқыс тасушысын жіберу уақыты келгенін айтатын датчиктермен жабдықталған. Сондай-ақ, смарт-технологиялар көшені жарықтандыруда да кеңінен пайдаланылып жатыр.

Қазақстандағы ақылды қалалар: Smart Astana, Smart Almaty

Қазақстандағы ақылды қалаларға тоқталмас бұрын олардың әлемдік ахуалда, халықаралық рейтингте алар орны туралы деректерге тоқталсақ. 

«Ақылды» қалалардың жаһандық рейтингіне Қазақстан қалаларынан 2 мегаполис еніп отыр. Олар – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Нұр-Сұлтан қаласы 2018 жылы «IDC Smart City» деп аталатын әлемдік ақылды қаланың жетілуін бағалайтын модельде 2.48 балды алды. Бұл көрсеткіш бойынша ең цифрлық мемлекет саналатын Сингапурдың өзі 4,4 балды алған. Әлемдегі ең жайлы әрі әдемі қала – Дубай болса, 3,6 балды иемденген. Ал көршілес Мәскеу 3,6 балға ие болған. Өз кезегінде еліміздегі миллионер қала саналатын Алматы ақылды қала категориясы бойынша көптеген қалалардан оқ бойы озық тұр. Әлемнің 165 қаласы қатысқан жаһандық рейтингте Санкт-Петербург, Рио-де-Жанейро, Кейптаун сынды ірі қалаларды артқа қалдырып, 118-ші орынға табан тіреді.

Бұлардың ізін шала Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды қалалары да әлемдік рейтингте алдағы жылдарда топ жаратыны сөзсіз. Неге десеңіз, бұл 3 қала да smart city жобасын енгізу үшін таңдалып алынған өңірлер болатын. Бүгінгі таңда осы бағытта бірқатар маңызды жұмыстар атқарылу үстінде.

Жалпы айтқанда ақылды қала концепциясы бойынша Қазақстан аймақтары мынаған ұмтылады: Нұр-Сұлтан – қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын одан сайын жандандыруға, Алматы – көлік саласын тиімді басқаруға, Шығыс Қазақстан облысы – экология мен бизнесті дамытуға, Жамбыл облысы – қауіпсіздік саласын күшейтуге, Батыс Қазақстан облысы – денсаулық сақтау мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын оңтайландыруға, ал Оңтүстік Қазақстан облысы – білім беру саласын жақсартуға ден қойып отыр.

«Smart Astana» жобасының арқасында елордада мынадай көрсеткіштерге қол жеткізілді:

Нұр-Сұлтан қаласында медициналық ұйымдар ақпараттық жүйелермен 100% қамтылды; интернет желісіне де 100% қосылды; 8101 дәрігер мен мейірбике қызметкері ақпараттық жүйені пайдаланады; 24 833 электрондық форматта радиологиялық диагностикалауды зерттеулер жүргізілді; 30 933 электрондық стационарлық парақ шығарылды; 17 мың бала 1-ші сыныпқа электронды жүйе арқылы қабылданды; 28 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйымдардың өтініштері автоматты түрде өңделді; 6 мың оқушы колледждерге онлайн-өтінім беру арқылы қабылданды; Білім саласы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету 3-5 күннен 5-10 минутқа дейін қысқарды. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының саны 15%-ға азайды; жол-көлік апаттарынан жарақат алу саны 16%-ға азайды; жол-көлік оқиғаларының салдарынан қаза болу саны 48% төмендеді; 200 көше қиылысында 2400 камера бар орнатылған; қаланың ғимараттары мен нысандарында 800 жалпы бақылау камералары орнатылды.

Ал Алматы қаласында «Smart Almaty» жобасының арқасында мынадай көрсеткіштерге қол жеткізілді: медициналық ұйымдар ақпараттық жүйелермен 100% қамтылып, интернет желісіне 100% қосылды; 1 749 577 тұрғынның электрондық денсаулық төлқұжаты толтырылды; 81 386 электрондық форматта қызмет көрсетілді; 100% мектептер интернетпен қамтылды; 16 IT-сынып ашылды; 100% «Күнделік» жүйесі қолданылады; 100% ақпараттық жүйелер және гаджеттермен жабдықталды; қамтамасыз ету үшін 115 мыңнан астам камера қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді.

Қорытындылай кетсек, интеллектуалды қалалар болашақта өз маңызын жоймайды. Себебі, дәл осы ақылды қалалар арқылы пайдалы ресурстардың жаңа көздерін ашу оңай болады. Бұл бір десек, екіншіден цифрлық мегаполис IT-секторының дамуына баға жетпес табыс әкеледі. Үшіншіден, ол қазіргі тәуекелдер мен шындықтарға жауап бере алады. Төртіншіден, азаматтардың талап-тілектері орындалып, жайлы өмір орнайды. Бесіншіден, мемлекет экономикалық тұрғыдан қуатты, әлеуметтік тұрғыдан әлеуетті елге айналады.